Республика күні • Кеше

Он үш жылдан кейін оралған мереке

30 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

35 жыл бұрын елімізді егемендікке бастаған «Егемендік туралы декларация» қабылданған еді. Құнды құжат шекарамызды шегендеуге, дербес экономикалық, құқықтық саясат жүргізіп, қарулы күштерімізді құруға, мемлекеттік басқару тетігін айқындауға жол ашқан алғышарт болды, деп жазады Egemen.kz.

 

Он үш жылдан кейін оралған мереке

Фото: e-history

Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы Жоғарғы кеңес отырысына егемендік туралы декларацияның бірнеше жобасы ұсынылған. Ал негізгі жоба академик Салық Зимановтың басшылығымен жасалған. Тағы бір нұсқасына «Демократиялық Қазақстан» депутаттық тобы бастамашылық еткен. 

Осы бір сындарлы тұстарды ұлы істің басы-қасында болған ҚР Академиясының академигі Қуаныш Сұлтанов сол тарихи сәттер туралы былай дейді: «Жоғарғы кеңесте өте қызу пікір­та­лас жүрді. Депутаттардың алдында ше­­шілмеген сан мәселе тұрды. Ол уа­қытта бүкіл жұмыс Орталық арқылы жүр­­гізілетін. Еліміздегі кәсіпорын­дар­дың 93 пайызы тікелей Мәскеуге бағы­на­тын. Дербес мемлекет болғаннан ке­йін соның бәрі өз мемлекетіміздің құ­зы­ретіне өтуі керек еді. Бірақ ол оңай болған жоқ. Сол кезде елімізде де, Жоғарғы кеңесте де жергілікті ұлт өкілдерінің аз, азаттық алуды емес, КСРО-ны сақтап қалуды жақтаған де­путат­тардың көп болуы аталған мәсе­ле­лерді шешуге өз кедергісін кел­­тір­ді. Дегенмен Салық Зиманов бас­та­ған марғасқа ғалымдарымыздың, ұлт­жан­ды депутаттардың ықпалымен басым да­уыс жинап, көптен күткен Мем­ле­кет­тік егемендік туралы декларация қабылданып, дербес мемлекет атан­дық. Бұл оқиға – біздің азаттық алар жолы­мыз­дағы алғашқы қадам».

Нар тұлғалар бастамашылық еткен Декларацияның мазмұны сол уақыт үшін аса батыл әрі жаңашыл еді. Онда мынадай тарихи қағидалар бекітілді:

- Қазақстан аумағы бөлінбейтін және тұтас деп жарияланды;

- Республика өз азаматтығын, мемлекеттік билік пен басқару жүйесін дербес белгілейтін болды;

- Қазақстан жеріндегі табиғи ресурстар, байлықтар мен өндіріс құралдары халықтың меншігі деп танылды;

- Республиканың ішкі және сыртқы саясатта дербес әрекет ету құқығы бекітілді;

-Қазақстанның заңдары одақтық заңдардан жоғары деп танылды;

- Алғаш рет мемлекеттік егемендік, ұлттық мәдениетті сақтау, тіл мен дәстүрді дамыту ұғымдары ресми түрде жарияланды.

Осындай тағдырлы шешіммен қол жеткізілген декларация қабылданған күннің бүгінге жету жолы да сан алуан. 

2001 жылы елімізде «Мерекелер туралы» заң қабылданып, Республика күні мемлекеттік мереке мәртебесіне ие болса, 2009 жылғы 22 сәуірде ҚР Парламенті «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын мақұлдады. Сол түзетулердің негізінде 25 қазан – Республика күні мемлекеттік мерекелер тізімінен алынып тасталды.

Ал Тәуелсіздіктің тірегі болған тарихи құжат қабылданған күнге Ұлттық мереке мәртебесі  Ұлытау төрінде өткен құрылтайда ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен берілді. 

Осылайша егемендік бастауы болған күн араға 13 жыл салып қайта тойлана бастады.