
Елімізде алғаш рет «Digital Nomad Residency» мәртебесі рәсімделді. Оның алғашқы иегері – халықаралық тәжірибесі бар «Senior Analytics» & «BI Engineer» Павел Филатов. Ол Қазақстанды өмір сүруге қолайлы әрі кәсіби қызметін жалғастыруға ыңғайлы ел ретінде таңдағанын айтады.
«Digital Nomad Residency» маған жайлы өмір сүру мүмкіндігін қарқынды дамып жатқан технологиялық экожүйемен ұштастыруға жол ашты. Рәсімнің заманауи әрі ыңғайлы жүргізілетінін ерекше атап өткім келеді. Бұл бағдарлама IT-мамандарға жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Қазақстан кәсіби тұрғыда даму мен халықаралық әріптестік үшін зор әлеуетке ие. Алғашқы резидент атану мен үшін үлкен мәртебе», деді Павел Филатов.
Бұл бастама биыл қаңтарда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен іске қосылған. Қысқа уақыттың ішінде аталған бағдарлама цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект саласындағы әлемдік деңгейдегі үздік мамандарды тартудың маңызды құралына айналып үлгерді. Ал «Astana Hub» халықаралық инновациялық кластері осы үдерістің негізгі платформасына айналды.
Жоба бойынша елімізде тұруға ықтиярхат алуға өтініш беру онлайн форматта басталады. Одан кейін «Astana Hub» мамандары үміткерлерді әр кезеңде сүйемелдеп, заңнамаға сәйкес рәсімдер толық аяқталғанға дейін кеңес береді. Бүгінде АҚШ, Канада, Франция, Түркия және ТМД елдерін қоса алғанда, 20 мемлекеттен 270-тен астам өтінім келіп түскен. Кандидаттардың басым бөлігі – бағдарламалау, киберқауіпсіздік, UI/UX-дизайн және DevOps мамандары.
Бұған дейін «Digital Nomad Visa» аясында алғашқы қатысушылар – Алжир мен Ботсванадан келген IT-мамандар қоныстанып үлгерген еді. «Digital Nomad Visa» табысты растауды талап етпейді, елге кіруді жеңілдетеді және шетелдік те, отандық та компаниялармен жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Виза иегерлері кейіннен «Digital Nomad Residency» алуға өтініш бере алады. Ал ұзақмерзімді мәртебенің рәсімделуі елімізге деген қызығушылықтың артып келе жатқанын және елдің аймақтық цифрлық хаб ретіндегі әлеуетін айқын көрсетеді.
Бағдарламаның тәртібі қандай?
«Digital Nomad Residency» IT-мамандарға елімізде тұрақты тұруға ықтиярхат алуды жеңілдетілген тәртіппен ұсынады. Ол үшін үміткерлер «Astana Hub» порталы арқылы өтініш береді. Құжаттар тізіміне: шетелдік паспорттың көшірмесі, түйіндеме, портфолио, мотивациялық хат, сотталмағаны жөніндегі анықтама және 3,5х4,5 көлеміндегі фотосурет кіреді. Кандидатқа Қазақстанның Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінен оның мамандығы сұранысқа ие екенін растайтын ресми құжат беріледі. Одан кейін IT-маман «eGov.kz» порталы арқылы «Шетелдік IT-мамандарға Қазақстанда тұрақты тұруға рұқсат беру» қызметіне өтініш жібереді. Жүйеде қадам-қадам бойынша анкетаны толтырып, құжаттарды тіркеп электронды қол қояды. Өтініш 45 күн ішінде қаралады. Оң шешім қабылданған жағдайда маман Қазақстанға келіп, халыққа қызмет көрсету орталығында рәсімді аяқтайды.