Мәдениет • Бүгін, 08:20

Қазақ әнінің Қайраты

20 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Дүниеде әнге айналып кеткендер көп емес, әрине. Әнге айналмақ түгілі, адам сүйер жанға айналып өткенге не жетсін?! Ал ән деген... әлемді әлдилеген құдірет емес пе? Абай Алланың хикметіне балаған махаббат, әділетті сезім сынды қасиеттің бәрі ән кеңістігінен менмұндалап көрінеді. Және ол қазақ әндері болса. Махаббат та, сезім де, сиқыр да, данышпандық пен әулиелік те түпсіз терең қазақ әндерінің бойынан қылаң ұрады.

Қазақ әнінің Қайраты

Мыңжылдық мұрат пен қуаттан нәр ал­ған, өлмес шуақ­тан жаралған халықтың асыл әндері кешегі сал-серілердің көкірегіне қонақтап, Жүсіпбек, Ғарифоллалар арқылы бүгінге жеткен сол туындылардың көбі Қайрат Байбосыновтың кө­ме­йіне бұлбұлдай ұя салғанын еш­кім жоққа шығара қоймас. Мың­жылдық сарын мен ән қана­тын­да қалықтаған әншісін қазақ ба­ласы алақанына салып аялап жатқаны бүгін ғана емес. Оған дейін Қазақстанның халық әртісі атанған әнші биылғы көк­темде ғана Еңбек Ері ретінде мара­патталғанда ел қуанған. Күні кеше ғана Еркеғали Рахма­диев атындағы Мемлекеттік акаде­миялық филармонияның концерт залында әншінің 75 жасқа толған мерейтойына байланысты ән думаны желкен көтергенде, желпінбеген әртіс, серпілмеген көрермен қалмады Астанада. Ел өнерін ежелгі дәуірден елордаға қондырып қана қоймай, ертеңге ұластырған даңғайыр үнпазын төбесіне тұтқанын көрген халық та бір жасап қалған шығар. Мұн­дай қолпаш пен құрмет, шапалақ пен махаббат әрдайым ұлтын сүй­ген мұралы ерлерге жасала­тыны белгілі. Ендеше, қазақ Қай­ратын сүю арқылы, әншісін ар­дақтау арқылы өзінің өнегелі өнерін қадірлеп отыр деген сөз. Бабадан қалған байтақ өнерге өмірін арнап, өзгеше түлете білген Қайрат Байбосыновтың репертуарында халық әндері, халық композиторларының туын­дылары, ХХ ғасырдағы таны­мал композиторлардың ән­дері, жалпы 500-ден астам шы­ғар­ма бар делінеді. Міне, сол шығармалардың біразы Мемлекеттік сыйлықтың лау­реаты Қ.Байбосыновтың 75 жас ме­рейтойына арналған «Ай­бозым, айхай бозым» кешін­­­­­де шыр­қалғанының куәгеріне айнал­дық. Халық ыстық ықы­­ласпен қабылдады әншісін. «Балқурай», «Қарагөз», «Ақ­­­құм» секілді ха­лық әндері, Балуан Шолақтың «Ға­лиясы», Ақан серінің «Мақпалы», ұлы Абайдың «Сегіз аяғы», Қана­пияның «Қанапиясы», Үкілі Ыбы­райдың «Гәккуі», Шама­ның «Шамасы», Сәкеннің «Тау ішін­де», Иса Байзақовтың «Жел­­дір­ме­сі» қанатын керді. Нұр­туған мен Сүгірдің термелері шыр­қалды.

Бұған дейін өнер иесінің мерейтойын туған топырағы Жаңаарқа, Қарағанды атырабы лайықты атап өтіп, ат мінгізіп, қамқаға орағанын білеміз. Сол сый мен құрметтің қорытындысы іспетті мына кештің райы да өзгеше сипат алғанын айту ләзім. Қазір қазақ сахнасында дәс­түрлі әннің даңқын асырып жүр­ген маңдайалды әншілер ке­зінде Қайрат қалықтатқан әндер­дің таңдаулыларын өзін­ше шырқап, құрметін танытты. Атақты Біржан салдың «Ай­бозым» әнін қазақ сахнасында қайта «тірілткен» кеш иесі екен. Содан беріде қанша заман өтті. Маңдайына жазылғаны шығар, дала даңғайырынан жеткен әннің атауындай өзі де айбоз әншіге айналды. Ендеше, кеш атауының өзінде мән бар. Бұл туын­дыны осы кеште дәстүрлі әнші Жақсыкелді Кемалов шырқап салды. Сонымен қатар Рамазан Стамғазиев, Айгүл Қосанова, Нұрай Танабаев, Ырысты Сүлейменова, Сержан Мұсайын, Ерлан Рысқали, Медет Салықов пен Клара Төленбаева, Ершат Қайырхан, Елмұра Жаңаберген, Нұржан Жанпейісов, Еркін Шүкі­ман, Ардақ Исатаева, Айт­бек Нығызбаев, Өзгеріс Шерік­бай, Жақсыгелді Маясаров, Е.Рахмадиев атындағы Мемле­кеттік академиялық филар­мониясының камералық хоры мен «Қорқыт» этно-фольклорлық ансамблі өнер көрсетті.

Әйгілі әнші ғана емес, қан­шама шәкірт тәрбиелеген ұс­тазды Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбектің атынан қала әкімінің орынбасары Есет Байкен құттықтап, қала басшысының ыстық ықыласын жеткізді.

Қайрат Байбосынов 15 жасында Нұрғиса Тілендиевтің кө­зіне түсіп, батасын алған деседі. Мәдениет пен өнер қайраткері Жексенбек Еркінбековтің шақы­руымен ән алыбы Жүсіпбек Еле­бековке шәкірт болған. Нұрғиса ағасының қолдауымен 19-ақ жасында «Қыз Жібек» фильмінде ән салғаны елге мәлім. Одан бері­де халқымыздың классикалық туын­дыларын шетел сахналарында орындап, соңынан аңыз ерткенін термелей берсе, таусылмайтын әңгіме.

Ел мерейіне бөленген кезін әнші «Гүлдер» ансамбліндегі уақытымен байланыстырады. Ұстаздық жолда Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында профессор, кафедра меңгерушісі, Ж.Еле­беков атындағы республикалық эстрада-цирк колледжінің директоры болғаны өз алдына. 2009 жылы Астанаға келіп, К.Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінде «Халық әні» кафедрасын ұйым­дастырып, басқарды. «Гүлдерде» серілік дәурен сүріп, ел ішінің ықыласына бөленген өнер иесі кейінгі қырық жылға жуық уақытта бірыңғай шәкірт тәр­бие­леген екен.

Кеш барысында мерейтой иесімен сұхбат өрбіп отырды. Әнге айналған Қайрат Әукенұлы өзінен бұрын өткен Дәнеш Рақышев, Жәнібек Кәрменов хақында сөйлеп, экран арқылы жолданған мемлекет қайраткері Дүйсен Қасейінов құттықтауын қабыл алды.

Қос мағынасында да қазақ әні­нің Қайраты қарыштай берсін!