Digital • Бүгін, 08:38

«Unitree Go2 Pro» – болашақтың роботы

40 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті «Jiangsu Huibo Robotics Technology» компаниясымен бірлесіп, оқу орнынан «Цифрлық технологиялар және роботтехника» халықаралық институты мен роботтехника орталығын ашты.

«Unitree Go2 Pro» – болашақтың роботы

Басты мақсат – цифрлық инженерия, жасанды интеллект және роботтехника салаларында жаңа буын мамандарын даярлау. «Цифрлық технологиялар және роботтехника» халықаралық институтының жұмысымен таныстырған директордың орынбасары Дамир Жаңабергеннің айтуын­ша, мұнда студенттер тек теорияны ғана қоймай, заманауи өндірістік үрдістерді тәжірибе жүзінде меңгереді. Цифрлық және зияткерлік шеберханада 8 заманауи робот және 5 оқу кешені бар. Маңыздысы, цифрлық зауыт. Мұнда цифрлық жобалау, механика мен электртехниканың негіздері оқытылып, виртуалды сынақ жүргізуді біріктіретін оқу жүйесі жабдықталған.

«Студенттер қауіпсіз цифрлық кеңістікте өндірісті іске қосып, өздері басқара алады. Зауыттағыдай тәжірибе жинақтау мүмкіндігіне ие. Қазіргі таңда еліміздегі зауыттар мен өнеркәсіп орындары өндірісті автоматтандыруды қарқынды қолға алды. Дегенмен тәжірибесі мол, білікті мамандар тапшы. Осы себептен көптеген өндіріс орындары мамандарын даярлау үшін шетелге тағылымдамаға жіберуге мәжбүр. Яғни жоғары деңгейлі кәсіби маман табу айтарлықтай қиын. Біздің негізгі мақсатымыздың бірі – осы мәселені шешу», дейді ол.

роб

Шеберханада студенттер болашақ мамандықтарына қажетті дағдыларды жинақтайды. Мұнда жасанды интеллект саласына айрықша көңіл бөлініп отыр. Шеберханада қолданылып жатқан роботтар мен оқу кешендері жасанды интеллектпен қамтылған. Келесі маңызды оқу кешені – жасанды интеллект пен тереңдетіп оқытуға негізделген Машиналық көру жүйесі. Арнайы камералар, линзалар және жарықтандырудың көмегімен студенттер роботтардың айналаны қалай бақылайтындығын, заттарды анықтау, ақауларды өлшеу және бақылау дағдыларын меңгереді. Сонымен қатар бұл жүйе өнеркәсіптегі сапаны бақылау үдерістерін түсінуге мүмкіндік береді.

робот

Күнделікті тәжірибеде Ақтөс және Құтжол деп аталып кеткен заманауи төрт аяқты робот-иттер – «Unitree Go2 Pro» – болашақтың роботы. «Бұл робот жай ғана қозғалып жүретін құрылғы емес, ол – жасанды интеллектіге негізделген нағыз интеллектуалды жүйе. Оның бойында қуатты процессор, түрлі сенсорлар, «4D LiDAR» жүйесі мен кең бұрышты камералар бар. Осылардың арқасында робот айналасын толық көріп, кедергілерді анықтап, өз жолын таба алады. «Unitree Go2 Pro»-ның басты артықшылығы – «SLAM» технологиясы. Бұл бір мезетте картаны жасап, өз орнын анықтай алатын жүйе. Яғни робот бейтаныс бөлмеге кірген кезде, сол ортаны сканерлеп, картасын жасап, карта бойынша еркін қозғала алады. Шамамен 15 кило салмақтағы роботтың сипаттамасы да ерекше. Секундына 3,5 метрге дейін жүгіріп, 8 кг дейінгі жүкті көтере алады. Тіпті 40 градусқа дейінгі еңіс беткеймен де қозғала алады. Робот студенттерге өте құнды құрал. Студенттер мұнда роботты басқарып, қозғалысын жоспарлап, код жазып, «SLAM» жүйесін қолданып,, сенсорлармен жұмыс істеуді үйренеді. Тәжірибеде жасанды интеллект пен машиналық көрудің қалай жұмыс істейтінін түсінеді. Қолдану салалары өте кең. Білім беруде, ғылыми зерттеулерде, өнеркәсіптегі мониторинг пен инспекция­да, логистикада, тіпті қызмет көрсету саласында да пайдалануға болады.

 

АЛМАТЫ