Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының дерегінше, биыл егіс алқабы 500 мың гектарды құраған. Әсіресе қант қызылшасына басымдық беріліп, оның көлемі облыс құрылғаннан бері 4,2 мың гектардан 12,2 мың гектарға дейін ұлғайды. Былтыр қант қызылшасының жалпы түсімі 630 мың тоннаға жетіп, өңір рекорд жаңартқан.
Салаға тартылған инвестициялар да артып келеді. 2023 жылы толық жаңғыртылған Ақсу қант зауыты іске қосылса, Көксу қант зауытын кеңейту жобасына 60 млн еуро бағытталуда. Сондай-ақ ұзақ уақыт тоқтап тұрған «Жетісу Мажико» кәсіпорны қайта жанданып, майлы дақылдарды өңдеу қуаты 100 мың тоннаға дейін жеткізілді.
Өңірде дәнді, майлы дақылдар мен көкөністерді жинау аяқталды: 284,9 мың гектардан 771,9 мың тонна дән, 106,5 мың гектардан 233,7 мың тонна майлы дақыл алынған. Картоп, көкөніс және бақша дақылдарының түсімі 404,8 мың тоннаны құрады. Қант қызылшасының 93,9%-ы жиналып, 452,2 мың тонна өнім өндірілді.
АӨК-ке 20 млрд теңгеден астам инвестиция тартылып, 2025–2027 жылдарға арналған Инвестициялық картаның аясында жалпы құны 94,4 млрд теңгелік 23 жоба жүзеге аспақ. Биыл суармалы жерлерді қалпына келтіру бойынша 6 жоба басталып, 23,2 мың гектар жер қайта айналымға енгізіледі. Ылғал үнемдеу технологияларының ауқымы 36,1 мың гектарға жетті.
Облыс құрылғалы бері пайдаланылмаған 1,3 млн гектар жер анықталып, оның 712 мың гектары қайта айналымға қосылды, 600,4 мың гектары мемлекетке қайтарылды.
Мал шаруашылығы да өсім көрсетуде: мал басы 2,6 млн-ға жетті. Өңірде 71 бордақылау алаңы және 35 тауарлы сүт фермасы жұмыс істейді, үш ірі ферма қосымша кеңейтілді. Ветеринариялық инфрақұрылым да күшейтіліп, соңғы жылдары 67 жаңа нысан салынды.
Биыл агросаланы қолдауға 64 млрд теңге бөлінген. Соның арқасында 2025 жылдың 10 айында ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 403,6 млрд теңгеге жетті.