Білім • 24 Қазан, 2025

Инклюзивті білім мен тәрбиенің үйлесімі

30 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Бүгінде елімізде ерекше қажеттілігі бар балалар саны 240 мыңнан асады. Осы бағытта іске асып жатқан мемлекеттік бағдарламалар олардың қоғаммен ықпалдастығын, білімге қолжетімділігін көздейді. Алматыда өткен Инклюзивті білім берудің І Дүниежүзілік конгресінде инклюзиялық қоғам құрудың келелі мәселелері талқыланып, әлемнің 40-тан астам елінен келген сарапшылар тәжірибесімен бөлісті.

Инклюзивті білім мен тәрбиенің үйлесімі

Оқу-ағарту министрлігі, Алматы қаласының әкімдігі, «HOPE» қоры, International Forums of Inclusion Practitioners қолдауымен өткен конгресс «Инклюзивті білім берудегі жаһандық трендтер: сын-қатер­лер мен шешімдер» тақырыбын­дағы дөңгелек үстелмен басталды. Ауқымды іс-шарада ерек­ше қажеттілігі бар балаларды әлеуметтендірудегі мемлекеттік саясат, реформаларды іске асыру барысы талқыланды.

Дөңгелек үстелде Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Президент тапсырмасымен іске асып жатқан басым бағыттар жөнінде баяндады. Биыл жыл басында Лондонда өткен беделді BettShow-да IFIP қауымдастығы елімізде инклюзивті білім беру­дегі атқарылып жатқан жұмыс­тар­ды жоғары бағалап, конгресті Алматыда өткізу туралы келі­сім жасалған болатын. Министр атап өткендей, мұндай ауқымды іс-шараны елімізде өткізудің салмағы басым әрі дамыған елдердің инклюзивті білім жүйесіндегі озық тәжірибелерін қолдану сала мамандарына үлкен жауапкершілік жүктейді.

«Елімізде инклюзивті білімді дамыту – Президент бастамасымен жүзеге асып жат­қан әлеуметтік реформалардың ма­­ңыз­ды бағыты. Қазіргі кезде балаларға тең әрі қолжетімді, қауіпсіз орта қалыптасты­руға, сапалы білімге бағытталған ауқым­ды әлеуметтік реформалар жүйелі жүзеге асып жатыр. 2021 жылы Президенттің бас­тамасымен бар­лық баланың ерекше білім беру қажеттігін ескеретін «Инклюзив­ті білім беру мәселелері бойынша Қазақ­стан Республикасы­­ның кей­­бір заңнама­лық актілері­не өзге­рістер мен толық­тыру­лар енгізу туралы» заң қабылдан­ды. Бұл құжат ерекше білімге қа­жеттілігі бар балалардың сапалы білім алуына, құқын қорғауға, мүмкіндіктерін кеңей­туге бағытталған заңнамалық база­ны айтарлықтай күшейтті. Мем­ле­кет тарапынан инклю­зив­ті білім жүйесінде бар­лық дең­гей­де оқытуға жағдай жасау кепілдігі бекітіліп, психология­лық-педагогикалық сүйемелдеу мен білім қажеттілігін бағалау тетігі енгізілді. Мұнымен қоса Мемлекет басшысының Ұлт­тық құрылтайдың IV отырысында берген тапсырмасына сәйкес «Мүмкіндігі шектеулі балаларды кешенді қолдау туралы» заң жобасы әзірленді. Бұл құжат алғаш рет білім, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау салалары­ның өзара іс-қимылын біріктіре­тін кешенді тәсілге негізделіп, нәти­жесінде ерекше қажеттілігі бар балалардың білім алу, меди­циналық, әлеуметтік қызметтерге қол жеткізуін ведомствоаралық үйлестіру тиімділігі арта түсті», деді министр.

пр

Жиында Парламент Мәжілі­сі­ Әлеу­меттік мәдени даму және ғылым коми­тетінің хатшысы Айнұр Арғынбекова, Тәжікстан Республикасының Білім және ғылым министрі Саидзода Рахим Хамро инклю­зивті қолайлы білім ортасын қалыптастыру жөніндегі шешімдерге тоқталды. Өз кезе­гінде қала әкімінің орынбасары Азамат Қалдыбеков: «Алматы – елі­міздің ірі мегаполисі. Бүгінде қала сая­сатын­ың барлық ба­ғытына инклюзивті тәсіл­­ді дәйекті түрде енгізіп келеміз. Білім­ге ерек­ше көңіл бөлініп жатыр. Ол инф­ра­құ­ры­лымды дамыту, қолайлы білім ортасын қалыптастыру, педагогтерді жүйе­лі оқы­тумен тығыз байланысты», деп атап өтті.

Пленарлық сессияда Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев­тың конгресс қатысу­шыларына құт­тық­та­уын төраға орынбасары Ольга Перепечина жет­кізіп, «SEAMEO Secretariat» директоры Датук Хабиба Абдул Рахим, Алматыдағы UNESCO Regional Bureau директоры Амир Пирич, UNICEF өңірлік кеңесшісі Нора Шабани, International Forum of Inclusion Practitioners (IFIP) президенті Даниэль Собель әлем­де инклюзиялық орта құру туралы пікірін ортаға салды. Ма­рок­ко білім министрлігінің өкі­лі Лубна Белаббес, Ноттин­гем уни­верситетінің проректоры ­Умеш Шарма, Әзербайжанның Мек­тепке дейінгі және жалпы білім жөніндегі мемлекеттік агент­тігі ­ди­рек­торының орынбасары ­Ягуб­лу Вафа Мисировна, Босния ­және Герцеговина Федерация­сы­­ Сараево кантоны Тәрбие және білім мәселелері жөнін­дегі министрлігінің өкілі Мелисса Миздрак, Google for Education өкілі Крис Блейни, сондай-ақ сәулет­ші, «Fuji Kindergarten» жобасы­ның авторы Тахакура Тэдзука, «No Isolation» компаниясының ди­ректоры Мортен Йоргенсен, инклю­зивті білім саласын­дағы әлеуметтік кәсіпкер Томас Кини білім саласындағы иннова­циялар, цифрландыру, жасанды интеллект технологияларын енгізудегі тәжірибелерге тоқталды.

Сессияда Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова елімізде ерекше балаларды қолдау инфра­құрылымының даму бары­сын атап өтті. Айтуынша, психо­­логиялық-педагогикалық сүйе­мел­деудің үшдеңгейлі моделі, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі балаларға ар­найы стандарты әзірленді. Бала­ларды сүйемелдеу, қолдау мақса­тында білім ұйымдарының типтік штаттарына жаңа лауазымдар енгізіліп, нәтижесінде мектептерде 10 мың­ға жуық арнайы педа­гог пси­хологиялық-педагогика­лық қол­дау көрсетіп жатыр. Мыңға жуық бала жеке көмекшімен қам­ты­лып, балабақшалар мен колледж­дерде педагог-ассистент лауазымы енгізілді. Инклюзивті білімге жағдай жасалған білім ұйымдарының үлесі – 91, ар­на­йы психологиялық-педагогикалық қол­даумен қамту 85%-ға жеткен.

Бүгінде елімізде 509 арнайы ұйым, соның ішінде 46 арнайы балабақша, 99 арнайы мектеп, 110 ПМПК, 230 түзету кабинеті, 11 аутизм орталығы, 13 оңалту орталығы жұмыс істеп жатыр. Сонымен қатар өңірлерде мың­нан астам қолдау кабинеті ашыл­ған. Аутизм орталықтарының же­лісі кеңейіп, балаларды туған­нан бастап мамандық алғанға дейін сүйемелдеу тұжырымдамасы бекітілді. Кейінгі екі жылда оқу-әдістемелік базаны жетілдіру мақсатында 97 оқулық, 88 типтік бағдарлама, 50 әдістемелік ұсы­ным әзірленді. Психологиялық-педагогикалық сүйемелдеуді ­29 мыңнан астам маман қамтамасыз ететін болса, олардың 10 мың­нан астамын арнайы педагогтер құрайды. Бүгінде инклюзивті білім тиімділігін арттыруда цифрландыру маңыз­ды рөл атқа­рады. Ұлттық білім деректер қорында арнайы модульдер іске қосылып, қызметтер толық автоматтандырылды. Бұл жүйе мемлекеттік ақпараттық жүйелермен интеграцияланып, нәтижесінде психологиялық-ме­ди­циналық-педагогикалық кон­сультация­лардағы кезек 50%-ға дейін қысқарған.

Конгресс барысында әрбір баланың тең құқылы білім алуын көздейтін «Инклюзивті білім жөніндегі» Алматы декларациясы қабылданды.

«Декларация – адам капиталын дамыту, әлеуметтік бірлікті нығайту, заманауи технологиялар арқылы жаңа мүмкіндіктер ашуға нақты бағдар. Еліміз тарапынан ұсынылған декларация әр баланың әлеуетін толық ашуға бағытталған. «Білім – баршаға» қағидаты аясында инклюзивті білімді қажет ететін тұлға­лардың сапалы, қолжетімді білім алуын қамтамасыз ететініне сенеміз. Инклюзивті білім – құндылықтардың, болашаққа құрылған сенімнің айнасы. Ол – әділетті, қамқор, баршаға ашық мемлекеттің негізі», деп атап өтті Оқу-ағарту министрі.

Алматы декларациясында ұлт­тық үкіметтерге, білім ұйым­дарына, халық­аралық қауым­дас­тыққа арналған білім алмасу, тәжірибе тарату платфор­мала­рын құру, бірлескен жобаларды дамыту, қолдау, дамушы елдерге көмек көрсетуді кеңейту, әртүрлі сала­ арасындағы серіктестікті нығай­ту, корпоративтік, халықаралық ұйымдарды тарту, инклюзивті білімге қатысты монито­ринг жүргізу, есеп беру тетіктерін енгізу сияқты ұсыныстар қамтылған.

Алматы декларациясы қаты­сушылар­мен мақұлданып, конгресс ұстанымын бейнелейтін құжат ретінде ЮНЕСКО-ға жолданды. Инклюзивті білімді дамыту саясатын қалыптастыру үшін пайдалану мақсатында қатысу­шы мемлекеттер арасында таратылатын болады. Бұл – еліміз­дің инклюзивті білімді жаһан­дық деңгейде ілгері­летуге қосқан маңызды үлесі, халық­аралық ынтымақтастықты нығайтуға, жаңа серіктестіктер орнатуға, әрбір баланың әлеуетін ашуға бағытталған бірегей бастама.

Конгресте цифрлық технологиялар, білім, қолжетімді орта қалыптастырудағы шешім­дерді ұсынатын «Innovation Expo» инновациялар көрмесі ұйымдас­тырылды. Оның барысында Қазақстан, Ұлыбри­та­ния, Қытай, АҚШ, Польша, Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінен қатысқан 10-нан ас­там ком­пания өз өнімдерін таныстырды.

 

АЛМАТЫ