Шаруашылық • Кеше

Тарихи экспорт: Армения қазақ бидайына жоғары баға берді

20 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстанның ұлттық астық операторы Армениядағы серіктесіне бидайдың пилоттық партиясын жеткізуді сәтті жүзеге асырды, деп жазады Egemen.kz.

Тарихи экспорт: Армения қазақ бидайына жоғары баға берді

1000 тонна болатын экспорттық партия көлемі 2025 жылғы қазан айында «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰҚ» АҚ мен «Баграмян» ЖШС арасындағы келісім-шарт аясында жүзеге асырылды.

Армения нарығына алғашқы астықты жеткізу үшін ұлттық оператор әртүрлі сападағы бидай ұсынысын жасады, оның ішінде 27-28% дән маңызы бар жоғары ақуызды hi-pro бидайы да болды, алайда сатып алушы 4-сыныпты бидайға таңдау жасады.

Келісім-шартқа сәйкес, «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» жаңа теміржол бағыты арқылы 15 вагон астықты Даларик станциясына жөнелтті.

Бұл жол Қазақстаннан Арменияға Ресей, Әзербайжан және Грузия арқылы өтетін транзиттік жаңа логистикалық бағытты сынақтан сәтті өткізді.

Астық экспортына арналған транспорттық шығындарға субсидиялар сияқты қолданыстағы мемлекеттік қолдау шаралары армян тұтынушылары үшін логистикалық шығындарды айтарлықтай төмендетуге мүмкіндік берді.

«Баграмян» ЖШС жетекшісі Артак Шатворянның айтуынша, Қазақстан бидайы келісім-шарт талаптарының сәйкестігімен ғана емес, жоғары сапасымен де таңқалдырған.

– Біз бастапқыда астықты мал азығы ретінде алдық, алайда зертханалық сынақ нәтижелері 4-сыныпты қазақстандық бидайдың жоғары сапасын көрсетті. Экспорттық партияның барлық көрсеткіштері - тығыздығы, протеин мөлшері, құлап түсу саны келісім-шарт талаптарынан айтарлықтай асады, ал бидай ұн өндіруге де жарамды. Біз жеткізілімге толық қанағаттандық және болашақта қазақстандық қатты және жұмсақ бидайды тұрақты сатып алу мүмкіндігін қарастырамыз», – деді сатып алушы компания өкілі.

Айта кету керек, 4-сыныпты бидай жеткізу жөніндегі келісімге қарамастан, аталған корпорация армян серіктестеріне жақсартылған сипаттамалары бар астық жөнелтті. Мысалы, құлап түсу саны – 235–334 секунд, тағыздығы – 775 г/л, протеин мөлшері – 12,8%, дәнмаңызы – 20%, бұл астықтың сапасын және оның нан өнімдерін жасауға жарамдылығын көрсетеді.

Сонымен қатар, ұлттық оператор тұтынушы сұранысына байланысты әртүрлі сапалы астық, соның ішінде 3 және 4 сыныпты қатты және жұмсақ бидай, сондай-ақ төмен сыныпты астық жеткізу мүмкіндігіне ие.

Дәстүр бойынша, қазақстандық астық шетелдік сатып алушылар арасында жоғары сапасы мен айқын нандық қасиеттерімен бағаланады, сондай-ақ оны кейде ұнды жақсартушы ретінде қолданады.

Соңғы жаңалықтар