Бұл – ұлы ақын көзімен суреттеген Мұхтар Әуезовтің әйгілі «Абай жолындағы» көрініс. Осы суреттеудегі өзгеше көктем нұры Астана қаласының әкімдігіне қарасты Музыкалық жас көрермен театрының сахнасына да қонақтаған. Себебі театр алғашқы өнерін «Абай – Тоғжан» спектаклімен бастап, өзгеше сәнімен көрерменнің сүйікті досына айналды. Бір қарағанда, аядай ғана сахна. Алайда сол аядай сахнаны өзгеше әлемге айналдырған театр ұжымының өнері.
Көрермен аншлагтің қандай болатынын осы театрдан көрді. Әр спектакльді жібермейтін деңгейге көтерілді. Бұл деңгейге апарған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, режиссер Асхат Максимұлы Маемировтың еңбегі дер едік. Ашылғанына бес-ақ жыл болса да, театр бірден ауызға ілікті.
Өнер ордасы шымылдығын «Абай – Тоғжан» спектаклімен ашылуының өзі қазақ мәдениетіне, ұлы Абай Құнанбайұлының тұлғасына көрсетілген құрмет екені сөзсіз. 2020 жылы 14 желтоқсандағы премьера Тәуелсіздік күні мен Абайдың 175 жылдық мерейтойына орайластырылды.
Абайдың жас кезін Аян Төлепберген, ақынның анасы Ұлжанның бейнесін Канн фестивалінің лауреаты Самал Еслямова, Оспан рөлін Асылхан Төлепов, Тоғжанды көз алдымызға келтірген Арлеана Амангелдиева және осы қойылымдағы актерлердің бәрі режиссердің ұлы Абайға деген құрметін жеткізуге жандарын сала еңбек етті. Әлі де солай. Театр сахнасынан «Абай – Тоғжан» түскен емес, осындай ұжым барда бұл қойылымның өмірі ұзақ екеніне сөз жоқ. Себебі аядай сахнаға жан бітірген өнер ұжымының еңбегін байқамау мүмкін емес. Өзгеше әлемді сезіндіреді. Ағасына еркелеген Оспанның қылықтарына күліп отырып, қосыла алмаған ғашықтар сезімін ойлайсыз. «Абай жолындағы» шағын эпизодтың өзінен тұтас спектакль ұсынған режиссердің шеберлігі тәнті етеді. Туындыға инсценировка ұсынған Мирас Әбілдің де еңбегін атап өткен жөн.
Шығармашылық топтың әкені тым қатал етіп көрсетпей, сол кездегі түсінбестіктен туған жағдайды «сүйінші» сұрағандай қылмай, Ұлжан ананың сөзі арқылы салт-дәстүрді сақтау жолына бұруы ұтымды шыққан. Ұлы ананың бейнесін ашуда Самал Еслямованың жанға жайлы биязы даусы да әдемі үйлесім тапты.
Спектакльде нәзіктікті сездірер жеңіл ақ перделерді режиссер рәміз ретінде таңдағаны анық. Екі жас бір-біріне айтар ой-сезімдерін осы нәзік кеңістік арқылы өте жүріп жеткізеді. Осы нәзік ақ перделер көрерменді әдемі ой құшағына алады. Болашақ ұлы ақын ғашық болған арудың жан тазалығын көрерменге жеткізетін ақ сәуле сияқты.
Театр әр маусым шымылдығын «Абай – Тоғжанмен» ашады. Демек көрермендеріне осылай өзгеше көктем сыйлап келеді.
«...Раушан жүзін көргенде,
Сәулем-ау, мейірім қанбас...»
Қазақстанның Еңбек Ері Дулат Исабеков «Гауһартас» повесінде: «Салтанат өзге дүниенің бәрін мүлде ұмытып кеткен секілді. Осы даладағы сұлулық біткен Салтанаттың кеудесіне кеп құйылып жатса, оның өн бойындағы сұлулық көмейінен ән боп төгіліп, төңіректі жаңа леп, жаңа нұрға бөлеп тұрған сияқты», деп жазған еді.
Музыкалық жас көрермен театры алғаш сахналаған «Гауһартас», шын мәнінде, сұлулықты таныстырудағы құтты қадам болды. Қазақ қызының жан сұлулығын әйгіледі. Спектакль өнердің жақұтына айналды. Қойылым премьерасында Инабат Ризабекқызы – Салтанат, Оразалы Игілік – Тастан, Асылхан Төлепов – Қайыркен, т.б. рөлдерді сомдады. Осы кезге дейін «Гауһартас» қанша сахналанса да, әлі күнге дейін аншлагпен өтеді. Халықтың бір емес, бірнеше келіп көруі Музыкалық жас көрермен театрының абыройын асқақтатты.
«Абай – Тоғжанда» нәзік ақ перделер көңілдегі ақ сезімдерді тербетсе, «Гауһартастағы» сәукеле қалыңдықтың рәмізі ретінде ғана емес, отбасы құндылығын құрметтеуге шақырады. Аяулы Салтанаттың қайтыс болар сәтінде тұмарға арқа тіреп тұра қалуы ше? Режиссердің символдарды шебер ойната білуінен «Салтанат, сен үшін дұғадамыз» деген үлкен мазмұнға жетелейді. Салтанаттың тағдыры арқылы нәзік жанды қорғау, сыйлау – жүректерге жол тапты.
Ана болу бақыты бұйырмаған аяулы Салтанаттың тағдырына налымайтын көрермен болмайды. Спектакль соңында көзіне жас алған көрермен аз емесіне куә болдық, бір емес, қанша барсаңыз да, барған жұрт осыны айтады.
Әр қойылымның өзіндік ерекшелігі бар. Бір көрермен Қайыркен жеңгесіне қазақ дәстүрімен қайын іні ретінде еркелейді, реті келгенде, әзілін жарастырады десе, енді бірі Салтанатқа ғашық деген ойға қалады екен. Әртістер осылай да көрерменге ой салып, өнердің қызығын арттыра түседі.
Қазақ әнін халықтық деңгейге көтерген Шәмші Қалдаяқовқа арналған «Шәмші» спектаклінің де көрерменге берері аз емес. Режиссер көрнекті композитордың өмір жолын көрсету үшін үш Шәмшіні бір сахнада ойнатады. Оның өмір жолы, тұлғалық дамуы мен өнер жолын талғаммен ұсынды. Көрермен спектакль көре отырып, қазақ өнеріне деген мақтаныш пен құрметті сезінеді. Әдемі әндердің құшағында тербеледі.
Рас, бұл қойылымды музыканың көптігі ерекшелейді. Осы күні ұмытылып бара жатқан халық әні «Құдаша», Біржанның «Ләйлім шырақ» әндері жаңа тыныс тапты. Әндермен бірге театр актерлері ойнаған билер де жастар арасында кең тарады.
Санадағы ақ сәуле – театрдың көрерменге сыйлайтын олжасы. Бұл ұжым «Shanel 5», «Мәншүк» спектакльдерін ұсынып, «тарихыңды біл» дейді. «Шәмші», «Ғашық жүрек», «Әміре» қойылымдарын ұсынып, «өнерді қадірле» дейді. «Қыз Жібекті» сахналап, халықтың жауһар жырын ұлттық құндылықты бағалауға үндейді. Арасында «Сылаң қыздың» әдемі қылықтарына мәз қылады. «Махаббат жағалауына» апарып, «Қоштасқым келмейдіні» ойнатып, өнердің көл-көсір рахатына бөлейді.
Сахнада гүл жайнаған жастар ән салса да, би билесе де, көрерменді баурап алатын сиқырлы, өзгеше әлемді әйгілейді. Бір-біріне деген сыйластығы ерекше. Аядай сахнаға қаншасы шықса да, «көңіл сыйса бәрі сыяды» дегенді танытып, бір-бірін қолдап, дөңгелене билей жөнелгенде, көңіл де толады, көз де тояды.
Ұжымның ұйымшылдығын тек сахнадағы ойыннан ғана көрмейміз, мұнда жүрек қалауымен жұптасып, отбасын құрған 16 шаңырақ бар. Бәрі театр атты үлкен әулеттің балалары сияқты. Оларды ағалық тілегімен қолдап жүретін басшы Асхат Маемиров бар.
Асхат Максимұлы Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінде ұстаз, РhD, профессор. Шәкірттері осындай бірлігі жарасқан өнер ұжымымен тығыз байланыста. Дуалды білім беру үлгісін ұстаз осылайша көрсетіп жүр. Еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған талантты жастарға білім берумен қатар өнер әлемінде де бірге екенін танытты. Тіпті Самал Еслямованы арнайы шақырып алғанын да ұмытқан жоқпыз.
Бұл театрда кілең жастар қызмет етеді. Иә, солай. Бірақ олардың мықтылығы сонша, қай кейіпкерді сомдау қажет болса, бәрін де айнытпай ойнап бере алады. Тіпті қарияның образын сомдау керек болса, оған да дайын.
Жақында театрдың алтыншы маусымы ашылды. «Шәкәрім» спектаклінің үш күнгі премьерасы аншлагпен өтті. Бұл – жаңа ауқым, биік деңгейді танытатын өнер туындысы. Тағы да маңдай терімен, жаңа оймен көрермен үшін өзгеше көктем сезімін сыйлайтын жаңа маусым басталды. Көктем тек жыл маусымы емес, ол – театрдың көрермен көңіліне сыйлайтын өзгеше шуағы. Қазақ елінің астанасы дегенде, Музыкалық жас көрермен театры Астана өнерін ұялмай көрсететін және іздеп келетін өнер ордасына айналды.
Айтпақшы, сөзіміздің басында «аядай ғана сахна» дегенді айттық. Рас, сахнаның шағын болуы болашақта қолға алатын үлкен шаруаның басы мен бәсін аңғартады. Музыкалық жас көрермен театрының арнайы үлкен ғимараты болғаны абзал. Келуші көп, өзгеше көктем әр көрерменнің жүрегіне жетуі керек.
Риза ӘЛМҰХАН,
филология ғылымдарының докторы, өнертанушы