Өндіріс • Бүгін, 08:58

Әдемілікке әр беретін «TAUDI»

50 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Лактап бояу бағытында жұмыс істейтін «TAUDI» кәсіпорны – бүгінде нарық­тағы бағытын айқындаған ұжым­дар санатында. Зауытқа бас сұқ­қанда көргеніміз – кәдімгі қапқа салын­ған ұнтақ-ұн. Сырт көзге төменгі сортты бидай ұны тәрізді көрінеді. Мамандардың айтуынша, бұл кәдімгі тас ұны екен. Зауыт мүмкіндігі тас ұнын ғана емес, мәрмәр тас ұнынан да неше түрлі бояу шығаруға жетеді.

Әдемілікке әр беретін «TAUDI»

Бас маман Арман Имашевтің айтуынша, өнім құрамының 80%-ы елімізде өндіріледі. Шикізаттың дені іргедегі Жамбыл облысынан, Талдықорған жақтан жеткізіледі. Зауыт бір күнде 80 тонна бояу шығарады. Көтерме сауда иелері ірі көлемде алып кететіндіктен, «TAUDI» бояулары қара базарда сатылған емес. 

Жұмыс барысының 90%-ы автоматтандырылған. Тас ұнын арнайы қазандыққа тиеу ғана жұмыс күшін қажет етеді. Қал­ғанының бәрі робот көмегімен жүзеге асып жатыр. Тау-тау болып үйіліп жатқан тас ұнын әп-сәтте қоймалжың затқа айналдыратын технологияны іске қосатын батырманы да өз қолымызбен басып, кемі 1 тонна бояу сұйықтығын көз алдымызда қайнаттық. Бұдан соң тас ұнының басы бірігіп, әрі қарай түрлі-түсті рең беретін цехқа қарай жөнелтілді.

«Ең әуелі лак-бояуға қажетті шикізатты шеттен емес, өзімізден іздедім. Алматының іргесіндегі кеніштердің басшыларымен келіссөз жасадық. Содан кейін тас ұнына көрік беретін бояуларды шығаратын зауыттарға бардым. Керек-жарақты түгелдегеннен кейін, үлкен іске тәуекел еттім. Бұл 2023 жылдың көктемі болатын. 2023 жылға дейін ішкі нарық Қытай, Ресей, Түркия зауыт­тарының ықпалында болды. Олар сапа жағынан болмаса да баға жағынан бізден көш ілгері еді. Қазір бастамасақ, отандық өнімдер импорт тауарлардың қыспағын­да қалатынын сездім. Қолда бар қаражатқа шетелден технология алдырдым, жетпегенін еліміздің квазисектордағы қаржы институттарынан жеңілдетілген несие арқылы толықтырдым. Қазір зауыт толық көлемде жұмыс істейді. Өнімдерді барлық қалаға жеткізіп отырмыз», дейді зауыт құрылтайшысы Бейбіт Досжанов.

Айтуынша, судисперсиялық бояулар еуропалық және америка­­лық жаңа технология бойынша да­йындалады. Шаңды фильтрлеу жүйесі бояу жасау кезінде қор­ша­ған ортаға зиянды заттар мен шаң бөлудің алдын алады. Шикізат ретінде отандық кальций карбонаты және еуропалық стирол-акрилат полимер қолданылады. Кәсіпкер сөзінше, бизнес әлемінде тек 1 немесе 3 ай емес, 3 жылға қажет­ті шикізат мәселесі алдын-ала шешілуге тиіс. Себебі нарық «шикізат жоқтықтан тоқтап қалдық» деген сылтауды кешірмейді.

Арман Имашевтің айтуынша, қазіргі заманғы зауыттар маман­ның өндірістік қиялын жүзеге асыратын эксперимент алаңына да ай­налғандай. Мысалы, осыдан бірер жыл бұрын өзі тас ұнынан дайындалатын бояу қоймалжыңының құра­мын дәл анықтайтын құрылғы ойлап тауыпты. Идея Қытай зауыттары­ның бірінде жүзеге асырылған. Деген­мен патент иесі өзі. Қазір зауыт­тағы жұмыс үдерісінің кемі 10%-ы осы құрылғының көмегімен жүзеге асып жатыр. «Бұл станоктың патент иесі өзіміз болғандықтан арзанға түсті. Қазір елдегі бірнеше бояу шыға­ратын зауыт қызығып, тапсырыс беруге ниеттеніп жүр», дейді маман.

 

АЛМАТЫ