Қазірде Қаражал қаласы мен одан жетпіс шақырым қашықтықта орналасқан Жәйрем кентінде тұрғындардың өмір сүруіне барынша қолайлы жағдай жасалып, инфрақұрылымды дамыту бағытында жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр.
Инфрақұрылым дамытуға жыл сайын қомақты қаражат бөлінеді. Қалаішілік, кентішілік жолдардың жағдайы біршама жақсы, 75%-ды құрайды. Халық ауызсумен қамтамасыз етілген. Қаражал қаласындағы кәріз желілерін қайта жаңғырту жұмыстары жоспарға сай жүргізіліп келеді. Жобаның жалпы құны 3 млрд 580 млн теңгеден асады. Құрылыс жұмыстарын «АГС-ПЛАСТ» ЖШС атқарып жатыр. Техникалық қадағалаушы – «Әсем-Құрылыс-Қызылорда» ЖШС, авторлық қадағалаушы – «Jetisu Project» ЖШС. Жұмыс аяқталуға жақын. Барлығы 491 кәріз құдығы орнатылып, 27 шақырымнан астам кәріз желісі салынды. Шамамен алты шақырымы қалды. Сондай-ақ биологиялық, механикалық тазалау қондырғысы (КОС) орнатылып, жабдықтарды монтаждау кезеңінде тұр.
Облыс орталығы Жезқазған, сондай-ақ Қарағанды қалаларына жолаушылар тасымалы тұрақты жолға қойылған. Қала, кентішілік тасымал әлеуметтік маңызы бар үш маршрутпен қамтылған. Ақтай, Станционный шағын аудандарының халқын мобильді байланыспен қамтамасыз ету мақсатында екі антенналық-мачталы станса орнатылып, бүгінде «КарТел» ЖШС жұмыс жүргізіліп жатыр. Қалада «Билайн», «Алтел», «Теле-2» операторлары қызмет етеді. Интернет қызметін «Қазақтелеком» АҚ, «Транстелеком» ЖШС көрсетеді.
Қала мен кентті абаттандыру жұмыстары басты назарда. Жәйрем кентінде Асатов көшесіндегі саябақ, Қаражал қаласында Тәуелсіздік көшесіндегі саябақ абаттандырылды.
Жергілікті тұрғындардың тұрмысын жақсарту мақсатында биыл қала мен кент аумағында алты ірі инфрақұрылымдық жоба жүзеге асырылады. Көпқабатты тұрғын үйлерге, жеке тұрғын үй құрылысына инженерлік-коммуникациялық желілер тартылып жатыр. Қаражал қаласында 25, 12-шағын аудандарындағы көпқабатты үйлерге жылу, су, электр, кәріз жүйелері жүргізіліп, модульдік қазандықтар орнатылды. Жобалардың орташа дайындық деңгейі – 80%.
Сонымен қатар қала мен кентте жеке тұрғын үй құрылысына арналған жаңа инженерлік желілер, жол, су, электрмен жабдықтау жүйелері тартылып жатыр. Бұл бағыттағы жұмыстар тұрақты бақылауға алынған. Жобалар толық іске асқанда, жүздеген отбасына жаңа жер телімдері беріліп, тұрғын үй салуға жағдай жасалады.
Тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету мақсатында кейінгі төрт жылда Қаражал қаласында 25-шағын аудандағы 4, 22, 15-үйлер, Тәуелсіздік көшесіндегі 12-үй, Кеншілер көшесіндегі 37-үй мекенжайында орналасқан бес үй қалпына келтіріліп, тұрғындар қоныстанды. Тәуелсіздік көшесіндегі 12-үйдегі пәтерлер кезекте тұрғандарға бөлініп беріледі. 2024–2025 жылдар аралығында 130 пәтер сатып алынып, тұрғын үй алуға кезекте тұрған азаматтарға табысталды.
Қаражал қаласы мен Жәйрем кентінің көшелерін жарықтандыру, бағандар орнату жұмысында іркіліс жоқ. Жарықтандыру бағандарының саны 1 064 дананы құрайды. Биыл 25 млн теңгеге 94 баған орнатылды. Трансформаторлық қосалқы стансалардың жай-күйін ескере отырып, ендігі кезекте қосалқы стансалар орнатылып, көше жарығының электр жүйелері мен бағандарын күтіп ұстау жұмыстары бақылауда болады.
Тұрғындарды сапалы ауызсумен қамтамасыз ету жұмысы 2018 жылдан басталып, өткен жылы Ақтай ауылының су желісі іске қосылып, ауқымды жұмыс аяқталды. Соның нәтижесінде Қаражал–Жәйрем өңірінің халқы 100% сапалы ауызсуымен қамтамасыз етілді.
Қаражал қаласы мен Жәйрем кентін газдандыру жобасы 036 «Газтранспорттық жүйені дамыту» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатыр. Жобаның жалпы құны – 17,9 млрд теңге, тапсырыс беруші – облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы. Құрылыс жұмыстарына жауапты – «Әлия-Сервис» ЖШС. Құрылыс сәуір айында басталды. Қазірде жобаның биылға жоспарланған жұмысы толық орындалды. «Жәйрем–Қаражал» бағытында 25,6 км, Жәйрем кенті мен «ГРЭ», «Саяжай» шағын аудандарында 32 км газ желісі тартылып, барлығы 57,8 км құбыр салынды. Әлі де қосымша 5 млрд теңге көлемінде қаржы қажет, себебі мердігер ұйым жоспардан артық 1,6 млрд теңгеге жұмыс орындаған.
– «Қаражал–Атасу» автожолы 2025 жылғы маусымда облыстық коммуналдық меншіктен республикалық меншікке берілді. 2025 жылға республикалық бюджеттен 798,7 мың теңге қаражат бөлінді. Қазір 28 шақырым жолдың 19 шақырым беткі қабатына асфальтбетон төселді. Қалған тоғыз шақырымда жұмыстар жалғасып жатыр. Көпірдің құрылыс жұмысы толық аяқталған. Бюджетті нақтылау кезінде қаржыландыруды 2,0 млрд-қа дейін ұлғайтуды көздеп отырмыз. Жұмыс келер жылы аяқталады деген сенімдеміз. Осы жұмыстарға 3,7 млрд теңге жоспарланды, – дейді Қаражал қаласының әкімі Айқын Елеусізов.
«Қаражал–Қылыш» автожолының ұзындығы – 13 шақырым. Орташа жөндеу жұмыстарының шартты құны 909 667,4 мың теңгені құрады. Қаржының 281 863,0 мың теңгесі облыстық бюджеттен, 627 804,4 мың теңгесі жергілікті бюджеттен бөлінді. Нәтижесінде, 13 шақырым жол толық жөнделді.
Әлеуметтік маңызы бар нысандарға келсек, биыл Қаражал қаласында көпфункционалды орталықтың құрылысы басталды. Орталықтың құрылысы белгіленген кестеге сай жүргізіліп келеді. Екіқабатты заманауи ғимаратта 200 орындық мәжіліс залы, өнер мектебі (музыка, бейнелеу, хореография бағыттары), сондай-ақ балалар шығармашылығы мен роботтехника үйірмелері ашылатын болады. Жобаның жалпы құны – 1,6 млрд теңге, құрылыс жұмыстарын «Астана Премиум Құрылыс» ЖШС жүргізіп жатыр. Биылға бөлінген 280 млн теңге толық игеріліп, іргетас құю жұмыстары орындалды. Қалған жұмыстарды жалғастыруға 1,28 млрд теңге көлемінде қаржы қажет. Осы бағытта облыстық бюджеттен қосымша қаржыландыру мәселесі қарастырылып жатыр.
Биыл Мұз айдынының құрылысы да басталды. Жобада бірқабатты ғимарат салу, мұз айдынын, киім ауыстыру, жуынатын бөлмелерді, әкімшілік-шаруашылық орындарын жабдықтау көзделген. Айдынның жабындысы – синтетикалық мұз, бұл жыл бойы пайдалану мен төмен техникалық шығынды қамтамасыз етеді. Мердігер – «Астана Премиум Құрылыс» ЖШС. Жобаның құны – 758,2 млн теңге.
Станционный шағын ауданындағы жаңа мектеп нысанын мердігер мекеме жылдың соңына дейін бітіруді көздеп отыр.
Теміржол вокзалы ғимаратының жөндеу жұмыстарына тапсырыс беруші – «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ, мердігер – «Астана Премиум Құрылыс» ЖШС, техникалық қадағалаушы – «Нұрайсервис» ЖШС. Бөлшектеу жұмыстары 100% аяқталған, ішкі қабырғаларды қалау 80%, парапет орнату 75%, кіреберіс аркаларын монтаждау 50% деңгейінде. Сыртқы қаптау, шатыр жабу жұмыстары желтоқсан айында аяқталады, ішкі әрлеу мен абаттандыру жұмыстары 2026 жылы жалғасады.
Жалпы, қала мен кентте барлық нысан жөніндегі жұмыс белгіленген жоспарға сай жүргізіліп жатыр.
Ұлытау облысы