Фото: Ашық дереккөз
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, биыл елге келген қандастардың 45,6%-ы Өзбекстаннан, 42,3% – Қытайдан, 4,1% – Түрікменстаннан, 2,9% – Монғолиядан, 2,6% – Ресейден және 2,5%-ы басқа елдерден.
Ал, 1 қарашадағы жағдай бойынша еңбекке қабілетті жастағы этникалық қоныс аударушылар саны 57,6%-ды, еңбекке қабілетті жастан кіші 33,9%-ды және зейнеткерлер 8,5%-ды құрайды.
«Еңбекке қабілетті жастағы қандастардың ішінен білім деңгейі бойынша 15,2%-ы жоғары білімді, 28,2%-ы орта кәсіби білімді, 50,5%-ы жалпы орта білімді, және 6,1%-ы білімі жоқ. Қоныс аударған этникалық қазақтар республиканың түрлі өңірлеріне қоныстанды. Сонымен бірге, қандастарды қоныстандыру үшін келесідей еңбек күші тапшы өңірлер анықталды: Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар, Атырау, Батыс, Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстары», делінген хабарламада.
Биыл қоныстандыру өңірлерінде қандастарды қабылдау квотасы 2 309 адамға жеткен. 2025 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша қоныстандыру өңірлеріне 1 942 қандас қоныс аударған.
Есеріңізге сала кетейік, жоғарыда аталған өңірлерде қоныстанған қандастарға көшуге субсидия түрінде мемлекеттік қолдау шаралары ұсынылады – бір мезгілде отағасына және отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК (275,2 мың теңге) мөлшерінде; тұрғын үй жалдауға және коммуналдық қызметтерге ақы төлеуге – бір жыл ішінде 15-тен 30 АЕК (59-дан 118 мың теңгеге дейін) мөлшерінде.
Сонымен қатар 2025 жылдың басынан бері 1010 қандасқа түрлі қолдау шаралары көрсетілді, олардың арасынан 313 адам тұрақты жұмысқа орналастырылды.