Оқиға • 09 Қазан, 2025

Екібастұзда үй өртеніп, 6 адам тірідей жанып кетті

70 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Екібастұздың ауылдық аймағында жеке шаруашылықтың үйі мен шаруашылық ғимараттары өртенген. Тілсіз жаудың салдарынан үйде болған 6 адам өртеніп кеткен, деп хабарлайды Egemen.kz.

Екібастұзда үй өртеніп, 6 адам тірідей жанып кетті

фото: ашық дереккөз

Солнечный кентіне қарасты шаруа қожалықтарының бірінде тұрғын үй мен өзге де шаруашылық ғимараттары жанған.

- Кенттен 7 шақырым жердегі шаруа қожалығының ғимараттары жанып жатқаны туралы хабарлама бүгін сағат 06.34-те келіп түсті. Оқиға орнына жедел түрде төтенше жағдай департаментінің күштері мен өрт сөндіру құралдары, Екібастұз ГРЭС-2 стансасының өртке қарсы құрылымдары, Солнечный кентінің өрт сөндіру бекеті жұмылдырылды. Құтқарушылар тілсіз жауды ауыздықтау барысында әрқайсысы 27 литрлік 8 газ баллонын сыртқа алып шықты. Белгілі болғандай, өрт жеке тұрғын үйді толықтай шарпып, жақын маңдағы шаруашылық ғимараттарына таралған. Жалпы ауданы 930 шаршы метр аумақты құраған, - деп хабарлады өңірлік төтенше жағдайлар департаментінен.

Оқиға кезінде үйде 7 адам болған. 1972 жылы туған ер адам сыртқа өз бетімен шығып үлгерген. Құтқарушылар оқиға орнынан (үй ішінен) 6 адамның денесін тапқан. Марқұмдардың жеке бастары анықталып жатыр. Тергеу органдары қайғылы оқиғаның мән-жайын анықтауға кірісті. Зардап шеккен адам емдеу мекемесіне жеткізіліп, қажетті ем-дом көрсетілуде.

Төтенше жағдай департаменті қайтыс болғандардың барлығы ересек екенін, араларында балалар болмағанын мәлімдеді.

Өртті сөндіруге құтқарушылардың жеке құрамынан 30 адам және 10 техника қатысқан.

Павлодар облысы

Соңғы жаңалықтар

Панфиловке баратын жол жаңарды

Инфрақұрылым • Кеше