Мәдениет • Бүгін, 08:15

Қуыршақ және құндылық

40 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қырық жылдық тарихы бар Серке Қожамқұлов атындағы Ұлытау облыстық қуыршақ театры Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Астанадағы М.Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театрының бас режиссері Бекпулат Пармановтың сахналауымен «Мұңлық – Зарлық» ертегісін балаларға тарту етті.

Қуыршақ және құндылық

Режиссер көнеден келе жатқан «Мұңлық-Зар­лық» эпостық жырын жас көрерменге халық ертегісі форматында ұсынды. Ертегіші сандықтан кітапты алып: «Бұл ертегі күн мен нұр деген мағына білдіреді. Он сан ноғай ішінде Шаншар атты хан болыпты, қанша әйел алса да бір перзентке зар болыпты...» деп бастап, «О, Құдай мен қартайдым, бәйбішем маған бір перзент сыйлай алмады. Өмірім ұрпақсыз өтіп барады», деп адамның сай сүйегін сырқыратып балаларды қойылымға бірден баурап алады.

Хан кейпіндегі қуыршаққа көз тартар қазақтың ұлттық киімін кигізген. «О, хан ием, үмітіңізді үзбеңіз. Сізге мұра­гер сыйлайтын айдай сұлу Ханшайым алып келдім» деп жаны ашыған болып, миы­ғынан күлген бәйбішенің сүй­кім­сіз келбеті де нанымды кес­кін­делген. Эпостық жырда «ханның алпыс әйелі бар» деп айтылса, бұл ертегіде бір ғана бәйбішенің аты аталады. Себебі «алпыс әйелі бар» деген сөз бала ұғымына түсініксіз болатыны анық. Хан мұрагер сыйлайды деген үмітпен Ханшайымды жар етіп алады.

Арада тоғыз ай, он күн өтеді. Қызғаныштың қызыл иті ішін тырнаған бәйбіше Мыстан кемпірді алдыртып, «мұрагердің көзін құрту керек, бір нәрсе ойлап тап» деп бұйрық береді.

Сахна сыртында ханның қар­қылдап күлген қуанышты дауысы шығады. Хан рөлін сомдаған әртіс Жанболат Каменов күл­кісінің шынайылығына риза болдық.

Ханның жас келіншегіне тісін қайрап жүрген бәйбішенің ұсқынсыз кейпін Гүлнұр Асыл­бекова ойнады. Қуыршақ бәйбі­шенің басын оңды-солды қозғап, қолын сермеп,  жаңа туып жатқан егіз нәрестені мыстанға беріп, көзін құртуға әрекет етеді. Сахнада жаңа туған нәрестенің іңгәлап жылаған дауысы есті­­­леді. Мыстан кемпір (әртіс Зере Тұрсымұратова) себеттегі жаңа туған нәрестелердің орнына қасқырдың бөлтіріктерін салып жібереді.

«Енді қайттім, мен перзен­тімнің дауысын өз құлағыммен естідім. Мен сендерден бас тарт­­паймын, жабайы төл­дер!» деп қос бөлтірікті құ­шақ­­тап жылаған дәрменсіз Ханшайымды сомдаған әртіс Гүлім Молдабергенова  кө­рерменнің аяушылық сезімін оята алды.

Мыстан орманға барып, балаларды тастың үстіне қалдырады. Тас үстінде іңгәлап жылап жатқан  ораулы сәбилерді көрген марал (бұл рөлде де әртіс Зере Тұрсымұратова) сүтін беріп, бала­ларды асырай бастайды. Ерте­гінің осы тұсы кейбір адамда жануардай жылы жүректің жоқтығын жеткізеді.

Жылдар өтті. Өтіп жатқан уақыт­ты сазды музыка арқылы әдемі жеткізеді. Осы ретте музыкамен көркемдеуші Ирина Федосенконың талғамына тәнті болдық. Ал орман, тау-тас, жортып жүрген жануарлар бейнесін беруде қоюшы суретші Жұмабай Сарсенов, суретші-декоратор Х.Айтпаев пен А.Сұлтанбектің шеберлігі байқалады. Мұңлық (әртіс Жұлдыз Көктай) пен Зар­лық (әртіс Мейіржан Төлегенов) ормандағы түрлі құстың дауы­сын айнытпай салып, құлын-тай­дай тебісіп, алысып ойнап жат­қан шағын қуыршақты шебер ­ойната білді. Қойылымды көріп оты­­­рып біз «қуыршақтың бір жері ­үзі­­ліп кетпесе жарар еді» деп ­қорық­­­тық. Бұл шымылдықтың сыр­тын­да қызмет етіп жатқан те­хника­лық құрам­ның қуыршақ­тар­­ды сапалы жасағанының жемісі.

Орманның бергі бетіндегі Ханшайымның бөлтіріктері де орманның көсем бөрісіне айнал­ған еді. «Ау-у-уу» деп ұлып, орманда еркін жортып жүр­ген қасқырлардың рөлін ойна­ған Жанболат Каменов пен Аркадий Побединский кішкентай көрер­мендердің ықыласына бөленді. Қасқыр жортып келе жатып, құлдыраңдап жүгіріп жүрген балаларға жолығады. Өстіп оқиға өрби келіп, Мұңлық пен Зарлық аналарымен жолығады.

«Осыған дейін қойылып жүр­ген драмада күшіктер қол­да­ныл­са, бұл ертегіде бөл­тіріктерді пайдаландым. Бөлтірік күшікке қарағанда күш­тірек. «Қасқырдың терісін сыпыр­саң да, тектілігін сыпыра алмайсың» деп бөріні киелі деп пір тұтқан. Ертегінің соңында бәйбішені жыланға айналдырып жібердім. Жылан –  жағымсыз образ. Тілінен уы тамған, ханның қойнына кіріп алып, зұлымдық жасап жүрген бәйбішенің рөлі осыған сұранып тұр», дейді қоюшы режиссер Бекпулат Парманов.

«Қуыршақ» театрының труппа меңгеру­шісі Ұлбосын Байысбек: «Шы­тырман оқиғаға толы эпосты тереңдетпей, баланың санасына лайықты ертегі ретінде алып шықтық. Кішкентай көрерме­нін ерлікке, адамгершілікке тәр­биелейтін қойылым жасағымыз келді», деді ол.

 

Ұлытау облысы