
Ірі компаниялардың жеткізушісіне айналды
«Аврора Холдинг» трансформаторлық қосалқы стансаларды, майлы және құрғақ күштік трансформаторларды ұсынса, «Avrora Electric» ЖШС құрғақ күштік трансформаторлар мен электр пештері трансформаторларын өндіруге маманданған. Компания электротехникалық жабдықтар, сондай-ақ жиынтық трансформаторлық қосалқы стансалар (КТП) өндіреді. Блокті-модульді, тұтас металды, ішкі қондырғыларды, кернеуі 6, 10, 20 және 27,5 кВ таратушы құрылғыларды шығарады. Бүгінде «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ, «Қазгермұнай» бірлескен кәсіпорны, басқа да ірі мұнай-газ компанияларының әлеуетті жеткізушісі болып отыр.
Жұмыс толық автоматтандырылмаған. Шаруаның 80%-ы әлі де қол күшімен атқарылады. Ғ. Жексембинов мұның себебін тапсырыс көлемінің біркелкі болмауымен түсіндірді. Трансформаторлардың бірі көлемі 6 шаршы метр болса, енді бірі 0,5 м көлемінде дайындалады. Сыртқы қаңқасы – отандық өнім, ал ішкі микрочиптер Қытай, Ресей немесе Еуропа елдерінен жеткізіледі. Бірақ трансформаторлардың қасбеттері арнайы автоматтандырылған бағдарлама бойынша кесіліп, пішіледі. Сол себепті, мұндағы үдеріс қалдықсыз атқарылады.
Тәулігіне – 40 тонна
«Микрочиптерді өзімізде өндіруге мүмкіндік бар. Ол алдағы күннің еншісінде», дейді Ғ.Жексембинов. 2009 жылдан бастап холдинг медициналық мекемелерге арналған дезинфекциялық құралдар мен тамақ ішуге арналған өндірісті іске қосты. Дезинфекциялық құралдарды медициналық мекемелердің барлық қызметкері пайдаланады, олар операция жасау алдында қолын зарарсыздандыратын хирургтерден бастап, еден жууға арналған арнайы заттарды суға қосатын тазалаушыларға дейінгі тізбекті қамтиды. Мұнда тәулігіне 175 атаудан тұратын 40 тонна өнім өндіріледі.
«Жууға арналған сұйық және гель тәрізді құралдардың жаңа желісін іске қостық. Сондай-ақ балалар өнімдерінің сериясын ұсындық. 2024 жылдың соңында ассортимент ыдыс-аяққа арналған гельдермен, балалар ыдыстарын жууға арналған заттармен, сұйық сабынмен және шампуньмен толтырылды», дейді «Аврора» өндірістік кешені ЖШС бас директоры Максим Яскель.
Компанияның жеке зертханасында өнім мұқият тестілеуден өтеді, ал технологтер тұтынушылардың қажеттіліктерін ескере отырып, жаңа рецептуралар әзірлейді.
«2010 жылдардың ортасына дейін косметикалық өнімдер мен тұрмыстық химияның 90–95%-ы сырттан келетін. Бұл шамамен алғанда 500–800 млн доллардың өнімі. Жергілікті өндірушілер бар болғаны 30–40 млн өнімін ғана өз күшімен шығарып отырды. Зарарсыздандырғыш заттарды өндіру негізінде тұрмыстық химияны дайындай бастадық. Бұл – ыдыстарды, әйнектерді, сантехниканы, акрил ванналарын, себезгі кабиналарын жууға арналған, ағызу құбырларын тазартуға арналған құралдар. Өнімнің экологиялық тазалығына ерекше назар аударылады, бұл тұрғыда ресми сертификаттарымыз бар», дейді Максим Яскель.
Жылдық қаржы айналымы – 3–4 млрд теңге
Біз табан тіреген үшінші компания – «Аврора77» ЖШС кәсіпорны. Мұнда блокті-модульді ғимараттар мен металл құрылымдарына арналған тауарлар өндіріледі. Заманауи және техникалық жағынан жарақтандырылған жеке өндірістік базасы бар. Компания қызметінің негізгі бағыттары мыналар:
- Бақылау мұнараларын қоса алғанда, оның ішінде броньды орындаудағы күш құрылымдары мен қауіпсіздік қызметтері үшін металл құрылымдарын жобалау және өндіру;
- Телекоммуникациялық компаниялар үшін металл конструкцияларын дайындау: антенна-діңгекті құрылыстар, технологиялық контейнерлер және байланыс аппаратурасын орналастыруға арналған өзге де жабдықтар;
- Түрлі салалар үшін блокті-модульді ғимараттарды жобалау және өндіру;
- Өнеркәсіптік және азаматтық құрылыс нысандары үшін металл конструкцияларын жасау.
Компания басшысы Алитет Ахметовтің айтуынша, компанияның бір жылдық қаржы айналымы – 3-4 млрд теңге. Өнім негізінен ішкі нарыққа бағдарланған.
«Нарықтың осы сегментінде кадр арасындағы байланыстың үзіліп қалмауы маңызды. Жастар жағы темірді инедей майыстыратын қол жұмысына келе бермейді. Сол үшін зейнет жасына толса да тәжірибелі мамандардың жұмысын жалғастыруына мүмкіндік береміз», дейді Алитет Ахметов.
АЛМАТЫ