Аймақтар • Бүгін, 11:52

Кентау қысқа дайын ба?

30 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Түркістан облысында алдағы жылу беру маусымына дайындық жұмыстары жоспарға сай жүргізіліп жатыр. Өңірде соңғы жылдары қыс айларында жылуға қатысты мәселе Кентау қаласында жиі көтеріліп келген болатын, деп жазады Egemen.kz.

Кентау қысқа дайын ба?

Бұл орайда аппарат отырысында өңірдегі жылыту маусымына дайындық барысын баяндаған облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов Кентау қаласындағы жылу энергетикалық кешенін жаңғырту бағытында 2024-2025 жылдардары басталған 6 қазандықтың қайта құру жұмыстарын аяқтауға қаржы қаралғанын атап өтті. Қазандықтардың техникалық бөлігінің құрылыс-монтаж жұмыстары толық аяқталған. Қазіргі таңда №5, №6 қазандықтардың технологиялық процестерді басқарудың автоматтандырылған жүйесін орнату жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Сонымен қатар 950 метр жылу желілерінде құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталуға жақын. Бірінші кезек бойынша ішкі орам жылу желілерін қайта құру мақсатында 4,2 шақырым желіні ауыстыру жоспарланса, нақты 5,5 шақырым желі ауыстырылды. Жоспар 130% артығымен орындалды. Ал, ІІ кезек бойынша ішкі орам жылу желілерін қайта құру жұмыстарымен 44,2 шақырымды қамту жоспарланып, бүгінде оның 30,5 шақырымы ауыстырылды. Ал Созақ ауданы, Қыземшек кентінде №2 және №3 қазандықтарды ауыстыру жоспарланған. Сондай-ақ, №4 және №6 қазандықтарда жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жоспарланған 3,4 шақырым құбырдың 2,4 шақырымы ауыстырылған. Одан бөлек, Таукент кентінде жалпы ұзындығы 1,3 шақырым құбырды ауыстыру жоспарланып, қазіргі уақытта оның 400 метрі ауыстырылыпты. Бұл жұмыстарды жылыту маусымы басталғанға дейін толық аяқтау көзделіп отыр.

Өңірде 2025–2026 жылдарға арналған жылыту маусымына 600,6 мың тонна көмір қажет болса, қазіргі уақытта көмірмен қамтылу көлемі – 132,8 мың тонна. Бұдан бөлек, 28 кәсіпкерлік субъектісінің қоймаларында 90,6 мың тоннаға жуық көмір қоры бар. Облыстық бюджеттік мекемелерде жылу беру маусымына дайындық жұмыстары жүйелі атқарылуда. Дегенмен өңірде тұрғындар мен жылыжайлардың көмірмен қамтылу деңгейі әзірге төмен. Мысалы, жергілікті тұрғындарды көмірмен қамту деңгейі 18% болса, жылыжайлар көмірмен 7% қамтылған.