
Адамның болмысы оның кіндік қаны тамған жерінің табиғатымен қандай да бір үндестікте болады деседі. Шөлде туған адамның төзімді келетіні айтылады. Сол сияқты дарияның бойында өскен жанға сыршыл, ал таудың баурайында дүниеге келген перзентке рухты, кесек мінезді болу тән деседі. Жұртшылыққа табандылығымен, талапшылдығымен һәм шешімталдығымен танымал Кендебай Сарыбайұлы да дәл сондай еңселі шыңға арқа тіреген, табиғаты көз тартқан, талай тарлан тұлғаны түлеткен мекенде, Арқаның шоқтығы – Ақсораңның баурайында дүниеге келді.
Ол 1982 жылы Балқаш қаласының іргесіндегі Қоңырат поселкесіндегі орта мектепті үздік бітірген соң Қарағанды политехникалық институтына түседі.
1983–1985 жылдары Қиыр Шығыста әскери борышын өтеп, 1989 жылы тау-кен инженер-механигі мамандығын тәмамдап, кейін заң саласын да меңгеріп шығады. Еңбек жолын Ақбақай комбинатынан бастап, Балқаштағы №5 кәсіптік-техникалық училищеде ұстаздық қызметте жалғастырады. Бұл жұмыста іскерлігімен көзге түсіп, 1993 жылы аталған оқу орнының директоры болып тағайындалды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында ол жастарға қолдау көрсетіп, жатақхана, филиал, өндірістік кооператив ашып, жүзден аса оқушыға қосымша табыс табуға мүмкіндік жасады. Еңбек пен білімді ұштастырып, ұрпақ тәрбиесіне сүбелі үлес қосты.
Бұл салада ұйымдастырушылық қабілетімен танылған Кендебай Сарыбайұлының ел игілігі жолындағы қызметі бұдан әрі ұлттық қауіпсіздік органдарында жалғасты. 1995 жылдан бастап ҰҚК-ның Жезқазған облыстық басқармасында, Қарағанды облыстық департаментінде жедел және басшылық лауазымдарда, Орталық аппаратта Халықаралық терроризмге қарсы күрес, Конституциялық құрылымды қорғау департаменттерінің басшылығында еңбек етіп, Республикалық терроризмге қарсы орталықтың штаб бастығы болып қызмет атқарды. Штаб бастығы лауазымында осы саланың тәжірибелі маманы ретінде 2013–2014 жылдары екі мәрте терроризмге және діни экстремизмге қарсы тұру жүйесін түбегейлі өзгерту ұсынысының Парламентте қаралуына атсалысты.
«Бұл жұмысы ауыр учаскелердің бірі еді. Сол кезеңде елімізді шетелдік содырлар ұйымдастырған бірқатар лаңкестік шабуыл дүр сілкіндірген. Бұл жағдай штаб басшысынан терроризмге қарсы күресте мемлекеттік органдар жұмысының үйлестірілуін шұғыл жолға қоюды, аталған салада нормативтік-құқықтық базаның әзірленуін, халықаралық ынтымақтастықтың ретке келтірілуін талап етті. Кендебай Сарыбайұлы осы міндетті абыроймен атқарып шықты» дейді ҰҚК төрағасының орынбасары Бақытбек Рахымбердиев.
Кәсіби біліктілігі мен белсенділігінің, қызметтегі жоғары көрсеткіштерінің арқасында Кендебай Сарыбайұлы 2015 жылы Қарағанды облысы Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің бастығы лауазымына тағайындалды. Мұнда жеті жыл абыройлы қызмет атқарды. Жергілікті атқарушы органдар және күштік құрылымдармен бірлесе ел тұтастығы мен қауіпсіздігі жолында еңбек етті. Өңірде терроризммен күрес жұмыстары жүйелі арнаға қойылды, көптеген қауіпті жағдайдың жолы кесілді. Департаменттің материалдық-техникалық әлеуеті едәуір артып, Қарағанды, Сәтбаев және Қарқаралы қалаларында жаңа заманауи ғимараттар салынды. Сонымен қатар облыс көлеміндегі барлық іргелі іске белсене атсалысып, алдыңғы қатарда жүрді. Ұлттық мүддені, төл өнерді, мәдениетті ұлықтау ісін де назардан түсірген жоқ. Сол тұста облыстық ішкі саясат басқармасына жетекшілік еткен әріптес інісі Ерлан Құсайын: «Бірде жұмыс барысымен Бұқар жырау даңғылының бойында орналасқан Ұлттық қауіпсіздік департаментінің кеңсесіне бардым. Тарихы терең ғимарат қой, дегенмен. Алғаш рет баруым, аздаған толқу да жоқ емес. «Суық, сұрқай кабинеттерді көретін шығармын» деймін ішімнен. Бірақ көргенім көңілімді көкке көтерді, мерейімді тасытты. Күллі фойе, кең залдарды қазақтың тау тұлғаларының кестелі сөздері мен көркем бейнелерімен әсемдеп тастаған», дейді.
Оның ел қауіпсіздігін сақтау жолындағы қажырлы еңбегі жоғары бағаланып, ІІ дәрежелі «Даңқ» және «Айбын» ордендерімен, «Жауынгерлік ерлігі үшін», «Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі үлесі үшін» медальдарымен марапатталды. 2017 жылы ұлттық қауіпсіздік генерал-майоры шеніне ие болып, 2019 жылы «Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Құрметті қызметкері» атағы берілді.
Кендебай Сарыбайұлының мемлекетшілдігі мен қайраткерлігі Қарағандыда өткен ұлт тұлғаларын ұлықтау шаралары кезінде ерекше көрінді. 2020 жылы қаладағы Ленин көшесіне Абай есімін беру бастамасы көтерілді. Бұл Қарағандыдағы ең ұзын көшелердің бірі еді. Айта кетейік, мұндағы 58-үйде Алаш қайраткері Әлімхан Ермеков тұрған. Көше атауын өзгерту кеншілер астанасында ондаған жыл бойы қозғалып келе жатқан, алайда жүзеге аспай қойған бастама еді. Сондықтан бұл жолғы талпыныс «не бел кетеді, не белбеу кетеді» дейтіндей шешуші сәт болды. Осы жұмысты еліміздің ақпараттық саясат саласындағы басшылығы, облыс әкімдігі ың-шыңсыз іске асыруды айрықша қадағалады. Облыстық ҰҚК департаментінің басшысы К.Адамбек те осы тұста қоғамдық тыңдауға тыңғылықты дайындалу, ақпараттық жұмысты жүйелі жүргізуді ісін бақылап, бағыт-бағдар беруге үлкен еңбек сіңірді. Тікелей қадағалап отырды. Жұмыла атқарған істің арқасында Абай есімін ұлықтау бастамасы қоғамның қауіпсіздігіне сызат түсірілмей, тиянақты жүзеге асты. Осындай іс-шаралар Қарағанды қаласының Октябрь ауданына Әлихан Бөкейхан есімін беру туралы қоғамдық тыңдау қарсаңында да қолға алынды. Жүйелі дайындықпен өткізілген қоғамдық талқылау нәтижесінде Алаш көсемінің есімі ауданға берілді. Бұл Қарағанды төңірегінде ұлттық рух дүр сілкінген кезең болды.
Арда азаматтың балалық балдәурен шағы өткен, білім алып, түлеп ұшқан Қоңырат поселкесінің дамуына қосқан үлесі – өз алдына бір төбе. Балқаштың іргесінде тұрса да, Қоңырат тоқырау жылдарында өте жүдеп-жадап кеткен елді мекеннің бірі еді. Кейінгі кездері осы поселкеге өң кіріп, еңселене бастағаны байқалады. Балқаш қаласының толыққанды шағын ауданына айналды. Шұрық-тесік жолы бүтінделіп, жаңа тұрғын үйлер салынды, ескілері жөнделді. Ең үлкен игілік – қаладан тікелей жылу құбыры тартылып, поселке шетіндегі жер үйлерге дейін орталық жылу жүйесіне қосылды. Осы жұмыстарды жүзеге асыру барысына тиісті орындарға мәселені жүйелі жеткізіп, қаржы бөлінуіне тікелей ықпал еткен Кендебай Сарыбайұлының үлкен еңбегі жатыр. Қоңырат тұрғындары осы игіліктерді үлкен ризашылықпен айтып, алғысын білдіріп отырады.
Кендебай Сарыбайұлы бүгінде Астана қаласы мәслихатының депутаты және мәслихаттағы бюджет, экономика, өнеркәсіп және кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы ретінде жемісті еңбек етіп келеді. Үнемі жарқын бастамаларға бас болып, еңселі елордамыздың көркейіп, дамуына өз сүбелі үлесін қосып жүр.