Аймақтар • Кеше

Сырдағы бастамаларға жоғары баға берді

40 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қызылордаға Жамбыл облысындағы Меркі ауданының өкілдері келіп, өңірде атқарылып жатқан жұмыс барысымен танысты. Жамбылдықтармен жүздесуде облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев өңіраралық байланыстарды артты­руға әрдайым дайын екенін айтып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық көрсеткішіне тоқталды.

Сырдағы бастамаларға жоғары баға берді

«Бір ай бұрын облысымыз­ға Жамбыл облысы әкімінің орынбасарлары бастаған делегация келген болатын. Сол сапарда екі­жақты байланыстың негізгі мәсе­лелері талқылан­ған еді. Бүгін со­ның жалғасы ретінде Меркі ауда­ны­нан келген әріптестерімізбен кездесіп отырмыз. Екі өңір ауыл, мал ша­руашылығы, кәсіпкер­лік пен туризм салаларында әріп­тес­тік орната алады. Егінші­лік, ет өнімдерін өндіру бағытын­да да бірлесіп жұмыс жасауға мүмкіндік мол. Қызылорда об­лысының бюджеті 2022 жылы 364 млрд теңге болса, қазір 823 млрд теңгеден асты. Бұл қаражат аймақтағы өзек­ті мәселелерді шешіп, тұр­ғын­­­дар­дың өмір сүру сапа­сын жақ­сартуға, ірі инфрақұ­ры­лым­дық жобаларды іске асыру­ға бағытталып отыр. Биыл 96 жо­баның құрылысына бюджеттен 166 млрд 800 млн теңге бөлініп, 2022 жылмен салыстырғанда 8 есе артты. Осы­ның арқасын­д­а құрылыс жұ­мысы бойынша біздің өңір республикада үздіктер қатарын­да келеді», деді облыс әкімі. Сыр бойына сапармен келген делегация жетекшісі, Меркі ауданының әкімі Ербол Жиенқұлов өздері­не көрсетіл­­ген құрметке ризашы­лық білді­­ріп, бірлесіп жұмыс ат­қа­руға дайын екенін жеткізді.

Сапар аясында меркіліктер­­ге қала әкімі Нұржан Ахатов облыс орталығындағы бірқатар әлеу­меттік, мәдени және спорт­тық ны­сандарды таныстырды. Биыл ғана бой көтерген «Сыр жұлдыздары» инновациялық-шығармашылық академиясы қонақтардың көңілінен шықты. Қаладағы кең көшенің бойынан орын тепкен академия тәулігіне 3 мың оқушыға дейін қабылдай алады. Мұнда бассейн, топтық жаттығу бөлмесі, көркем гимнастика және фитнес залы орналасқан. Сондай-ақ үстел ойындарына арналған кабинет, жекпе-жек, үстел теннисі залдары бар. 

Көркемдік-эстетикалық ба­ғыт­та кескіндеме, сурет салу, резин арт бөлмесі, балалар шы­ғар­машылығы шеберханасы, сән­дік-қолданбалы өнер, FabLab, дыбыс жазу студиясы, роботтех­ника және жасанды интеллект, биотехнология, 3D модельдеу, КИП және автоматтандыру, ки­берспорт және математика ка­­бинеттері жұмыс істейтін орта­лық­­ты баланың жан-жақты да­муына жасалып жатқан қолдау­дың айқын көрінісі деуге болады.

рег

Жамбылдық қонақтарға Прези­дент саябағындағы жаң­ғырту жұмыстары, «Отбасы ор­талығы», Достық үйі ғима­ра­ты, «Қызылорда Арена» спорт ке­­шенінің құрылысы мен «Өнер орталығы» таныстырылды. Меймандар Сырдағы тари­хи шаһардың қазіргі заман кел­бетімен үйлескен бейнесі мен ин­фрақұрылымдық жетіс­тік­терді жоғары бағала­ды. Қайта жаңғыртудан өткен орталық алаң­дағы жаңа сәулеттік шешім­дер, жарықтандыру жүйесі және кеңейтілген демалыс ай­мақтары қонақтар көңілінен шықты. 

Тәуелсіздікке 25 жыл даң­ғылын кеңейту жұмыстарына жақсы баға берген делегация мүшелеріне 11 мың орындық жаңа стадион құрылысын­да­ғы инфрақұрылымның ауқым­дылығы мен сәулеттік үйлесі­мі ұнады. Меркіліктер «Қан орта­лығы» мен физика-математика бағытындағы лицей-интернатын өңірдің білім беру және денсау­лық сақтау салаларын дамыту­дағы жаңа бетбұ­рыс ретінде бағалады. Облыс­тық тарихи-өл­ке­тану музейін­дегі өңірдің бай тарихы мен мәде­ни мұраларынан Сыр­дың бұрынғысы мен бүгінгісі туралы дерек алды.

Сырдария ауданына қарас­ты Бесарық ауылында жал­ғас­­қан сапарда аудан әкімі Берік Сәрменбаев делегация мүше­лерін ауылдың әлеуметтік-эконо­микалық және мәдени нысанда­рымен таныстырып, жүзеге асқан жобалар туралы баяндады. Жам­былдықтар осы сапарда Нағи Ілия­сов ауылында да қонақ болды.

Аудандағы Бесарық пен елі­міздегі ең үздің туристік ауыл­дар қатарындағы Нағи Ілиясов ауылы – шағын өндірістік алаң­дары бар елді мекендер. Алғаш­қысында  «Абай-Дәулет» серік­тес­тігінің бас­тамасымен фри зауыты, «Ауыл аманаты» жобасымен наубайха­на, кондитерлік және жартылай да­йын өнім цехтары, жұмыс қол­ғабы, шұлық, пластик ыдыс­тар, ­сабын, ағаш бұйымдары өн­діріс­тері өз жұмысын бастаған.

Ал 90-жылдары тозып, көп ауылмен бірге күй­реу­­дің аз-ақ алдында қалған Нағи Ілиясов ел­ді мекенінің қай­та еңсе тіктеуі­не «Абзал и К» серік­тестігі сеп болды. Қазақ­стан­ның Еңбек ері Абзал Ерәлиев басқаратын компания кү­ріш шаруашылығын дамытып, тұр­ғындарды жұмыспен қам­тып отыр. Меценат ауыл­дағы мәде­ни-әлеуметтік ғима­раттарды жаң­ғыртып, кейбірін жаңадан салды. 

Озық ауылдардың даму үлгі­сімен танысқан қонақтар тұр­ғын­дардың табысты бастамаларына ризашылық білдірді.

 

Қызылорда