Сұхбат • Кеше

«Жауапкершілік пен сапа – білімнің басты бағдары»

40 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Педагогтердің дәстүрлі Тамыз кеңесінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев білім саласының алдағы бағытын айқындап берді. Президент оқулықтардың сапасын қатаң сараптау, қала мен ауыл мектептері арасындағы теңсіздікті еңсеру, ұстазды елдің болашағын қалыптастыратын басты тұлға ретінде қолдау, «Адал азамат» атты тәрбиелік бағдарламаны енгізу және цифрлық трансформацияны жеделдету секілді бірнеше маңызды басымдықты атап өтті. Осы айтылған міндеттерді кәсіби қауым қалай қабылдап отырғаны жөнінде «Arman-PV» баспасының бас директоры Дидара Алинамен сұхбаттасқан едік.

«Жауапкершілік пен сапа – білімнің басты бағдары»

– Мемлекет басшысы Тамыз кеңесінде оқулықтардың сапасын қатаң сараптау жөнінде атап айтты. Сіздің ойыңыз­ша, бұл талап білім саласына қандай жауапкер­ші­лік жүктейді?

– Бұл – өте жоғары жауапкершілікті талап ететін қағида. Өйткені оқулықтағы немесе әдістемелік материалдағы бір ғана қате мың­даған балаға әсер етеді, ал оны түзету оңайға соқпайды. Мемлекеттік сараптама мен бекітілген бағдарламалар – негізгі тірек. Ал авторлар мен баспалардың, соның ішінде «Arman-PV»-ның міндеті – мазмұн мен әдістемеге, тілдік сапаға барынша мұқият қарау. Біз жобаларымызда қосымша тексеру, апробация кезеңдерін енгізіп отырмыз. Осылайша, сараптамаға ұсынылатын материалдар жан-жақты тексеріледі.

– Ауыл мен қала мектептері арасындағы теңсіздік әлі де өзекті мәселе. Президент те бұл түйт­кілді шешуді басты міндеттердің бірі ретінде атап өтті. Осы бағыттағы ең үлкен қиындық неде?

– Инфрақұрылым бойынша елде айтар­лық­тай жұмыс атқарылып жатыр: көптеген жаңа мектеп салынып, ауылдағы білім ошақтары жаңар­тылды. Дегенмен сапалы білім беру үшін тек ғимарат жеткіліксіз, оқу материалдарына да бірдей қолжетімділік қажет. Бұл – оқулықтар тек цифрлық орта дамыған жерде ғана емес, интер­неті әлсіз ауылдарда да қолжетімді болуға тиіс дегенді білдіреді. Осы мақсатта біз «Ekitap.kz» плат­формасын дамытып келеміз. Ол интернет бар кезде онлайн, интернет әлсіз жағдайда офлайн режімде жұмыс істей береді. Мұндай «қос қол­­жетімділік» үлгісі – баспа оқулықтары мен цифр­лық базаны қатар пайдалану арқылы қала мен ауыл оқушыларына тең мүмкіндік ұсы­нады.

– Мұғалім елдің болашағын қалыптас­­ты­ратын басты тұлға. Ал оқулық – әрі оқушы үшін, әрі ұстаз үшін негізгі құрал. Осы тұр­­ғы­дан алғанда, оқулықтарды қандай талап­тар мен өлшемдерге сүйеніп дайындайсыздар?

– Қазіргі ұстаз жас ұрпақтың ойлау жүйесін, құндылықтарын қалыптастырады. Сондықтан оның пайдаланатын материалының сапасы маңызды. Біз оқулықтарды мұғалімге кәсіби тұрғыдан көмектесетін құрал ретінде дайын­даймыз: онда түрлі деңгейге арналған тапсырмалар, ойландыруға бағытталған бөлімдер, сондай-ақ цифрлық қосымшалар бар. Мұның бәрі ұстазға сабақты сыныптың деңгейіне және нақты мақсаттарға қарай тиімді құруға мүмкіндік береді.

– Мемлекет басшысы «Адал азамат» атты тәрбиелік бағдарламаны жариялады. Оны оқу үдерісіне қалай енгізуге болады?

– Тәрбие ешқашан білімнен бөлек қаралмауға тиіс, ол білім берудің өзегіне айналуы керек. Оқулықтардың ішінде баланы ойландыруға, таңдаудың салдарын түсінуге жетелейтін тапсырмалар, қоғамда маңызды саналатын құндылықтарды бірге талқылауға арналған сұрақтар, туған жердің тарихы мен мәдениетіне құрметті қалыптастыратын бөлімдер болуы шарт. Мұндай мазмұн оқушыға дайын жауап ұсынбайды, қайта оның санасына ой салады, пікір айтуға үйретеді, жақсы мен жаманды саралай білуге баулиды. Егер осындай элементтер оқулыққа енгізілсе, оқушы өмірлік жағдайларды талдап, өзіндік қорытынды жасай алатын болады. Бұл әдіс жас ұрпақтың бойында жауап­кер­шілік, әділдік, мәдениетке құрмет сияқты қасиеттерді қалыптастырады. Сонда ғана тәр­бие бағдар­ла­масы жалаң сөз болып қалмай, күн­делікті сабақтың ажырамас бөлігіне айналады. 

– «Қауіпсіз мектеп» пен буллингтің алдын алу мәселесіне де ерекше көңіл бөлінді. Осы тұрғыда баланың қолындағы оқулық маңызды құрал бола ала ма?

– Әрине. Оқулық қарым-қатынас мәдениетін қалып­тастыруға ықпал ете алады. Мәтіндер, диа­логке құрылған жаттығулар, өмірлік жағдайларды талқылау арқылы балаларды бір-біріне құрметпен қарауға үйретеді. Ал цифрлық ортада оқушының жағдайын дер кезінде байқататын кері байланыс құралдарын енгізуге болады. Бірақ ең маңыздысы – мұғалімнің ком­муникация мен психология саласындағы біліктілігін арттыру. Бұл ретте оқу-әдістемелік құралдар да көмек бере алады.

– Президент цифрландыру мен иннова­ция­лардың маңызын айрықша атап өтті. Бұл қадам білім саласына қандай өзгеріс әкеледі?

– Цифрландыру нақты тиімділік үшін жасалуы керек. Электронды ресурстар баспа оқулығының мүмкіндігін кеңейтіп, мұғалімге аналитикалық мәлімет беру, интерактивті тапсырмалар ұсыну, сыныптағы оқушылардың дамуын бақылауға мүмкіндік жасау арқылы қосымша қолдау көрсетуге тиіс. Қазір біз «SmartAI» жүйесін енгізу бағытында жұмыс істеп жатырмыз. Бұл құрал оқушының деңгейіне қарай тапсырмаларды автоматты түрде іріктейді, жиі кез­десетін қателерді талдайды, сараланған шешім­дер ұсынады.

– Биылғы Тамыз кеңесінің түйіні қандай болды деп ойлайсыз?

– Ең бастысы – жауапкершілік. Мемлекеттің жауапкершілігі – стратегияны айқындап, қажетті ресурстарды қамтамасыз ету. Мұғалімдер мен баспалардың жауапкершілігі – білім жүйесін сапалы мазмұнмен толықтыру. Қоғамның жауапкершілігі – ұстаз еңбегін қадірлеу. Осындай үйлесімде ғана Президент айтқан болашақ мектебін құра аламыз.

 

Әңгімелескен –

Айтолған ЖҮНІСХАН,

«Egemen Qazaqstan»