
Мақаламыздың кейіпкері Алматы қаласындағы №90 мамандандырылған мектептің директоры, «Ы.Алтынсарин» атындағы және «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, 1-санатты басшы, шебер оқытушы Бұлбұл Расбекқызы балаға білімнің нәрін құйып, нұрын шашатын, күш-жігер беріп, өзін де, өзгені де қанаттандыра алатын ұстаз еңбегін «Тау өзені» әдістемелік құралында осылайша дәріптейді. Білікті маманның өскелең ұрпаққа саналы тәрбие, сапалы білім берудегі 30 жылдан астам тәжірибесі осы еңбекте айқын көрініс берген.
1992 жылы Жамбыл педагогикалық институтын бітіріп, еңбек жолын неміс және ағылшын тілдері оқытушысынан бастаған Бұлбұл Расбекқызы мамандарға аса қажеттілік туындаған жылдары Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетін «Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы» мамандығы бойынша тәмамдайды. Қосымша білім беру орталығы, білім бөлімінде істеген жылдарда, сондай-ақ №98 мектептегі оқытушылық қызметінде жинаған тәжірибесімен шыңдалды. Кейіннен №120 мектепте директордың оқу және тәрбие жөніндегі орынбасары болып істей жүріп, қазақ тілі мен әдебиетін оқытуда тың ізденістерімен көзге түсті. Осы жылдарда кәсіби өсуге басты мән берген білікті маман «Білім берудегі менеджмент», «Мектепті тиімді басқару», «Болашақтың болашағы мектебі», «Жеке қаржы және бюджеттеу, инклюзивті білім беру үдерісін қалыптастыру», «Шексіз мазмұн: жаңа мектепті жобалау» бағытында білімін жетілдіреді.
Бұлбұл Расбекқызының мектеп жұмысын дамытудағы еңбегі қаладағы №15 гимназияның басшылығы тұсында жоғары нәтижесін берді. Гимназияның басқару тәжірибесі ғана емес, сапалы білім берудегі үлгісі қала мектептеріне кең таралды. Еліміздің көптеген түлегі шетел университеттерінің грантына ие болды. Гимназияны басқарған 14 жылдан астам уақытта мектептегі менеджментті дамытып, білім ошағын үздіктер қатарына қосты. Білгенін өзгелерге үйретуден жалықпаған білікті басшы бүгінгі күні де жас мамандарға тәлімгер болып, кеңесін беруден жалыққан емес. №15 гимназия ұжымы былтыр Алматы қаласы әкімінің 68 млн теңге грантын жеңіп алды. Бұл қаражат мектептің инфрақұрылымын жетілдіруге жұмсалып, білім ордасын жаңа бір белестерге жетеледі.
«Директор – педагогикалық, ғылыми-әдістемелік, ұйымдастыру басқару міндеттерін шешуге қажетті жалпы теориялық пәндер негізін терең меңгерген білікті маман болуға тиіс. Өз кәсібінде жауапкершілік, табандылық, қайырымдылық негіздерін басшылыққа алады. Кез келген мектеп директоры білікті басшы болуға ұмтылуы заңдылық. Өйткені мектеп жетістігі басшының іскерлігіне байланысты. Директор білікті ұйымдастырушы ғана емес, бүгінгі күн талаптарына бейім кәсіп иесі, менеджер үдесінен шығуға тиіс. Мұғалімнің міндеті оқушыға сапалы білім беру ғана емес, оның тұлға болып қалыптасуына ықпал ету. Осы орайда әрбір мектептің, білікті ұстаз, заманауи директорлардың тәжірибесі жас мамандарға өнеге, үлгі болса деймін. Осы әдістемелік құралды жазудағы мақсатым да жас директор әріптестеріме қолдау көрсету еді», дейді ол.
Биылғы оқу жылында №90 мектептің басшылығына тағайындалған Бұлбұл Расбекқызы білім сапасын арттыру бағытында бәсекелестік орта қалыптастыруға басымдық беріп отырғанын айтады. Қазір аталған білім ошағын білікті кадрлармен қамтамасыз етіп, қолайлы жағдай жасау басты назарда тұр. О.Жәутіков атындағы РММ, НЗМ мектептерінің оқу бағдарын зерттеп, озық тәжірибесіне назар аударып отырған мектепте мұғалімнің жүктемесін азайту көзделіп отыр. Қазіргі таңда бала тәрбиесіне өте көп көңіл бөлу қажет болып отырған жағдайда «Адал азамат – біртұтас тәрбие» бағдарламасы бойынша мектепте көптеген мазмұнды іс-шара іске асып жатыр. Балаға сапалы білім берумен қатар, қауіпсіздігі басты назарда тұр. Осы орайда тәрбие барысымен қатар пән мұғалімдеріне түсетін салмақты азайту мақсатында да тиімді әдістер қолға алына бастады» деп атап өтті директор. Әңгіме барысында саладағы түйткілді жайттармен бөліскен Бұлбұл Расбекқызы тәрбие мен білім беруде өткен ғасырдың 90-жылдары жіберген олқылықтың салдарына қынжылысын білдірді. Көптеген білікті кадр жұмыстан кетіп, салаға мұғалімдікке қатысы жоқ мамандар келді. Кейінгі жылдары осы олқылықтарды жою мақсатында мемлекет тарапынан ауқымды бағдарламалар іске аса бастады. «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданды. Мұғалімдердің айлығы көтерілді, қоғамдық жұмыстардан босатылды. Сонымен қатар педагогикалық мамандықтарға шекті балл көтерілді. Осындай игілікті істер барысына тоқталып өткен Бұлбұл Расбекқызы «Жақсы оқып, жүрек қалауымен мұғалімдікті таңдаған түлектердің мектепке келуімен білім сапасы артады. Қазіргі кезде мектебімізде әсіресе, орыс сыныптарында химия, биология, орыс тілі, информатикадан, бастауыш сынып мұғалімдері жетіспейді. Ендігі кезекте мектепте қордаланған мәселелер бірте-бірте шешілетін болады», дейді Б.Расбекқызы.
АЛМАТЫ