Тұлға • Бүгін, 08:13

Қаламгер қазынасы

30 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Уақыт ұзаған сайын, соңында іздеушісі жоқ талай жақсының есімі жадымыздан өшіп, көңілімізден көшіп барады. Сондай адамдардың бірі – қуғын-сүргін құрбаны, жазушы, аудармашы, ақын, сатирик, сазгер Қадыр Тайшықов.

Қаламгер қазынасы

Қадыр – Баянауылдағы Әулиелі Қызылтау елінің тумасы және жазушы Жүсіпбек Аймауытұлының аталас туы­сы. Жүсіпбектің ұлы атасы Дәнде­бай мен Қадырдың үшінші атасы Ноғай – бір­ге туған ағалы-інілі адамдар. Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы жазбаларында Қуанбай Танашбайұлы деген кісінің атын бірнеше жерде атап өтеді. Осы Қуанбайдан – Молдабай, Дәндебай, Ордабай, Ноғай атты төрт ұл туған. Жү­сіпбек осы Дәндебайға немере болса, Қадыр Ноғайға шөбере. Енді Қадырдың өзіне келсек, өкінішке қарай, ондай қа­ламгерді бүгінде арнайы ізденген ­кісі болмаса, көпшілік біле бермейді. Қу­ғын-сүргінге ұшыраған талай жақсы­лар ақталып, қатарға қосылып жатқан­да, Қадыр Баспақұлы есімі әлі де көзден тасада қалып келеді. Уақытында проза, поэзия, сатира, балалар әдебиеті, көркем аударма секілді жанрларда бірдей қалам тартқан Қадырдың жан-жақты дарын иесі болғанын өзінің замандастары, белгілі ғалым Бейсенбай Кенжебаев пен жазушы Жайық Бектұров еске алып жазады.

Баянның Қызылтауында 1900 жылы дүниеге келген ол әке дәулетінің арқа­сында Баянауыл мен Керекудің, Қар­қаралының школаларында оқып, біраз білім алады. Бір айта кететін жайт, Қа­­дырдың бұрынғы жазылған өмір­бая­нында «қызметін 1928–1932 жылда­ры бас­тады» деп жазылады. Бірақ ол қызмет жолын одан сәл ерте­рек бастаған. Атап айтсақ, 1920 жылдар­дың басында Қаныш Сәтбаевтың Баянауыл жерінде судья болғанынан хабардармыз. Сол уақытта Қадыр судья хатшысының көмекшісі болған екен. Осылай Қаныштың қасын­да аз уақыт еңбек етіп, тәжірибе алған Қадыр Семейге барады. Өткен ғасыр­дың жиырмасыншы-отызыншы жылдары қазақ зиялыларының ішінде Семей топырағын баспағаны кемде-кем. Семей ол кезде жарыққа ұмтылған көбелек секілді, ғылым мен білім іздеген қазақ бала­сының бас қосатын рухани орталығы болғаны әркімге аян. Бұл жерді Қадыр да айналып кете алмаған. Семейдегі мұрағатта Қадырдың губревкомда аудар­машы болып істегені туралы құжат сақталған. Күні 1925 жылдың 4 қазаны деп көрсетіліпті. Жиырмасыншы жылдары бұл жерде Нәзипа Құлжанова, Кәрім Тоқтыбаевтармен бірге Жүсіпбек Аймауытұлы да аудармашы болып еңбек еткен. Кейін Жүсіпбек губернияның «киротделіне» Мұхтар Әуезовтің орынбасары болып ауысады. Сол кезде аталас туысы Қадырды өзінің орнына қойып кетуі әбден мүмкін. Қадыр Семейде тек аудармашы болып қана қоймай, тырнақалды туындыларын жазып, сол жердегі басылымдарға берген. Және болашақ аудармашы-әде­биетші осы жерде алғаш орыс тіліндегі құжат­тар­ды тәржімалап, аударма ісінен біраз тәжірибе жинақтаған секілді.

Дегенмен білім алсам, оқысам деп арман қуған Қадыр Семейде көп аялдамай, 1926 жылы Ташкенттегі Орта Азия мемлекеттік университетіне ба­­рып түседі. Бірақ оны аяқтауға мүмкін­ді­гі болмаған. 1928 жылы оның соңы­­­нан «бай баласы» деген қағаз келіп, оқу­дан шығарылады. Сөйтіп, Ташкент­тен қай­­тып келгесін, оның тұтқындал­­ған­­ға дейін­гі 9 жылдай ғұмыры тек әде­биет ­пен бас­пасөз төңірегінде өткен. Сол ­жыл­­дары Қадырдың сатира­лық әңгімелері, ­өлең­дері «Еңбекші қазақ», «Лениншіл жас», Семейде шығатын «Қазақ тілі» газет­терінде, «Жаршы», «Жаңа әдебиет», «Балға» журнал­дарын­да үзбей жария­ланып тұрады. 1927 жылы «Еңбекші қазақ» газеті сатиралық шығармаларға ар­найы конкурс жариялап, оған 103 фелье­тон түсіп, соның ­12-сі бәйгеге іліккен екен. Осы дүбірлі жарыста бас бәйге – «Мұсылман ұлы­ның қамшысы», «Үш тарау», «Меруерт­тің сыры» атты туындылары үшін ­Қадыр Тайшықовқа беріледі. Екінші бәй­гені Аманғали Сегізбаев алса, үшінші бәй­ге Бейімбет Майлинге тиіпті.

Қадырдың өндірте айналысқан бір саласы – көркем аударма. Сол уақытта ол Н.Гогольдің «Өлі жандар», «Шинель» секіл­ді шығармаларын, Д.Фурманов­тың «Чапаев» романын, А.Чеховтің, М.Зощенконың әңгіме­лерін, М.Коль­­цовтың «Иван Вадимович өз дә­ре­же­сіндегі кісі» атты туындысын ауда­рады.

Қадырдың аударма саласындағы аталмай жүрген тағы бір еңбегі – ­М.Шо­лоховтың «Көтерілген тың» романы. Осы эпопеяның бірінші томын ол белгілі аудармашы Хасен Өзденбаев­пен бірігіп аударған. Бүгінде Алматы­дағы Ұлттық кітапхананың сирек кітаптар қорында Қадырдың сол уақытта шыққан кітаптарының бір-бір данасы сақтаулы. Мен сол жерден «Көтерілген тыңның» қазақша аудармасын тауып алып, бетін ашсам, «аударғандар: Х.Өзденбаев... деп» және екінші бір адамның аты-жөні қара бояумен сызылып тасталыпты. Қалта орамалымды сулап алып, ақырын­дап бояуды өшіріп көріп едім, астынан «Қ.Тайшықов» деген жазу шыға келді. Сол кездегі қатыгез саясат еш жазығы жоқ азаматтың аты-жөнін өзі аударған кітап­тардың бетінен де өшіріп тастаған екен.

Бұдан бөлек, 1935–1937 жылдары Қазақ­стан көркем әдебиет баспасынан Қадыр­дың «Күлмеске не?» деген сықақ әңгіме­лер мен фельетондар жинағы және «Ок­тябрь ұшқыны», «Аңшы Қалжан» атты позалық кітаптары басылып шығады.

Осылай әдебиет пен баспасөз саласында аз ғана уақыт қана еңбек еткен Қадыр «ұлтым» деген талай жақсының жолын кескен қуғын-сүргіннің қан­ды қасабынан аман құтыла алмайды. ­1937 жылдың желтоқсан айында жанал­ғыштардың құрығына ілініпті.

Біздіңше, соңында мол мұра қал­дырған Қадыр Тайшықов жан-жақты зерттелуі керек.

 

Сайлау БАЙБОСЫН,

ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері