
Мөңке би Тілеуұлы – қазақ халқының атақты тұлғасы. Әйгілі Әбілқайыр ханның кеңесшілерінің бірі Мөңке би өз заманының дана хәкімі, сондықтан болашақты болжай білетін көрегендігімен танылған. Поэтикалық қалыптағы асыл сөздерімен ұлт, халық, ел, әлем тағдырын саралап жеткізетін деңгейге көтерілген. Артына мықты философиялық ойлар қалдырған шешендік өнердің де хас шебері болды. Оның келешек оқиғаларға толы өсиеті, тіпті үш ғасыр өтсе де, өзектілігін жоғалтпағанына бүгінде қырғыз, қазақ халқы куә. Болашақты көре білген дананың бір шумағын ғана алып қарасақ, мәселен, «Адам ақысыз жұмыс істемейді» деуі – бүгінгі нарық заманының көрінісі. Немесе, «Ішкенің сары су болады, берсең итің ішпейді, Ит пен мысықтай ырылдасқан еркек пен қатын болады». Не деген көрегендік!
Мөңке бидің орынды сөзі қалың бұқараға тез таралып, халық сөзіне айналды. Қара қылды қақ жарып, шындықты айтатын оның батыл да өткір сөзі халыққа ұнады. Тағы бір мысал келтірейік:
Ақыр заман келгенде:
Жер тақыр болар,
Халық пақыр болар,
Бала жетім қалар,
Әйел жесір қалар.
Қырғыздың заманын жырлаған атақты ақыны Арыстанбектің шығармашылығы Мөңке бидің дана сөздеріне өте жақын және ұқсас екенін көреміз. Тіпті екі тұлға туындыларында жолма-жол ұқсастықтар да кездеседі:
Мөңке би:
Екі басын қасқайтып
Қайық шығар деп еді, –
десе
Арыстанбекте:
Екі басын қайқайтып,
Қайық шығар деуші еді, –
деп айтылады.
Қырғыз еліне атағы жайылған қазақ ақынының шығармашылығын қырғыз ақындарының жырларымен салыстыру өте қызықты әрі қажет.
Қырғыз халқының тұрмыс-тіршілігі, салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, өмірге деген философиялық көзқарасы, психологиясы бауырлас қазақ халқынан еш айырмашылығы жоқ. Демек халықтың басынан өткерген заманның ауырлығы мен қиындығы, халқына, жеріне деген сүйіспеншілігі, табиғаттың келбеті, болашаққа ұмтылысы, тілегі, мақсат-мүдделері – осының барлығы екі халық ақындарының жақындығын көрсетеді. Ақындар дана, ойлы болған. Олар өткенді немесе өз уақытын жырлап қана қойған жоқ, сонымен бірге болашақты көре, сезіне және келешек туралы ой түйе білген.
Заманын жырлаған қырғыз ақындары Қалығұл, Арыстанбек, Молда Қылыштардың шығармаларына үңілсек, ұқсастықтардың көп екенін аңғарамыз. Бұл ұқсастық, біріншіден, сол кездегі оқиғаларға қатысты болса, екіншіден, шығармалары ұрпақтан-ұрпаққа ауызша беріліп, араласып кеткеннен болса керек. Расында, мұндай жағдайда олардың шығармашылығына мәтіндік талдау жасап, қай жолдың кімдікі, кімнің әуелі жырлағанын нақты айту қиын.
Мысалы, қырғыз ақыны Қалығұл Байұлы халыққа мынадай жолдар қалдырып кеткен:
Өңі сары, көзі көк орыс келер,
Ұзын шөптің барлығын орып келер,
Қысқа шөптің барлығын қорып келер.
Бұл – патшалық империяның жақындап келе жатқан басқыншылық істерін айшықты суреттейтін жолдар. Қалығұл Байұлы орыстардың қырғыз жеріне келуін жай ғана болжамайды, ол өзі естіген, жақсы білетін мәліметтерге сүйене отырып қорытынды жасайды:
Омбыға орыс толды дейд,
Бізді жылатар кезі болды дейд,
Алматыға орыстан
Әскер келіп қонды дейд.
Қазақты бүтін қаратып,
Бізді қақсатар кезі болды дейд.
Белгілі ғалым Бауыржан Омарұлы докторлық диссертациясында және одан кейінгі «Зар заман поэзиясы» атты еңбегінде екі халықтың замана дүлдүлдері – Мөңке би, Бұқар жырау, Дулат Бабатайұлы, Шортанбай Қанайұлы, Мұрат Мөңкеұлы, Әбубәкір Шоқанұлы (Кердері), Қалығұл Байұлы, Арыстанбек Бұйлашұлы, Молда Қылыш шығармаларын салыстыра отырып, көптеген ортақ дүниелерді тапқан, мәтіндік талдау жүргізген. Ол былай дейді: «Қырғыз зар заман әдебиетінің көшбастаушысы Қалығұл Байұлының «Ақырзаман» толғауы – Мөңке бидің мұрасымен өте мазмұндас шығарма. Жердің тақыр болуы, ағайынның тасбауырлығы, әйелдің ерге теңелуі хақындағы тұжырымдар екеуіне де ортақ. Мөңке бидің айтқандары әр жерде, әр нұсқада жарияланып жүрсе, Қалығұлдың «Ақырзаманы» – ел ақындарының антологиялық жинағына енген тұтас дүние» (Омарұлы Б. Зар заман поэзиясы. –Алматы: «Атамұра», 2024. 73-74 бб.).
Қалығұл ақын халық күші мен билігінен айырылып, жер-су, мал-мүлік түгілі, ақыл-санасы тұтқынға түсіп, әдет-ғұрып, салт-дәстүрі өзгерсе ақырзаман дәуірінің белгісі ретінде көрсетеді. Ақынның даналығы былай дейді:
Туғаның қас болар,
Қораң бос болар.
Мінгенің ағаш ат болар,
Ығы жоққа жан беріп,
Иманына жат болар.
Тау тоғай болар,
Тоқал бәйбіше болар.
Сиыр пұл болар,
Құл би болар.
Осындай жолдар Мөңке би жырында да кездеседі. Мезгіл өзгермепті, қырғыз бен қазақ халқының өмірі тағдырлас болыпты. Патшалық Ресей жүргізген саясат екі халыққа бірдей әсер еткен екен.
Мөңке би былай дейді:
Еркегің қазаншы болады,
Әйелің базаршы болады...
Әйел ерге теңеледі,
Көл теңізге теңеледі,
Сиыр өгізге теңеледі.
Емшектері салпылдап,
Ұят жағы кем болар...
Міне осы ой Қалығұлдың шығармашылығында төмендегіше берілген:
Тақиясын қолға алып,
Қыз жігітті қуалар...
Ері менен айтысса
Елде еркек көп деген
Қатын шығар.
Қырғыздың ел ақыны Арыстанбектің шығармашылығы Қалығұл мен Мөңке бидің мұрасына жақын. Оның «Тар заманында» да Ресей империясының қырғыз жеріне келуі туралы айтылады.
Бүгінгі күні Қалығұлды да, Мөңкені де сәуегейлігін бағалап, «қырғыздың Нострадамусы», «қазақтың Нострадамусы» деп атайды.
Қалығұлдың айтқандары:
Тегіс жерден диірмен шығар,
Тексіз жерден би шығар.
Қызыл шақа тиын шығар,
Шолақ етек шапан шығар.
Атасынан баласы қиын шығар.
От арбамен, тыңдаушым,
Жол қысқарар.
Етек-жеңі шолтиып,
Тоң қысқарар.
Қылса жұмыс бітпеген
Күн қысқарған замана
Мөңке бидің айтқандары:
Дүниенің жүзіне
Өре мен темірден жол тартылады...
Халыққа бір тиын пайдасы жоқ,
Ай сайын бас қосқан жиын болады...
Бетіңнен алып түсер інің болады,
Ертеңіне сенбейтін күнің болады.
Қалығұл: «Күнде кеңес-жиын шығар» десе, Мөңке би: «Ай сайын жиын болар» дейді. Қалығұл «Тексіз жерден би шығар» десе, Мөңке би: «Жас баладан биің болар» дейді.
Қорыта айтқанда, Мөңке бидің мұрасы Арыстанбек, Алдаш Молда, Солтобай, Молда Қылыш шығармаларымен үндес. Бұл үндестік екі елдің рухтастығынан туындайды.
Абдылдажан АКМАТАЛИЕВ,
Қырғыз ғылым академиясының академигі, әдебиеттанушы
Бішкек