Аймақтар • Бүгін, 08:00

Самардағы серпіліс

30 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Құмға бөккен Құлынжон қорығынан басталатын Самар ауданының аумағы Ертісті жағалай барып, паром өткелімен бітеді. Бас-аяғы 106 шақырымға созылған құмды жағалау жаздың күні суға түсіп, тынығуға таптырмас орын. Тоғыз жолдың торабында жатқан аудан орманға да бай. Теңіздей толқыған егістігі көз арбайды. Ауданның түкпіріндегі «Одесса» паромы сынды су жолы еліміздің басқа өңірлерінде бар ма екен десеңізші.

Самардағы серпіліс

Суретті түсірген – автор

Самар ауданының әкімі Серік Жеңісұлы өткізген баспасөз мәслихатында тілшілер келер жылы «Одесса» паромының қатынап-қатынамауы туралы сұрақ қойды. Білуі­мізше, бірнеше жылдан бері көлік тасымалымен айналысып келе жатқан паром иесі кәсібінің тиімсіздігін алға тартып, келер жылы су көлігін тоқтатуға бел буған. Ол тоқтаса, туризм саласы тоқырайды. Олай дейтініміз, паром мініп, судан өту үшін сонау Ақтау, Атыраудан ағылып жатқан саяхатшылар бар. Сон­дықтан да Самар ауданының басшысы кәсіпкерді қолдау мақсатында субсидия мәселесі қарастырылып жатқанын айтты. Биылдың өзінде Сарыбел жағалауына шамамен 50 мың турист келіп, табиғатын та­ма­шалаған. Қазірде жағажай аумақтарын абаттандыру, ин­фра­құрылымды дамыту, жаңа демалыс нысандарын салу жұ­мыс­тары жүргізіліп жатыр.

– Самар ауданының «Туризм және инвестициялар орта­лы­ғы» КММ құрылып, Сарыбел ауы­лында заманауи қонақүй салу жөнінде халықаралық «Pana Asia» компаниясымен меморандумға қол қойылды. Сондай-ақ Бұқтырма суқойма­сының жағасында серуен айма­ғын салу жобасы дайында­лып жатыр, – дейді аудан әкімі С.Жеңісұлы.

Самар жеке аудан болып құрылғалы туризмнен бөлек, әлеуметтік салада да сер­піліс байқалады. Аудан орталы­ғындағы көпқабатты тұрғын үйлер жөнделіп, жас маман­дарға, қат мамандарға үлестіріліп жатыр. Жас маман демекші, ауданға биыл 20 жас мұғалім келді. Демек кадр тапшылығы да бірте-бірте жойылып келеді. Оларға ең қажеттісі – баспана. Самар ауылы орталықтандырылған жылу жүйесіне көшуі де әбден мүмкін. Аудан басшылығының айтуынша, келер жылы жылу қазандығының құрылысы бас­талады.

Ауданда халықты қолдау, жаңа жұмыс орындарын ашу жұмыстары күн тәртібінен түспейді. Кейінгі 9 айда 298 адам жұмыспен қамтылса, 12 тұрғын өз кәсібін ашуға 18,9 млн теңге көлемінде грант алды. 61 отбасы атаулы әлеуметтік көмек алып отыр.

Самарда серпіліс бар. Өндіріс көлемі 1,4 млрд теңгені құраса, құрылыс жұмысының көлемі 5,4 млрд теңгеге дейін ұлғайған. Тартылып жатқан инвестиция да артқан.

– Жұмыс жан-жақты жүр­гізіліп жатыр. Ауданның туристік әлеуеті қандай болса, ауыл шаруашылығы саласы да сондай қарқынмен дамып келеді. Ауданда суармалы жерлерді ұлғайту мақсатында жүйелі жұмыс іске асты. Биыл 500 га жер айналымға енгізіл­се, алдағы уақытта тағы 582 гектарды іске қосу жоспарланып отыр. Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне 347,5 млн теңге субсидия, 572 млн теңге көлемінде несие берілді, – дейді аудан әкімі.

Баспасөз мәслихатында әкім ауданның ертеңгі жоспарына да тоқталып өтті. Айтуынша, құммен көмкеріліп жатқан жағалауға теңдесі жоқ арбат салынады. Тіпті әуежайға деп те орын белгіленіп жатыр. Кәріз жүйесін жаңарту, жол жөндеу секілді жұмыс күнделікті, қа­лыпты жүргізіле береді.

 

Шығыс Қазақстан облысы,

Самар ауданы