 
                                        Суретті түсіргендер – А.Дүйсенбаев, Е.ҮКІБАЕВ
Әлеуеті зор жаңа терминал
Президентке әуежай қызметі, ішкі және халықаралық әуе рейстеріне қызмет көрсету үдерісі жөнінде баяндалды.
Мемлекет басшысына жолаушыларды тіркеу және тексеру аймақтары, шекаралық-кедендік бақылау пункттері, күту залы, сондай-ақ автоматтандырылған жүк беру жүйесі көрсетілді.
Жаңа терминал былтыр қараша айында ашылған. Жобаға 16,6 млрд теңге көлемінде жеке инвестиция салынды. Жергілікті бюджеттен инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымын жүргізуге 4,3 млрд теңге бөлінді.
Әуежайдың өткізу қабілеті жылына 300 мыңнан 500 мың жолаушыға дейін ұлғайды. Нысан Халықаралық азаматтық авиация комитеті (ICAO) мен Халықаралық әуе көлігі қауымдастығының (IATA) жоғары стандарттарына сәйкес келеді.
«Қорқыт ата» әуежайынан Air Astana, FlyArystan және Qazaq Air әуе компаниялары аптасына 29 рейс орындайды. Қазіргі кезде терминал жанынан «Қазаэронавигация» РМК жаңа диспетчерлік мұнара мен әкімшілік-техникалық ғимараттың құрылысын жүргізіп жатыр.
Жобаның іске асуы Сыр өңірінің көлік инфрақұрылымын дамытып қана қоймай, туристік әлеуеті мен инвестициялық тартымдылығын да арттыруға оң септігін тигізеді.
Аймақтың әлеуметтік-экономикалық өрісі
Мемлекет басшысына Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы, инвестициялық жобаларды жүзеге асыру барысы, «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында атқарылған жұмыстар, сондай-ақ облыс орталығы мен елді мекендерді абаттандыру жөнінде мәлімет берілді.
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев кейінгі 4 жылда өңір экономикасына тартылған инвестиция көлемі 233 пайызға артқанын баяндады. Биыл 720 млрд теңгеден аса қаржы тарту жоспарланған. Оның ішінде жеке инвестицияның үлесі 70 пайызды құрайды.

Экономиканы әртараптандыру мақсатында алдағы үш жылда аймақта құны 2 трлн теңгеге жуықтайтын 90 инвестициялық жоба жүзеге асырылады. Бұл 11 мыңнан аса жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Биыл жалпы құны 302 млрд 500 млн теңге болатын 27 нысанды іске қосу жоспарланған. Бүгінде оның тоғызы пайдалануға берілді.
Мемлекет басшысы облыстың қарқынды дамып келе жатқанын айтып, атқарылған жұмыстарға оң бағасын берді.
Сонымен қатар Президентке Қызылорда облысының инвестициялық жобалары таныстырылды.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа Orient Ceramic KZO компаниясының қыш тақта өндіретін зауыты, Fabe Agro жылыжай кешені, With You қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдейтін кәсіпорны, Seven Rivers Technologies компаниясының шыны ыдыстар өндірісі және басқа да жобалар жөнінде баяндалды.
Президентке шыны кластерін дамыту және бу-газ қондырғысы, тау-кен байыту фабрикасы, кальцийлендірілген сода өндіру зауыты, тауарлы сүт фермасы жобаларын іске асыру жоспары жайында айтылды.
Мемлекет басшысы алға қойған жоспарларды уақтылы және сапалы іске асырудың маңызын атап өтті. Сондай-ақ облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевқа инвестициялық климатты жақсарту және бизнес жүргізу үшін қолайлы жағдай жасау бағытындағы жұмыстарды жалғастыруды тапсырды.
Мүмкіндігі мол Өнер орталығы
Мемлекет басшысы көрермен залын аралап көріп, облыстық симфониялық оркестрдің дайындық барысын тамашалады.
Мың орынға арналған көп функционалды Өнер орталығы былтыр ашылған. Кең әрі заманауи үлгідегі ғимарат құрылысына 3,7 млрд теңге жұмсалған. Мұнда концерттер, шығармашылық кештері мен түрлі қоғамдық іс-шаралар ұйымдастырылады. Орталықта бірнеше шығармашылық ұжым орналасқан.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа 2022 жылдан бері облыста 18 мәдениет нысаны ашылғаны туралы мәлімет берілді. Соның ішінде 7 заманауи «Руханият» орталығы, музыкалық колледждің жаңа ғимараты, облыстық тарихи-өлкетану музейі мен шалғай елді мекендерде мәдениет үйлері салынды.
Әкімдік мәдениет саласы қызметкерлерін баспанамен қамту, мамандардың біліктілігін арттыру және озық тәжірибені енгізу бағыттары бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп жатыр.
Емен-жарқын кездесу
Қасым-Жомарт Тоқаев Қызылорда облысына жұмыс сапары барысында өңір жұртшылығымен кездесіп, әңгімелесті.
Президент аймақтың қарқынды дамып келе жатқанына тоқталып, алдағы уақытта да ауқымды жұмыс атқарылатынын айтты. Сондай-ақ бірқатар мәселе бойынша пікірімен бөлісті.
– Дүниежүзіндегі ахуал баршаңызға жақсы мәлім. Әлемдегі жағдай бұлыңғыр, құбылмалы. Сондықтан, ең алдымен, жастарға көңіл аудару қажет. Жастарымыз – дарынды, қабілетті. Оларға дұрыс бағдар көрсетіп, жақсы тәрбие, тәлім беру маңызды. Қазіргі заманда есірткі, нашақорлық секілді сын-қатерлер аз емес. Жастардың болашағы – білімде. Ойы ұшқыр, көкірегі ояу, көзі ашық жастар – біздің келешегіміз. Бәріміз бір ұлт болып, ел үшін, халық үшін жұмыс істеуіміз керек, – деді Президент.

Мемлекет басшысы елімізді өркендету жолында қолға алынған бастамалар жөнінде әңгімеледі.
– «Таза Қазақстан» акциясы кең ауқымда жүргізіліп жатыр. «Таза» деген – жақсы сөз. Ең алдымен, арымыз, ниетіміз таза болуы керек. Жалпы, Қазақстан таза болуы қажет. Бұл – болмысымызға әсер ететін үлкен іс. Екінші – цифрлық мемлекет құру. Заманауи, озық елге айналуымыз керек. Әйтпесе дамыған елдер көшінен қалып қоямыз. Сондықтан цифрландыруды, жасанды интеллектіні міндетті түрде дамыту қажет. Қазақстанда Орталық Азиядағы алғашқы суперкомпьютер іске қосылды. Бұған қоса атом стансаларын салуымыз керек. Қазір бірінші стансаның құрылысы басталды. Таяу арада екінші АЭС жобасын қолға аламыз, – деді Мемлекет басшысы.
Президент өңір үшін су тапшылығы өте өзекті мәселе екенін жеткізді.
– Су тапшылығына баса назар аударамыз. Келешекте де су мол болады дей алмаймыз. Оған дайын болуымыз керек. Су үнемдеудің жоғары технологиясын қолданғанымыз жөн. Мемлекет субсидия беріп жатыр. Биыл ауыл шаруашылығына 1 трлн теңге берді. Бұл – үлкен мүмкіндік, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев мәдениет, өнер саласына мән беретініне тоқталды. Астана мен Алматы қалаларында тәулік бойы қызмет көрсететін екі бірдей Президенттік кітапхана салынып жатқанын жеткізді. Болашақта осы секілді үшінші кітапхана Қызылорда қаласында ашылуы мүмкін екенін айтты.
Ел игілігін еселеген нысандар
Бұдан соң Қасым-Жомарт Тоқаев балалар мен жасөспірімдерге арналған «Сыр жұлдыздары» шығармашылық-инновациялық академиясының қызметімен танысты. Бұл нысан биыл мамыр айында пайдалануға берілген. Мемлекет басшысына академия қызметі өңір жастарының зияткерлік және шығармашылық әлеуетін дамытуға бағытталғаны жөнінде баяндалды.
Кешенде бассейн, спорт түрлеріне арналған жаттығу залдары, шығармашылық студиялар мен зертханалар бар. Әкімдіктің мәліметіне сәйкес Қызылорда облысында қосымша білім жүйесін дамыту аясында 2022 жылдан бастап Жаңақорған, Жалағаш және Шиелі аудандарында Оқушылар үйі мен Шығармашылық мектептері бой көтерген.

Былтыр облыс орталығында заманауи Оқушылар сарайы ашылды. Бұған қоса Қызылордада Кәсіптік білім мен жұмысшы мамандықтары бойынша құзыреттілік орталығының құрылысы басталды. Бүгінде Президент саябағында уақыт талабына сай балалар сауықтыру лагері мен қысқы бақ салынып жатыр.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы «Қызылорда-нан» цехына барды. «Қызылорда-нан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің нан-тоқаш, кондитерлік және макарон өнімдерін өндіретін кешені биыл қазан айында іске қосылды.
Жобаның жалпы құны – 5,6 млрд теңге. Өндіріс толығымен автоматтандырылған. Өнімдердің 30 пайызға жуығы кәсіпорынның жеке сауда желілері арқылы сатылады, ал 70 пайызы қала аумағындағы және маңындағы дүкендерге жеткізіледі.
Президент барған келесі нысан – жаңа жылу электр орталығы. Бұл станса Мемлекет басшысының оңтүстік өңірлерде халық пен экономика сұранысын қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында салынды.
Орталық 240 мегаватт электр қуатын және 277 гигакалория жылу энергиясын өндіреді. Жобаның жалпы құны – 215 млрд теңге. Жылу электр стансасы түркиялық «Aksa Energy» компаниясының инвестициясы есебінен бой көтерді.
Қазіргі кезде негізгі агрегаттар, атап айтқанда, әрқайсысының қуаты 176 мегаватт болатын екі газ турбинасы, қуаты 95 мегаватт бу турбинасы, өнімділігі сағатына 120 тоннаға жететін екі бу қазандығы, қуаттылығы сағатына 150 гигакалорияны құрайтын төрт су қыздыру қазандығы орнатылып, толық монтаждалған.
Сонымен қатар Президент Қызылорда қаласындағы 11 мың көрерменге арналған жаңа футбол стадионын аралап көрді.
Нысанның құрылысы биыл қазан айында аяқталған. Жаңа спорт кешені UEFA талабы бойынша IV санатқа сай келеді. Аренада халықаралық сайыстармен бірге мәдени іс-шараларды өткізуге болады. Кешенде бокс, күрес, спорттық гимнастика, ауыр атлетика және басқа да спорт түрлеріне арналған залдар бар.
Мемлекет басшысы «Қайсар» футбол клубының ойыншыларымен әңгімелесті.

– «Қайсар» – елімізде жекеменшікке өткен алғашқы клубтардың бірі. Алдағы уақытта футбол академиясы салынады. Клубтың келешегі жарқын болады деп ойлаймын. Баршаңызға табыс тілеймін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Кездесу соңында Президент футбол добына қолтаңба қойды.
Бұған қоса Президент өңірдің тарихи-мәдени мұрасымен танысып, археология, этнография, Қазақстанның бұрынғы және қазіргі тыныс-тіршілігінен хабар беретін залдарды аралап көрді. Биыл жазда бой көтерген музейде 12 тақырыптық зал жабдықталған. Қазір мекеме қорында 70 мыңға жуық жәдігер бар.
Содан соң Қасым-Жомарт Тоқаев Қызылорда қаласындағы Үстел теннисі орталығына барды. Кешенді салуға облыс бюджетін оңтайландыру барысында үнемделген қаражат есебінен 2,5 млрд теңге қаралып, құрылыс былтыр қазан айында аяқталды. Сондай-ақ «Samruk Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры 900 млн теңге қаржы бөлді.
Заманауи үлгіде салынған орталықта 16 үстел теннисі орналасқан ойын алаңы, 350 көрерменге арналған орындар, жаттығу залы мен әкімшілік бөлмелер бар. Мұнда 52 қызметкер жұмыс істейді. Бүгінде онда 280 бала үстел теннисімен тұрақты түрде шұғылданады.
 
                             
                                 
                             
                                             
             
             
             
             
                                                 
                                                 
                                                 
                                                 
                                                 
                                                 
                                                 
                                                 
             
                 
                 
                 
                 
                 
                 
                