Форум • Кеше

Ауыл шаруашылығы ел ырысын еселейді

30 рет
көрсетілді
26 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің екінші форумына қатысты. Дәстүрлі жиынға 2 мыңнан аса адам, соның ішінде ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер, салалық қауымдастықтар мен халықаралық ұйымдар өкілдері, инвесторлар, ардагерлер, сондай-ақ аграрлық сала мамандықтарында оқып жатқан студенттер жиналды.

Ауыл шаруашылығы ел ырысын еселейді

Суреттерді түсіргендер – А.Дүйсенбаев, Е.ҮКІБАЕВ

Диқандар биыл 27 млн тонна астық жинады

Президент сөзінің басында ауыл шаруашылығы еңбеккер­леріне ризашылығын білдірді.

– Ең алдымен, барша ауыл шаруашылығы еңбеккерлеріне кәсіби мерекелеріңіз құтты болсын деймін. Бұл шын мәнінде, нағыз еңбек адамдарының мейрамы екені сөзсіз. Диқандар, мал шаруашылығы мамандары, шаруалар – бәрі де еліміз­дің өсіп-өркендеуіне зор үлес қосуда. Қажырлы еңбектеріңіз үшін Сіздерге шынайы ризашы­лығымды білдіремін. Ауыл шаруашылығы – экономи­камыз­дың стратегиялық мәні айрық­ша саласы. Бүгін, міне, ауыл шаруа­шылығына арналған екінші форумды өткізіп жатырмыз. Ал­қалы жиынға ауыл-аймақтардан көптеген білікті маман арнайы келіп, қатысып отыр. Сондықтан бүгінгі форумды жалпыұлттық ауқымдағы басқосу деуге болады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Осы орайдай Мемлекет басшысы форумда сөз сөйлеген азамат­тар салмақты ойлар айтқа­нын, ұсыныстарды мұқият қарап, міндетті түрде ескеру қажет екенін атап өтті.

– Ауыл шаруашылығы – әрдайым мемлекет назарында. Президент ретінде мен осы саланың қарқынды дамуына ерекше мән беремін. Халқымыз «Егін ексе – ел тоқ» деп бекер айтпаған. Был­тыр біз мол астық алып, кейінгі он жыл­дағы рекордтық көрсеткішке қол жеткіз­дік. Биыл да күзгі жиын-терін берекелі болды. Диқандарымыз 27 млн тонна астық жинады. Әр аймақ ел қамбасына мол үлес қосты. Соның ішінде Ақмола облысы ең жоғары көрсеткішке (7,5 млн тонна) ие болды. Қыркүйек айында егін орағының барысын көру үшін облысқа арнайы барғанымды білесіздер.

Қазір халқымыздың 37 пайызы, яғни 7,5 млн адам ауылда тұрады. Ауыл – халқымыздың тамыры, рухани қазығы. Бұрын солай болған, болашақта да солай болып қала бермек. Түптеп келгенде, ауыл шаруашылығын дамыту мәселесіне жалпы ауыл-аймақтарды, яғни бүкіл елді дамыту деп қараған жөн. Осы бағытта біз кейінгі жылдары ауқымды реформалар жүргізіп жатырмыз. Еліміздің негізгі көрсеткіштері – тұрақты. Биылғы он айда экономикамыз 6,4 пайызға өсті. Соның ішінде ауыл шаруашылығы да қарқынды дамуда. Жыл басынан бері осы саладағы негізгі капиталға салынған инвестиция 20 пайыздан астам өсіп, 790 млрд теңгеге жетті. Ал еңбек өнімділігі үш жылда 37,3 пайызға артты. Қазақстан жаһандық азық-түлік қауіпсіздігі рейтингі бойынша (Global Food Security Index) 32-орында тұр. Бұл – жақсы көрсеткіш. Бірақ бұл мәз болып, қол қусырып отыруға болады деген сөз емес. Себебі ашығын айтуымыз керек, біз ауыл шаруашылығының орасан зор әлеуетін әлі де толық қолданбай отырмыз. Еліміз жайылымдық жер аумағы бойынша әлемде 6-орын алады. Ал егіс алқабы бойынша 8-орында тұр. Демек қолымызда қажетті ресурс бар, тек соны тиімді пайдалануымыз қажет. Кейінгі он жылда ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 2,5 еседен астам өсті, яғни 3,3 трлн теңгеден 8,3 трлн теңгеге дейін көбейді. 2030 жылға дейін бұл көрсеткішті тағы 2 есе арттыруымыз керек. Бұл – біздің қолымыздан келетін шаруа. Ұлттық даму жоспарымыз бар, мақсат-міндеттеріміз де – айқын. Бізге керегі – сапалы жұмыс пен нақты нәтиже, – деді Президент.

 

Жердің игілігін халық көруі керек

Бұл ретте Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығын дамыту үшін ерекше назар аударатын өзекті мәселелерге жеке-жеке тоқталып өтті. Мұның біріншісі – мал шаруашылығының әлеуетін барынша пайдалану.

– Біз бұған дейін егін шаруашылығын дамыту бағытында біраз жұмыс жүргіздік, жақсы нәтижеге қол жеткіздік. Енді мал шаруашылығына баса мән беруіміз керек. Байтақ даламыздың барлық аймағында жыл он екі ай бойы мал бағуға болады. Осы мүмкіндікті дұрыс пайдалану қажет. Әрине, малды бағып, өсіру, оның санын көбейту – оңай шаруа емес, өте күрделі жұмыс. Мемлекет тиісті қолдау көрсетеді. Қазір нақты қаржыландыру тетіктері бар: жайылымдарды сумен қамтамасыз етуге, мал бордақылайтын орын салуға және асыл тұқымды мал алуға мемлекеттен субсидия беріліп жатыр. Был­тырдың өзінде осы мақсатқа 60 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Сон­дай-ақ шаруашылығын кеңейтем деген кәсіп иелеріне жеңілдікпен несие алуға мүмкіндік бар.

а

Жолдауда мал шаруашылығы саласындағы агробизнесті қолдау жос­парын әзірлеуді тапсырдым. Мақсат – мал басын еселеу. Сол арқылы Қазақстанның халықаралық нарыққа ет жеткізуші ірі ел ретіндегі мәртебесін бекіте аламыз. Бұл мұратқа жету үшін мал шаруашылығын дамытуға оңтайлы жағдай жасау қажет. Ет бағытындағы мал шаруашылығының жүйелі өндірістік циклін енгізу жұмыстарын жалғастырған жөн. Жайылымдық жерлерді тиімді әрі ауыс­тырып пайдалану тәсіліне баса мән бер­ген дұрыс. Ветеринария саласындағы жағдай мәз емес екенін мойындау қажет. Ең алдымен, бұл саланы материалдық-техникалық тұрғыдан қамтамасыз ету керек. Мал дәрігерлерінің еңбек жағдайын жақсарту қажет, ветеринар мамандарды ынталандыру шараларын қарастырған жөн. Ветеринария саласының инфра­құры­лымын күшейтуге қатысты жұмыс­ты тиімді түрде жалғастыру керек, – деді Мемлекет басшысы.

Президент тоқталған екінші бағыт – жер мәселесі. Осы орайда ол жердің игілі­гін халық көруі керек екенін, бір­неше жыл бұрын заңсыз алынған және игеріл­мей бос жатқан жерлерді қайтарып алу туралы нақты тапсырма бергенін алға тартты.

Осы мәселе бойынша министр баяндады. 2022 жылдан бері 14 млн гектардан аса ауыл шаруашылығы жері мемлекетке қайтарылды. Жерді қолынан іс келетін, жұмыс істеуге ниетті азаматтарға беру керек деген тапсырма бірнеше рет айтылды. Алайда бұл маңызды жұмыс баяу жүргізіліп жатыр. Сондықтан Жолдау­да мемлекетке қайтарылған жерді келесі жылдың ортасына дейін түгел­дей тұрақ­ты айналымға енгізу туралы тапсырма берілді. Әкімдіктердің осы мә­селеге қатыс­ты жоспарлары қағаз жүзін­де қалып қой­мауы керек. Ең бастысы, жер тағы да игерілмей, бос қалмауы қажет.

Мемлекет басшысының айтуынша, Үкімет қазір мал шаруашылығы саласындағы бизнесті қолдау жоспарын әзірлеп жатыр. Жайылымдық жерлер ауыл тұрғындарына және нақты жос­пары бар инвесторларға берілуге тиіс. Келесі жылдың ортасында қабылданатын бұл құжатта осы мәселенің шешімдері айқын көрсетілуі керек. Тағы бір түйткіл – жерге берілетін кепілдік құнның төмен болуы. Кадастрлық бағалау жүйе­сі қазіргі нарықтағы шынайы ахуалға мүл­дем сәйкес келмейді. Үкімет бұл мәселеге назар аударуы керек, кадастрлық құнды айқындау тәсілін қайта қарауға тиіс. Жер қатынастары саласындағы кедергілер қазіргі заманға сай шаруашылықтар құруға бөгет болып отыр. Бұл ретте Прези­дент Жолдауында Үкіметке келесі жыл­дың соңына дейін Жер ресурс­тары­ның бірыңғай цифрлық картасын әзір­леуді тапсырғанын еске салып, құзырлы министрліктер осы маңызды жұмыс бойынша не істеліп жатқанын 7 күннің ішінде баяндауы керек екенін айтты.

Келесі мәселе – жер телімдері электронды конкурс арқылы берілуі қажет. Жер алған азаматтардың ең басты міндеті – жерді тиімді игеру, яғни, берілген жерді кәдеге жарату. Бұған қоса жер ресурс­тарына мониторинг жүргізу тәсіл­дерін қайта қарау қажет. Қазір ауыл шаруа­шы­лы­ғы жерлеріне қатысты деректер толық емес. Мұндай ахуал жерге бақы­лау жасауға және игерілмей бос жат­қан жер­лер­ді қайтарып алуға кедергі келті­реді. Жерді бөліп-тарату үдерісі бойынша ақ­парат ашық әрі қолжетімді болуы қажет.

Мемлекет басшысы мән берген үшінші мәселе – су тиімділігін арттырып, ирригациялық желілерді жаңғырту. Оның айтуынша, су қоймаларының шамамен 60 пайызы – ауыл шаруашылығы еншісінде. Аграрлық салада суды тиімді пайдалану, сайып келгенде, елдегі бүкіл су экожүйесінің тұрақтылығына әсер ететін факторға айналып отыр. Агросек­торда заманауи су үнемдеу технология­лары енгізіліп, суды көп қажет ететін дақылдар алқабы азайтылуда. Бұл – үлкен жұмыстың басы ғана. Сарапшылардың есебінше, алдағы үш жылда су үнемдеу­ші технологиялар кемінде 1 млн гектар­ды қамтитын деңгейге жетеді. Цифр­лық шешімдерді енгізу және жобалар­ды жүзеге асырудың барлық кезе­ңін қатаң бақылауға алу арқылы су инфра­құры­лымын жаңғыртуды жеделдеткен жөн. Су шаруашылығын жаңғырту бо­йын­ша жұмыс жеткілікті, алайда бұл ауыл шаруашылығы саласын дамыту жос­­пары­мен өзара байланысты болуға тиіс.

– Біздің ведомстволар түрлі жос­пар мен жол карталарын әзірлеумен әуестеніп кетті. Тіпті, оның көбі өз ара­ларында келісілмейді, жүрдім-бар­дым жасалады. Мұндайды доғару керек. Мемлекет жұмсаған әр тиынның қай­тары­мы болуға тиіс. Бұл – даусыз. Қаржы­ны заманауи су пайдалану техно­ло­гия­ларын белсенді қолданатын өңір­лерге беру қажет. Сондықтан Ауыл ша­руа­­­шылығы өндірісінің өңірлік жоспары Үкімет әзірлеп жатқан Су ресурс­та­рын басқару жөніндегі бас жоспарына енгі­зілуге тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

 

Цифрландырудың септігі мол

Төртіншіден, агроөнеркәсіп кешенін қаржыландыру тәсілдерін жетілдіру керек. Президенттің айтуынша, биыл ауыл шаруашылығына арналған жеңілдетіл­ген несие көлемі ел тарихында алғаш рет 1 трлн теңгеден асты. Бұл – осыдан 5 жыл бұрынғы жағдаймен салыстырғанда 10 есе артық көрсеткіш. Несие қолжетімді болуы үшін банктерге құзырлы мекеме тарапынан кепілдік беру тәсілі енгізілді. Биыл «Даму» қоры 1 300 несиеге кепілдік берді. Сөйтіп, несие алуға мүлкі жеткіліксіз көптеген шаруаның, әсіре­се шағын және орта деңгейдегі фермер­лердің мәселесі оң шешімін тапты.

Елімізде өндірілетін техника жеңіл­детілген лизингпен беріле бастады. Бұл әбден ескірген техниканы жаңарту­ға арналған өте тиімді шешім болды. Төрт жыл бұрын ауыл шаруашы­лығы техникаларының 90 пайызы тозып тұрған еді. Бұл көрсеткіш биыл 70 пайызға дейін төмендеді. Осы бағыттағы жұмысты бизнес өкілдерімен бірлесіп, әрі қарай жалғастыру қажет. Қазір шар­уалар алып жатқан техниканың 90 па­йызы Қазақстанда шығарылған. Еліміздегі 10 зауытта осындай 19 түрлі техника құрастырылады. Олардың қатарында әлемге танымал брендтер бар. Мемлекет басшысының жақында АҚШ-қа жұмыс сапары кезінде «John Deere» компания­сымен бірге құны 2,5 млрд доллар болатын стратегиялық серіктестік туралы келісімге қол қойылды. Соған сәйкес алдағы бес жылда елімізде 3 мыңға жуық заманауи техника шығарылады.

п

Мемлекет басшысы, бесіншіден, агроөнеркәсіп кешенін цифрландырумен нақты айналысқан жөн екенін алға тартты.

– Өздеріңізге мәлім, жаппай цифр­ландыру және барлық салаға жасанды интеллект технологиясын енгізу Жолдауымда басты міндет ретінде аталды. Ауыл шаруашылығы үшін мұның мәні өте зор. Себебі жаңа технологиялар шығынды айтарлықтай азайтып, өнімділікті ұлғайтуға мүмкіндік береді. Ақмола облысында өткен кеңесте жиналған өнімді тиісінше сақтау және шығынды мейлінше азайту шараларын қамтамасыз етуді тапсырдым. Еліміздегі көптеген шаруа қожалығының қаржылық тұрақтылығы осыған байланысты. Алдымызда цифрлық технологиялар және жасанды интеллект элементтерінің көмегімен мемлекет­тің бидай қорын есепке алатын және бақылайтын тиімді жүйе құру мін­деті тұр. Ол үшін қолданыстағы астық қамбаларын жаңғыртып, заманауи элеваторлар салу қажет. Бидайды қабыл­дауды және жөнелтуді есепке алатын электрондық жүйенің болуы жеке элеваторлар құрылысын қаржыландыру бағдарламасының міндетті бір шарты болуға тиіс.

Бүгінде көптеген шаруа техноло­гия­лық жаңашылдықты (смарт-ферма, агродрон, жер серігі технологиясы және ЖИ) белсенді қолдана бастады.

Бірақ жалпы ел көлемінде қандай да бір жүйелі өзгерістер болып жатыр деп айту­ға әлі ерте. Жекелеген «ақыл­ды» шешім­дерден толық цифрлан­дырыл­ған агроөн­діріске көшу керек. Әрбір шаруа­­шылық цифрлық технология­ларды пай­­далануға ниетті болғаны жөн. Мем­лекеттік қолдау өндіріске инно­ва­ция­ны, соның ішінде жасанды ин­теллект техно­логияларын енгізіп жат­қан кәсіп­орындарға берілуі қажет. Агро­өнер­кә­сіп кешеніндегі ақпарат­тық жүйе­лерді оңтай­ландыруды жалғастырған дұрыс. Қазір олардың арасында байланыс мүл­де жоқ деуге болады. Көп жағдайда шешім­дер қате статистика негізінде қабыл­данады. Ұлттық ауыл шаруашы­лы­ғы санағының нәтижесі саладағы нақты жағд­айды көрсетуге тиіс. Жинақтал­ған мәліметтер агросектордағы цифрлық жүйелерді одан әрі дамыту мен жаңғыртуға негіз болады.

Үкімет Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігімен бірлесіп, са­ла­­лық ақпараттық жүйелерді инте­гра­ция­лауды, сондай-ақ мәліметтер са­па­сын тұрақты түрде бақылауға алуы керек. Электрондық агроөнеркәсіп кешені плат­фор­масының базасында саланы ке­шенді басқаруға ықпал ететін ауыл ша­руа­шылығы мәліметтерінің бірыңғай архи­тек­турасын қалыптастырған дұрыс, деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

 

Агроөнеркәсіптің экспорттық әлеуетін арттыру маңызды

Президенттің айтуынша, алтыншыдан, терең өңделген өнім шығаруға басымдық беру қажет. Еліміздегі агроөнеркәсіп кешені көбіне шикізат шығарумен шектеліп отыр. Мұны ашық айтқан жөн. Ауыл шаруашылығын жоғары технологияға негізделген озық сала ретінде дамыту – маңызды міндет. 2023 жылы агроөнеркәсіптегі өңделген өнімнің үлесі небәрі 35 пайыз еді. Ал биыл 50 пайыз болды. Келесі жылы 70 пайызға толық жетуі керек. Қазір бұл салаға шетел инвесторларын тарту жұмысын тездету қажет. Тиісті жобалар аз емес, олардың бірнешеуімен жиын алдында таныстым, бірақ бір жерде тоқтап қалуға болмайды.

Агроөнеркәсіп кешенінің басты бағыттары бойынша инвестициялық жобаларды жүзеге асыру қажет. Аса маңызды міндеттің бірі – жеке инвестиция тарту жұмысы. Әсіресе озық технологиясы бар шетел инвесторларын елге әкеліп, оларға қолайлы жағдай жасау қажет. Жолдауда «Инвестицияға тапсырыс» өндірістің сұранысына сай болуы керек екені айтылған. Үкімет агроөнеркәсіп кешеніне қатысты 200-ден аса инвестициялық жобаның тізімін жасады. Жалпы құны шамамен 4 трлн теңге (үш жылда) болатын бұл жобалар 12 бағыт бойынша жасалған. Енді осы жобаларға барлық деңгейде қолдау көрсетілуі керек, яғни орталық та, аймақтар да осы жұмысқа белсенді түрде қатысуы керек. Жобалардың қашан және қалай жүзеге асырылатынын мұқият ойластырған жөн. Әкімдіктер және министрліктер жедел әрі үйлесімді жұмыс істеуі қажет.

Мемлекет басшысы баса айтқан жетінші мәселе – өнімдерімізді халықаралық нарыққа көптеп шығару жайы. Еліміз астық экспорты бойынша әлемдегі жетекші 10 мемлекеттің қатарына кіреді. Сонымен қатар ұн экспорттау ісінде көш бастап тұр. Қазақстан астығы Орталық Азия, Иран, Ауғанстан елдері секілді дәстүрлі нарықтармен қатар Еуропа, Оңтүстік-Шығыс Азия мен Солтүстік Африкаға, атап айтқан­да, Бельгия, Португалия, Норвегия, Ұлыбритания, Вьетнам, Марокко, Алжир мемлекеттеріне де жеткізіле бастады. Бұл біздің астық экспорты географиясының кеңейіп келе жатқанын көрсетеді. Еліміз майлы дақылдар мен өсімдік майын да көптеп сыртқа шығара бастады. Өткен жылы біз халықаралық нарыққа 18 мың тоннаға жуық қой етін шығарып, осы сала бойынша 10 озық мемлекеттің қатарына ендік. Дегенмен әлеуетіміз бұдан да мол.

Жалпы, агроөнеркәсіп кешені өнімдерінің экспорты 5 млрд доллардан асады. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің 200-ден астам түрі 70 мемлекетке экспортталады. Агроөнеркәсіп кешеніндегі әлеуетіміз бұл көрсеткіштен әлдеқайда жоғары. Оның үстіне әлемде экологиялық тұрғыдан таза азық-түлік өнімдеріне сұраныс артып келеді. Сондықтан стратегия дұрыс түзілсе, «Qazaq Organicfood» бренді халықаралық нарықта лайықты орнын алады. Елімізде органикалық өнімдер шығару стандарттары бекітілді. Осы бағыттағы жүйелі жұмысты жалғастыру қажет. Брендтерімізді кеңінен насихаттауға барынша қолдау көрсету – салалық құрылымдар мен елшіліктердің міндеті. Сарапшылардың болжауынша, алдағы 10 жылда әлемде мал етіне сұраныс 233 млн тоннаға дейін ұлғаюы мүмкін. Қазақстан еттің осы түрін экспорттаушы ірі елдердің бірі бола алады. Алғашқы кезекте Азия елдерін қамтамасыз етуіміз керек. Қой етін экспорттауда еліміз Моңғолия, Нидерланд, Испания және Франция сияқты мемлекеттерден кейінгі орында тұр. Бірақ бізде жайылымдық жер жеткілікті. Қой шаруашылығының экспорттық әлеуетін толық таныту үшін жағдай жасау қажет.

– Жолдауда аграрлық экспортты дамытудың жоспарын әзірлеу жөнін­де міндет жүктедім. Бұл құжат логистиканы, ветеринариялық және фитоса­нитариялық стандарттарды, сондай-ақ сауатты маркетингтік стратегияны ескере отырып дайындалуы керек. Мәсе­лен, Парсы шығанағы елдері біздің ет өнім­дерін жыл бойы тасымалдауға ниетті. Бірақ бізде ауыл шаруашылығы өнім­дерін әуе көлігімен тасымалдау ісі дұрыс үйлестірілмеген әрі тиісті деңгейде реттелмеген. Көп жағдайда кәсіпкерлер жүкті жеткізу мәселесін өздері шешуге мәжбүр. Бүгін маған тұрақты рейстермен Әмірліктерге ет жеткізіле бастағаны жөнінде мәлімет берілді. Бұл тәжірибені аса дұрыс деп айта алмаймыз. Сонымен қатар Астана, Алматы, Шымкент, Ақтөбе, Қарағанды, Ақтау әуежайлары логис­тикасы дамыған әрі халықаралық әуе бағыттарымен интеграцияланған өңірлік хабқа айнала алады. Оларға арнайы экономикалық аймақтар аясында артықшылықтар берілген. Әуежайлардың толық қуатында жұмыс істеуі ауыл шаруашылығы өнімдерін сыртқы нарыққа үздіксіз жеткізуге мүмкіндік береді. Бұл мәселені Үкімет жан-жақты пысықтауы керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

 

Ауыл – азаматымен көрікті

Сонымен қатар Президент кейінгі кез­дері ауыл шаруашылығы өнімін өндіру­шілерден жұмыс күші жетіспейтіні жөнінде көп өтініш түсіп жатқанын мәлімдеді.

– Бұл түйткіл, әсіресе, егін егу, жиын-терін науқанында, өндірісті кеңейту немесе жаңа нысандар құрылысы кезінде қатты сезіледі. Маман тапшылығы көршілес елдерден келетін еңбек мигранттары есебінен ішінара шешіледі. Шаруалар квотаны көбейтуді сұрайды. Олардың талабын ішінара орындауға болатын шығар. Бұл өзі қызық жағдай: бірі ауылда жұмыс жоқ десе, енді бірі жұмысшы жетіспейді деп шағымданады. Әрине, жұмыс бар, бірақ онымен шұғылданатын адам аз. Мұны мойындау керек. Тағы да қайталап айтқым келеді: ауыл шаруашылығы дамыса, ең алдымен ауылдың жағдайы жақсарады. Мемлекет ауыл-аймақтарды көркейту үшін көптеген жобаны қолға алды. Инфрақұрылым салудан бастап, ауылға білікті маман тарту мәселесіне дейін ауқымды жұмыс жүргізілуде. 2019 жылдан бері «Ауыл – ел бесігі» жобасы жүзеге асырылып жатыр. Осы жоба аясында ауыл инфрақұрылымын дамытуға 700 млрд теңгеден аса қаржы бөлінді. Бүкіл ел бойынша 2,5 мыңнан аса елді мекенде нақты жұмыс атқарылды. «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 600-ден аса бірлестік құрылды. Үкімет биыл аймақтарды дамыту туралы арнайы тұжырымдама қабылдады. Соған сәйкес аудан әкімдерінің құзыры кеңейді. Енді олар ауданды дамыту жос­парын өз деңгейінде, дербес әзірлеп, жүзеге асыра алады. Әкімдер ірі компаниялармен келісім жасап, бірлескен шаруашылықтардың (кооперативтердің) өнімін өткізуге көмектесуі қажет. Жалпы, ауылға жеке инвестиция тарту өте маңызды. Бұл жұмысқа бизнес өкілдері белсене атсалысуы керек. Табысқа жеткен әрбір кәсіпкер өз ауыл-аймағының өркендеуіне үлес қосып, қаржы салса, еліміздегі көптеген елді мекен көркейе түсері анық, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев еңбекқор, мақ­саты айқын азаматтарымыз күнде­лікті маңдай терімен ұлттық байлығымызды еселеп, ел келешегінің жарқын болуына аянбай үлес қосып жатқанын, мұндай іспен айналысып жатқан адамдарға қолайлы жағдай жасап, еліміздің шынайы патриоттарын ынталандырып отыру керек екенін, бұл шаруаны назардан тыс қалдырмайтынын атап өтті.

– Біз Жұмысшы мамандықтары жылында еңбек адамдарына айрықша құрмет көрсетіп жатырмыз. Нағыз еңбек, қайнаған тірлік ауылда, ауыл шаруашылығында екені сөзсіз. Өз ісіне тиянақты, жауапкершілігі жоғары, адал азаматтар қашанда табысқа жете­ді. Былтыр мемлекеттік марапат­тар жүйесіне «Қазақстанның аграр­лық сала­сының еңбек сіңірген қайрат­кері» атағы енгізілді. Еліміздің ауыл шаруа­шылығы саласын дамытуға елеулі үлес қосқаны үшін 9 азаматқа бүгін алғаш рет осы құрметті атақты тапсырамыз. Бүгін ортамызда Ақтөбе облысынан келген Аманғос Төлеуов деген азамат отыр. Ол басқарып отырған кәсіпорын ауыл шаруашылығында зор табысқа жетіп, аймақ тұрғындарын сапалы азық-түлікпен қамтамасыз етіп келеді. Мен еліміздің агроөнеркәсіп саласын дамытудағы аса үздік жетістіктері үшін Аманғос Сансызбайұлы Төлеуовке «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын беру туралы Жарлыққа қол қойдым. Жақында Республика күні қарсаңында қырық бес жылдық тәжірибесі бар механизатор Мұрат Қаражұманов та Еңбек Ері ата­ғын алды. Ауыл шаруашылығы сала­сы мамандарының ең жоғары мемле­кет­тік марапатқа ие болуы – заңды құбы­лыс. Себебі бұл – халқымыздың нағыз еңбек адамына көрсетіп жатқан зор құр­меті және шынайы ықыласы. Марапат­тарыңыз құтты болсын! – деді Президент.

Осы форумда Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан ауыл шаруашылығы саласының 30 еңбеккері мемлекеттік награда алды. Атап айтқанда, бір адам – «Парасат» орденінің кавалері, саланың 6 өкілі «Құрмет» орденінің иегері атанды. II дәрежелі «Еңбек даңқы» ордені­мен 1 азамат, III дәрежелі «Еңбек даңқы» орденімен 10 адам, «Ерен еңбегі үшін» ме­далімен 6 еңбеккер марапатталды. Сондай-ақ бүгінгі іс-шарада «Қазақ­станның аграрлық саласының еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы ауыл шаруашылығы саласында озат атанған төрт азаматқа алғаш рет тапсырылды.

Сондай-ақ Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ауыл шаруашылығы еңбек­керлерінің екінші форумы аясында агро­өнеркәсіп кешенінде қолданылатын цифрлық шешімдер көрмесімен таныс­ты. Мемлекет басшысына деректерді есепке алуға, болжауға және талдауға арналған цифрлық сервистер, сондай-ақ агроөнеркәсіп кешеніндегі тиімділікті арттыруды көздейтін отандық стартаптар туралы баяндалды.