
Бүгінде полигон құрылысының 90 пайызы аяқталған, биыл қыркүйек айында пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Партияның сайлауалды бағдарламасы аясында салынып жатқан жаңа нысан Қарағанды облысындағы экология мәселесін шешуге бағытталған.
Абай қаласындағы полигон әкімшілік ғимараты, медициналық пункті және қызметкерлерге қажет барлық инфрақұрылымы бар толыққанды кешен ретінде салынып жатыр. Мұнда қуаттылығы жылына 15 мың тонна болатын қалдықтарды сұрыптау желісі жұмыс істейді. Пластикті қайта өңдеуге арналған пресс-станоктар мен жабдықтар қарастырылуда. Шикізатты уақытша сақтауға арналған алаңдар мен қалдықтарды көмуге негізделген траншеялар бар, сондай-ақ нөмір бекіту жүйесі бар электронды автомобиль таразылары орнатылған.
Нысанды қалдықтарды жинау, сұрыптау және қайта өңдеу жұмысымен айналысатын арнайы кәсіпорын пайдаланады. Абай ауданында жаңа жұмыс орындары ашылады. Тұрғындардың экологиялық қауіпсіздігіне кепілдік беріліп, қоршаған ортаның жай-күйіне заманауи бақылау жасалады.
Никита Шаталовтың айтуынша, полигон құрылысы – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаңа экологиялық мәдениетті қалыптастыру және заманауи өңдеу технологияларын енгізу бойынша берген тапсырмаларын жүзеге асырудың жарқын дәлелі.
«Қатты тұрмыстық қалдықтарға арналған заманауи полигон салу экологиялық жағдайды едәуір жақсартуға, озық өңдеу технологияларын енгізуге және қосымша жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Бұл – өңірді дамыту және тұрғындардың тұрмысын жақсарту ісіне қосылған үлкен үлес. Осындай жобалар біз үшін аса маңызды. Бұл – сайлаушыларға берген уәдеміз орындалып жатқанының нақты көрінісі», деді депутат.
Бұдан басқа, «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында Қарағандыда қатты тұрмыстық қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарататын зауыт құрылысы көзделген. Ал облыс аумағында 2027 жылға дейін сұрыптау желісі бар тағы 6 қатты тұрмыстық қалдықтар полигонын салу жоспарланып отыр.