
Сурет: gov.kz
Қазір жұртшылық жиі-жиі ұйымдастырылатын сенбіліктерге бой үйретіп келеді. Бастапқыда «Қызылорданың желі бүгін жинағаныңды ертең шашады, біздікі осы не әуре?» дегендер де табылмай қалған жоқ. Бірақ жүйелі ұйымдастырылған іс бұл секемді де сейілтті. Жиналған қоқыс арнайы орынға жедел жеткізілгені бұл істің көз алдау үшін жасалмағанын көрсетіп, мұнтаздай көшелер мен жинақы бақтар мен гүлзарлар тәрбие мен тәртіп басы тазалық екенін дәлелдей түсті.
Облыс орталығындағы «Отан қорғаушылар» аллеясында «Таза Қазақстан – таза аймақ» атты экологиялық акция өтіп, оған белсенді жастар, еріктілер, «Amanat» партиясы жанындағы «Жастар рухы» жастар қанаты мен облыстық, қалалық жастар ресурстық орталықтарының өкілдері қатысты. Акция аясында елуге жуық жас аллея аумағын қоқыстан, құрғақ бұтақтар мен түскен жапырақтардан тазартты.
«Ортақ іске үлес қосқандар көп. Жұртты жақсылыққа жұмылдырған мұндай бастамалардың өскелең ұрпақты табиғатты аялауға тәрбиелеудегі маңызы ерекше», дейді облыстық Жастар ресурстық орталығының директоры Әліби Басаров.
Бұл күні қаладағы Саяхат шағын ауданында да сенбілік ұйымдастырылып, жауапты сала өкілдерінен бөлек, маңай тұрғындары да ортақ іске жұмылды.
Қаладағы Денсаулық және демалыс саябағында да кең көлемді сенбілік ұйымдастырылды. Облыстық басқармалар мен мекемелердің қызметкерлері, жастар ұйымдарының белсенділері, еріктілер, сондай-ақ қала тұрғындары қатысқан сенбілік барысында саябақ аумағындағы қоқыс жиналып, ағаштардың түбі қопсытылып, жасыл желек суарылды. Жаңадан жас көшеттер отырғызылып, гүлзарлар ретке келтірілді. Осындай бастамалар барлық ауданда ұйымдастырылып, жол жиектері мен жаяу жүргіншілер жолдары, қоғамдық орындар тазартылып, ретсіз өскен шөптер шабылып, қураған бұтақтар кесілді.
Жастар белсенділері сенбілік кезінде экологиялық мәдениетті кеңінен сөз етіп, табиғатты қорғаудың маңыздылығын түсіндіріп жүр. Олар жұртшылық арасында қоршаған ортаның тазалығын сақтау әр азаматтың міндеті екенін, мұндай іс-шаралар тек сенбілік күндері ғана емес, күнделікті әдетке айналуы керектігін насихаттайды.
ҚЫЗЫЛОРДА