Қоғам • Бүгін, 08:55

Қордың қажырлы қолдауы

10 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Қызылордадағы Өнер орталығында «Жүйелі қайырымдылық: Тұрақтылық, серіктестік, мұра» тақырыбында IV Ұлттық қайырымдылық конференциясы өтті. Оның жұмысына облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, «Қазақстанның Азаматтық альянсы» ЗТБ президенті Бану Нұрғазиева, «Қазақстан халқына» қорының басқарма төрағасы Ләззат Шыңғысбаева, зиялы қауым өкілдері қатысты.

Қордың қажырлы қолдауы

Еліміздің барлық өңірінен келген 500-ге жуық делегат конференцияның ресми бөлімі алдында Өнер ор­та­лығының фойесінде өткен «Қа­зақстан халқына» қоры жобала­рының көрме-жәрмеңкесін аралады. Жиында өңір басшысы қор­дың өңір тұрғындарына көрсеткен қолдауы туралы тарата айтты.

«Мемлекет басшысының бас­тамасымен денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау са­ла­­ларындағы мәселелерді шешу мақ­сатында құрылған «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры мен біздің өңір арасындағы тығыз әріптестік байланыс нәтижесінде бірлескен жобалар іске асып келеді. Қор құрылғалы бері 10 млрд теңгеден астам қаржы өңіріміздегі маңыз­ды әлеуметтік жобаларға бағыттал­ды. Денсаулық сақтау саласына қаралған 4 млрд 800 млн теңгеге об­лыстық балалар ауруханасын­да, Жаңа­қорған, Арал аудандарында «Қам­қорлық» орталықта­ры ашыл­ды. Арал ауданындағы орта­лық қызметін көрші Ақтөбе облысының тұрғындары да пайдаланса, Жаңақорған ауданындағы орталықта Түркістан облысының тұрғындары да оңалту шараларымен қамтылып отыр.

Қор қажетті дәрі-дәрмек алу, орталықтарды жабдықтау, медицина мамандарын шетелде оқытуға да қолдау көрсетіп келеді. Келесі жылы да саладағы жобаларға 2 млрд 600 млн теңге бөлуді жоспарлаған. Оған он­кологиялық ауруларды тиімді емдеуге арналған жоғары техноло­гиялық жабдықтар сатып алынады. Сондай-ақ аутизмге шал­дыққан, басқа да психикалық бұзылыстары бар балаларды әлеу­меттендіруге арналған орталық ашылады. Орталық жыл сайын 600 балаға қызмет көрсететін болады.

Білім беру саласына 2 млрд 600 млн теңге бөлінді. «Ауылдық аймақтардағы тірек мектептердің әлеуетін дамыту» жобасы аясында 2023–2025 жылдары 2 млрд теңге бөлініп, 8 мектептің физика, химия, биология, роботтехника, компьютерлік кабинеттері қайта жабдықталды, ауыл балалары жазғы лагерьлерде демалды. Ерекше білім беруді қажет ететін балаларға арналған арнайы интернаттардың материалдық-техникалық базасын жаңғыртудан бөлек «Болашақ инженерлер» жобасы аясында 9 мектепке роботтехника құрылғылары алынып, тиісті мамандар арнайы оқудан өтті. Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің 500-ден астам студентіне «Курсера» әлемдік платформасында білім алуға мүмкіндік жасалды.

Алдағы жылы білім беру саласына қор қолдауының арқасында облыстың 50 мектебіне «Білім-Инновация» лицейлерінің тәжі­рибесі енгізіледі, физика, химия, биология кабинеттері жабдық­талып, 8 шағын жинақты мектептің материалдық базасы нығайтылады.

Өңірдің спорт инфра­құ­рылымын дамытуға бөлінген қар­жыға биыл Шиелі ауданының Дос­бол датқа ауылында, Жалағаш ауда­нындағы Аққыр ауылында заманауи спорт кешендері салынып, ел игілігіне табысталды. Сырдария, Қармақшы аудандарындағы спорт кешендері жаңа құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді.

Өңірдің әлеуметтік-эко­но­ми­калық дамуына, тұр­ғындар­дың әл-ауқатын арттыруға елеулі үлес қосқаны үшін «Қа­зақстан халқына» қорының ұжымына ­Сыр жұртшылығының атынан тағы ­да алғысымызды білдіреміз», деді ­облыс басшысы.

Жиында «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының басқарма төрағасы Ләззат Шыңғысбаева қор қызметінің маңыздылығына тоқталды.

«Жүйелі қайырымдылық – бұл уақытша шара емес, нақты өзгерістерге жол ашатын нақты іс. «Қазақстан халқына» қоры тұрақты жобалар арқылы адамдардың өмірін өзгертіп, болашаққа үміт сыйлап келеді. Біз мемлекет, қоғам, бизнес әріптестігі арқылы ғана шын мәнінде елеулі нәтижелерге қол жеткізе аламыз. IV конференция – үш жылдық еңбектің қорытындысы ғана емес, жаңа кезеңнің бастауы. Тәжірибе алмасу, бірлескен шешімдер іздеу, қордың өңірлерге көрсеткен нақты көмегін таныстыру алаңы. Мұның барлығы келер ұрпақтың мұрасына айналады», деді ол.

Бүгінде қор мен облыстық бюджет қаржысына қаланың сол жағалауында мүмкіндігі шек­теулі жандарға арналған құны 2 млрд 900 млн теңге болатын дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Нысан алдағы айда пайдалануға беріледі.

Қор қолдауымен мүгедектігі бар балалар мен жастар иннова­циялық протездік-ортопедиялық құралдармен қамтамасыз етілді. «Үй жағдайында мүгедектігі бар балаларды оңалту» жобасы аясында 283 млн теңгеге 95 құрал-жабдық сатып алынды. Қармақшы ауданындағы мүмкіндігі шектеулі балаларға әлеуметтік қызмет көрсететін «Дәметкен Ана» орта­лығының материалдық базасы нығайтылып, бүгінде орталықтан 30 бала оңалту қызметін алып отыр.

Ұлттық қайырымдылық конференциясынан сәл бұрын қор өкілдері журналистерге арнап баспасөз турын ұйымдастырған болатын. Үш жылда облыстың әлеуметтік саласын дамыту мақсатына құны 10 млрд теңгеден асатын 24 жоба мен бағдарлама қолға алынған. Қаражаттың басым бөлігі әлеуметтік нысандарды жабдықтауға, балалардың сапалы білім алуы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, ауылдық жерлерде медициналық қызметтердің қолжетімділігін арттыруға, ерекше күтімді қажет ететін балаларды қолдауға бағытталып отыр.

Бастапқы нысан облыс орта­лығындағы №6 есту қабілеті бұзылған балаларға арналған арнайы мектеп-интернаты болды. Осы салалардағы жобалар менеджері Зәуре Бәйменованың айтуынша, «Арнайы мектеп ұйымдарын жабдықтау» жобасы аясында интернатты оқу, түзету, шығармашылық бағыттағы заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуге 32 млн теңге бөлінген. Мектеп-интернат директоры Бинара Нәлібаева 6 кабинет, акт, спорт залдарын жабдықтауға мүмкіндік берген қор қолдауы осында білім алып жатқан 56 бала­ның үмітін оятып, оларды кәсіпке баулуға жол ашқанын айтады.

Сапар барысында еңбек пәніне арналған шеберхананы араладық. Тігінмен айналысатын қыздарға барлық мүмкіндік жасалып, қажетті жабдықтар жеткізіліпті. Қолөнер мен бейнелеу өнеріне ден қойған оқушылардың көкейдегісін көп назарына ұсынуына да мүмкіндік туыпты. Жайлы жағ­дай жасалғандықтан, мектептен кәсіби бағдар алған 7 қыз бала қазір тігін мамандығы бойынша студент атанып, білімдерін жетілдіріп жатыр. Биыл мектеп табалдырығын аттаған 13 оқушы арасынан 4 қыз тігінді, 9 ер бала дизайн мамандығын таңдапты. Математика кабинеті де толық жабдықталып, соның арқасында оқушылардың қызығушылығы артқан. Былтырғы түлектер арасынан 6 оқушы ақпараттық технология мамандығын таңдап, қазір колледж студенті атанып отыр.

Қазақ тілі кабинетінің де бүкіл керек-жарағы жеткізіліп, білім сапасы айтарлықтай жоғарылаған. Мектеп мұғалімдері көру арқылы ғана қабылдайтын балаларға ин­терактивті тақта көп көмегін тигізетінін айтады. Оқу материа­лын көрнекі етіп, сөздік қорын байытуға сеп болатын құрал да осы. Мектептегі ұлдар шеберханасына да барлық қажетті жабдықтар алыныпты.

«Бұрын осы мектеп-интернатты бітірген балалар 9-сыныптан кейін ірі қалалардағы колледж­дерді таңдайтын. Қазір қор көме­гімен мамандыққа баулуға жол ашылып, бітірген шәкірттер өзі­міздегі колледждердегі арнайы бө­лімдерде оқып жатыр. Жалпы, облыста ерекше білім алатын балалар саны 8 900-ден асады. Өңір­де 3 арнайы мектеп-интернат бар. Қор осы мектептерге 99 млн тең­геге құрал-жабдық жеткізді. Со­ның арқасында олардың басқа балалармен бірдей білім алып, жалпы ортаға қосылуына жағдай жасалды», дейді облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Шолпан Жүнісова.

Қордың «QH Денсаулық жолы» жобасы аясында облыстық онкология ұжымы жылжымалы медициналық кешенге қол жеткізген. Заманауи жабдықталған көліктер шалғайдағы елді мекен тұрғындарына қызмет көрсетіп, онкологиялық ауруларды ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік береді. Орталық мамандарының мәліметінше, 2023–2025 жылдар аралығында кешен көмегімен 7 190 адам тексерістен өткен. Оның барысында 30-ға жуық тұрғынның бойынан қатерлі ісік белгілері анықталған. Екі арнайы көліктегі маммографиялық аппарат пен жоғары деңгейлі ультрадыбыстық жүйе, компьютерлік томограф Жапонияда жасалған жоғары дәл­діктегі құрылғылар. Қор көмегімен әрқайсысының құны 1 млрд теңге болатын осындай кешен еліміздің 3 облысына жеткізілген.

«Қордың қамқорлығымен өңірімізде бірнеше жоба табыс­ты жүзеге асып жатыр. Арал мен Жаңақорған аудандарында республикада бірінші рет мүгедектігі бар балаларды оңалту орталықтары ашылды. Одан бөлек, көпбейінді облыстық балалар ауруханасына 92,2 млн теңгеге керекті жабдықтарды алып берді. «Қазақстан халқына» саланы жаб­дықтаумен қатар шетелдерде мамандар біліктілігін арттыруға да жәрдем беріп отыр. Сирек кездесетін ауруы бар науқастарға 2 млрд теңгеден астам қаржыға қымбат, инновациялық дәрілік препараттар сатып алынды. Жалпы, «Қазақстан халқына» қоры өңірде біздің салада ғана жалпы сомасы 4 жарым млрд теңге­ге жуықтайтын 11 қайырымдылық жобасын іске асырып отыр», дейді облыстық денсаулық сақтау бас­қар­масы басшысының орынбаса­ры Мая Мирзанова.

Қала іргесіндегі Талсуат ауылында орын тепкен оңалту орта­лығында қордың «QH Мүге­дек­тігі бар балаларды үй жағдайында оңалту» жобасы жүріп жатыр. Әлеуметтік қорғау аясындағы бастамаға орай ерекше күтімді қажет ететін балалардың өмір сапасын жақсартуға бағыт­талған арнайы техникалық оңалту құрал­дары ұсынылып, ата-аналар­ға кәсіби кеңестер беріледі.

«Әу баста осы құрылғылар шыққан Ұлыбритания, Ресей мемлекеттерінен мамандар арнайы келіп, біздің қызметкер­лерге оны пайдалану жолдарын оқытқан. Енді орталықтағылар ата-аналарға жаңа құралдарды пайдалануды түсіндіріп, науқастар жыл көлемінде оны тегін пайдалануға мүмкіндік алады. Қазірде облыс­та 130 балаға жаңа құралдармен үй жағдайында үздіксіз оңалту жұ­мыстары жүргізіліп жатыр. Осының арқасында өзгенің көме­гінсіз бойын тіктеп, орнынан тұрып, өмірге талпынып жатқан балаларымыз көбейді», дейді дәрігер-реабилитолог Дариға Өте­генова.

Орталықта ем алып жатқан балалардың ата-аналары арасынан бізбен тілдескен Азамат Данияров бұрын осындай емге жылына 1,5 млн теңгедей қаржы жұмсап келгенін айтады. Қазір орталықта жаңа құрылғылар арқылы соның бәрін тегін алып жатыр. «Үздіксіз жаттығудың арқасында төрт айдың ішінде баламыз арқасын тіктеп, жан-жағына қарай бастады. «Қазақстан халқына» қорына ерекше бала тәрбиелеп отырған барлық ата-ана атынан алғыс айтамын», дейді ол.

Баспасөз туры соңында журналистер Жалағаш ауданындағы әл-Фараби атындағы №201 мектеп-лицейінде болып, «Ауылдық жерлердегі тірек мектептердің әлеуетін арттыру» жобасының нәтижелерімен танысты. Ауыл мек­тептерін дамытудың тиім­ділігін арттырып, қала мен ауылдағы білім беру сапасындағы ал­шақтықты қысқартуды көздеген бастама аясында мектеп-лицейде 250 млн теңгеге 21 пәндік кабинет, 56 моноблок, 18 интерактивті панель, заманауи кітапхана, спорт­зал, коворкинг аймағы, арт студия, қыш студиясы, телестудия, роботтехника, STEM зертханалары, шахмат кабинеттері заманауи құрал-жабдықтармен толықтай жабдықталған. Педагогикалық шеберлік орталығындағы ауыл мұғалімдерінің біліктілігін арттыру курстары да нәтижеге қол жеткізуге сеп болып отыр.

Сыныптарды аралаған қор өкілдеріне білім ошағындағы мұғалімдер мен оқушылар жаңа технология жетістігін көр­сетіп, осындай ауқымды қолдау көрсет­кеніне алғыстарын жеткізді. Жоба менеджері Зәуре Бәйменованың айтуынша, бастама республикада 186 мектепті қамтып отыр. Үш жылда өңірдегі 8 мектептің материалдық-техникалық базасын жақсартуға 1 984 087 747 теңге жұмсалыпты.

«Ауыл балалары бұрын тек теориялық біліммен шектелсе, жаңа құрал-жабдық көмегімен қазір тәжірибе жасап, зертханалық жұмыс жүргізе алады. Бұл мек­тептегі бір ерекшелік – ұлдар мен қыздарға арналған шеберханалар арқылы жоба мүмкіндігін кеңейтіп отыр. Басқа облыстардағы білім ошақтары тек сабақ, үйірме деңгейінде шектеліп қалса, мұнда оқу өндірістік комбинаттарын ашып, балалар оны аяқтағанда сертификат алатындай жағдай жасалған. Қазір мұнда оқыған балалар аттестатпен қатар тігінші, аспаз мамандықтарын оқығаны жөнінде құжат алып отыр», дейді Зәуре Әнуарбекқызы.

Қор өкілдері жоба арқылы ауылдағы тірек мектептері НЗМ-мен бірлескен бастама нәтижесінде ресурстық орталыққа айналуы ке­ректігін айтады. Мектеп мұғалім­дері НЗМ-нен өткен тәжіри­бесін аудандағы басқа білім ошақ­тарындағы әріптестеріне таратады.

«Былтыр мұғалімдеріміз кәсіби біліктілігін жетілдіру мақсатында Қызылорда, Шымкент, Түркістан қалаларындағы курстарға қатысты. Оның нәтижесі де көрініп отыр. Оқушыларымыз республикалық ауыл мектептері арасындағы олим­пиадаға қатысып, бас жүлде иеленді. Білім ошағына «Ең үздік ауыл мектебі» аталымы тапсырылды. Қор қолдауы үлкен серпіліс берді. Білім сапасы да жыл сайын көтеріліп келеді. Талай жетістікке жетуімізге септігін тигізген қорға ауыл адамдары да, ұстаздарымыз да дән риза», дейді мектеп-лицей директоры Айнұр Айбосынова.

 

ҚЫЗЫЛОРДА