Суреттерді түсіргендер – А.Дүйсенбаев, Е.ҮКІБАЕВ
Салтанатты рәсімнен кейін мемлекеттер басшылары бір-біріне екі елдің ресми делегация мүшелерін таныстырды. Қазақстан Президентінің бұл сапарына көрші ел халқы ерекше мән беріп отыр. Ауа райының ашық та, жылы болуын жергілікті жұрт жақсылыққа балады. Сапарға дайындық ретінде Ташкенттің көшелері мен биік ғимараттары Қазақстан мен Өзбекстан туымен безендірілген, ал LED-экрандарға Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёевтің суреттері қойылды. Өзбекстанда Қазақстан Президентінің мемлекеттік сапары ынтымақтастықты одан әрі нығайтудың маңызды саяси және практикалық қадамы ретінде қарастырылып отыр. Бұрыннан келісілген бастамаларды жандандыру, оларға нақты мазмұн беру және екі тарап дайындаған құжаттар топтамасына қол қою мақсатындағы сапар саяси ерікті нақты экономикалық және инфрақұрылымдық нәтижелерге айналдыруға ыңғайлы алаң ретінде қабылданып жатыр. Сарапшылар Ташкентте бұл сапар жай ғана хаттамалық іс-шара емес, екі елдің аймақтық күн тәртібі шеңберіндегі өзара іс-қимылдың стратегиялық мақсаттарына жету жолындағы қадам екенін айтады.
Кейінгі жылдары Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы қарым-қатынас нығая түскені мәлім. Екі ел президенттерінің бейресми және жұмыс кездесулері шешімдер қабылдауды жеделдетуге ықпал етеді. Қазақстан мен Өзбекстан екіжақты қарым-қатынастарды белсенді дамытып, сонымен қатар ТМД, ШЫҰ, ТДҰ және басқа да халықаралық ұйымдардың мүшелері ретінде жауапкершілігін терең сезінеді. Екі ел арасында экономикалық, саяси және мәдени байланыстар қарқыны елеулі. Мысалы, Жоғары мемлекетаралық кеңес құрылды, 2022 жылы Парламентаралық ынтымақтастық кеңесін құру туралы келісімге қол қойылды, парламенттер арасында тығыз өзара іс-қимыл жолға қойылып, кездесулер өткізіліп жүр. Шекарадан паспортсыз өту тетігін енгізу жоспарланып отыр, осылайша азаматтар көрші елдің аумағына жеке куәлік арқылы кіре алады.
Орталық Азия елдері экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге, өзара сауданы 20 млрд долларға дейін ұлғайтуға және «Made in Central Asia» бірыңғай аймақтық брендін іске қосуға келісті. Бұл шешімдер Ташкентте өткен Орталық Азия елдері мен Әзербайжанның сауда және инвестиция министрлерінің бірінші отырысында талқыланған еді. 2017 жылдан 2024 жылға дейін аймақ мемлекеттерінің өзара саудасы екі есеге ұлғайып, 11 млрд долларға жетті. Ал 20 млрд межесіне жету үшін Өзбекстан кедендік рәсімдерді біріздендіру, цифрлық құжат айналымын енгізу, рұқсат құжаттарын тану, сондай-ақ «бір терезе» жүйесін кеңейту сынды нақты іс-қимыл жоспарын әзірлеуді ұсынады. Нақты қадамдардың арасында өндірушілердің ортақ электрондық каталогін құру және сауда ведомстволары мен палаталарының цифрлық платформаларын интеграциялау бар. Мұндай шаралар бизнеске серіктестерді тікелей табуға, шығындарды азайтуға, делдалдарды болдырмауға мүмкіндік береді. Өзбекстан сондай-ақ келер жылы Самарқандта Орталық Азия мен Әзербайжанның инвестициялық форумын өткізуді ұсынды. Онда жаңа «Made in Central Asia» бренді таныстырылады. Қазақстан тарапы бұл бастаманы қолдады. Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев «сатып ал-сат» схемасынан «инвестицияла-өндір-сат» моделіне көшуге шақырды. Атап айтқанда, Өзбекстанмен өнеркәсіптік кооперацияны дамыту бағдарламасына қол қою жоспарланып отыр, оны бүкіл аймақ пен Әзербайжанға кеңейту мүмкіндігі бар.

«Talap» қолданбалы зерттеулер орталығының мәліметінше, екі мемлекет те өткен жылы экономиканың сенімді өсімін көрсетті, алайда Қазақстан бұрыннан ірі экономика базасында салыстырмалы өсу қарқынын қамтамасыз ете алды. Бүгінде екі ел арасында жалпы құны 220 млн доллардан асатын 13 бірлескен жоба жүзеге асырылды. Мұнан бөлек Қазақстан мен Өзбекстан болашақта 1,7 млрд доллар болатын 80-ге жуық жобаны қолға алмақ. Олар негізінен өнеркәсіп, көлік тасымалы, энергетика, ауыл шаруашылығы мен сауда салаларын қамтиды.
Көршілес елмен дипломатиялық қатынас орнаған 1992 жылдан бері де әріптестік нығая түсті. Бүгінде «Мәңгілік достық туралы», «Стратегиялық әріптестік туралы», «Одақтастық қатынастар туралы», «Мемлекеттік шекараны демаркациялау туралы» мемлекетаралық құқықтық құжаттар – қолданыста. Қазақстан мен Өзбекстан басшыларының сапарлары екіжақты кездесулер жүйелі өткізіледі. Өзбекстандық саясаттанушылардың айтуынша, қазақ-өзбек экономикалық қатынасы жаңа кезеңге қадам басқан. Әсіресе 2027 жылы қазақ-өзбек шекарасында ашылатын 100 гектар арнайы индустриялық аймақ қосымша мүмкіндік бермек. Бүгінде екі елдің бірлескен жобалары жанданып, Қазақстанда өзбек капиталының қатысуымен «Саран» индустриялық аймағында тұрмыстық техника шығаруға арналған зауыт, Қостанайда көлік зауыты, Түркістан облысында тоқыма фабрикасы іске қосылды.
Мемлекет басшысының сапарында цифрландыру, IT технологияны кеңінен қолданысқа енгізу мәселелері де назарда болмақ. Қазақстан инновациялар мен IT-ге жаңа өсу нүктелері ретінде басымдық береді. Елде «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы жүзеге асты. Соның нәтижесінде электрондық үкімет (еGov ТМД-да бірінші болып енгізілгендердің бірі), білім берудегі, денсаулық сақтаудағы онлайн-сервистер дамыған. IT-секторға ерекше назар аударылады. Аймақтағы ең ірі технологиялық орталық саналатын Astana Hub технопаркі жұмыс істейді. IT-салада құрылған жұмыс орындарының саны 28 мыңнан асты. Ірі технологиялық форумдар, мысалы, Digital Bridge өткізіледі. Мұның бәрі Қазақстанның Орталық Азияның аймақтық IT-хабы имиджін бекітеді. Сарапшылар Өзбекстанда да IT-сала өсіп жатқанын, Ташкентте IT-Park құрылып, бағдарламалық қамтамасыз ету экспорты үшін салық жеңілдіктері енгізіліп жатқанын айтады. Қазір IT-Park Uzbekistan 1 600-ден аса компанияны біріктіріп, IT-қызметтер экспортын 344 млн долларға дейін ұлғайтты. 2030 жылға қарай көрсеткішті 5 млрд долларға дейін арттыруға бейіл. Былтыр Өзбекстанның IT-индустриясы үшін бетбұрыс жылы болды. «Uzum» компаниясының нарықтық бағасы 1 млрд доллардан асып, алғашқы өзбек «юникорны» ретінде тарихқа енді. Елдегі цифрлық қызметтердің үлесі 80%-ды еңсерген.
Сапар бағдарламасына сәйкес бүгін, яғни 15 қарашада екі ел Президенті келіссөздер жүргізеді. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёевтің төрағалығымен Қазақстан-Өзбекстан Жоғары мемлекетаралық кеңесінің екінші отырысы өтеді.
Осы орайда айта кетелік, былтыр тамызда өткен Қазақстан мен Өзбекстанның Жоғары мемлекетаралық кеңесінің бірінші отырысында екі елдің сауда-экономика, көлік-транзит, су шаруашылығы және энергетика, мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастығын кеңейтудің басым бағыттары талқыланған еді. Кеңес отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы, машина жасау, энергетика, коммуникация, цифрландыру секілді келешегі зор салалардағы ынтымақтастық әлеуетін толық пайдалану маңызды екенін, бұл ретте қазақ-өзбек шекарасындағы «Орталық Азия» Халықаралық өнеркәсіп кооперациясы орталығын тезірек іске қосу қажеттігін айтты. «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығы – тек өндіріс орны емес, сонымен қатар өңірдің экономикалық болашағын айқындайтын және жаңа экономикалық дәуірдің бастамасы болар стратегиялық платформа. Бұл жобаның мақсаты өңірдің өндірістік қуатын арттырып, халықаралық ынтымақтастық аясында бәсекеге қабілеттілікті көтеру.
«Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығы өңір елдері арасында экономикалық қарым-қатынасты нығайтуға септігін тигізетін ірі платформа болмақ. 2027 жылға қарай мұнда 60-тан аса ірі өндірістік жобаның іске қосылуы күтіліп, шамамен 13 мың жұмыс орны ашылады деп жоспарланған. Қазақстан мен Өзбекстанның шекарасында іске қосылатын орталық «Атамекен» және «Гүлстан» бақылау-өткізу бекеттері маңында орналасады. 100 гектар аумақта ірі кәсіпорындар жұмыс істейді. Жабық кешенде өндіріс және көтерме саудаға лайықты жағдай жасалады. Инвесторлар үшін салықтық жеңілдіктер де қарастырылады. Өзбекстан – Орталық Азиядағы негізгі сауда-экономикалық серіктестеріміздің бірі. Екі ел арасындағы өзара сауда-саттық көлемін алдағы бес жылда 10 млрд долларға жеткізу көзделген.
16 қарашада Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ташкентте өтетін Орталық Азия және Әзербайжан мемлекеттері басшыларының VII Консультативтік кездесуіне қатысады. Саясаттанушылар кездесу барысында, әсіресе, Қазақстан мен Өзбекстан арасында ұзақмерзімді шешімдер әзірленуі мүмкін екенін айтады. Гидрологиялық үдерістерді қадағалауға арналған бiрлескен ғылыми зерттеу орталықтары, су ресурстарын басқарудың халықаралық стандарттары талқыланады. Халықаралық Аралды құтқару қоры, су ағынын анықтауға мүмкіндік беретін бiрыңғай әдiстеме және мониторинг жүйесi де назардан тыс қалмайтыны белгілі.
Орталық Азия мемлекеттері басшыларының VI Консультативтік кездесуі былтыр тамызда Астанада ұйымдастырылды. 2018 жылы Астанада тұсауы кесілген алғашқы кездесуден бері бірлескен күш-жігердің нәтижесінде бұл жиынның дамуында айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізілді. Бұған аймақтық ынтымақтастықты арттыру бойынша маңызды шешімдер қабылданған бұрынғы саммиттердің қорытындылары айқын дәлел.