Руханият • Кеше

Күздің ұзақ кеші...

20 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қаздар қайта салысымен жауған қар еріп кеткен. Таудың теріскейінде ғана ала қанатта­нып жатыр. Күздің ұзақтығы төрт түлікпен күнелтіп отырған ауылдағы ағайынға жайлы болып тұр.

Күздің ұзақ кеші...

Ықылым заманнан тас қораның иық тұсын жайлаған Бабай бұл уақытта ауылға түсіп қоюшы еді, биыл қойын өргізіп, әлі отыр. Әудем жердегі жалғыз үйдің сығырайған жарығы ауыл­дан көрініп тұрады. Төрттен жа­натын жарыққа қарап, не де болса, күз ұзақ болады дескен ауыл­дың үлкендері. Олай дей­тіні, Бабайдың күн райын болжауы дәл келеді. Қандай тыл­сым барын кім білсін, қорасы­ның қабырғасына қағып қойған шы­быққа қарап, күн жауады иә болмаса ашық тұрады деп дөп басып отыратын. Қағазы сарғыш тартқан қойын дәптеріне күннің райын күнделікті түртіп отыратын. Жас шамасы сексен­нен асқан ақсақалдың азан шақырып қойған аты – Мәуітқазы. Қожыр-жожыр желкесіне, түсіңкі қа­ба­ғы мен өткір көзіне, қолағаштай танауына, едірейген мұрттың астынан салпиған ерніне қарап, ауылдастары Бабай атап кетсе керек-ті. Елмен есендескені бол­маса, ашылып көп сөйлесе бер­мейді. Қайбір жылы қаладағы ұл-қыздары көшіріп аламыз деп үгіттеген де. Бала жастан дала кезіп өскен ол қалаға барып қамалсын ба?! Табиғатта тудым, табиғатта өлем деп тоқ­тау салған.

Алтайдың табиғаты қай мезгіл болмасын, құлпырып тұрады. Тіпті мынау жүдеу тартқызған қара күздің өзі қандай ғажап?! Аптасына бір рет шығар, қойы күнгей бетке шығып, үйездей қалған уақытта буырыл қасқасын тақымдап, ауылға түседі Бабай. Дүкеннен керек-жарағын қос қоржыны­на толтырып, мәдениет үйінің бір бұрышындағы кітапханаға тоқтайды. Сол кітапхананың бұ­рылысында Бабайдың атынан бас­қа көлік көрмейсің. Оқыма­ған кітабы жоқ шығар. Бұл жолы алған кітабын жата-жастана сан қайтара тағы оқыды. Орал­хан Бөкейдің «Кербұғысы». Өзі де тағылықта өмір сүрген соң ба, аң-құс, тау-тас туралы жазыл­ған шығармаларды көп іздейді. Тұ­рып жатқан төңірегін ғана емес, тұтас Алтайды кесе-көлденең ара­лап шыққан. Қыстың боран-ша­шынына қарамастан, табаны терімен қапталған көң шаңғы­сын іліп алып, кете беретін. Сондай­да, анау таудың арғы жағында не бар десең, тау бар деп қысқа қайыратын. Есімде, бір-ақ рет, қо­йын қынадай қырған көкжал­ды қақпанмен алғанын айтып мақ­танған; «Колхоз-совхоз тарап, пайға тиген қойды қораға әкеліп қамағанымыз сол болған. Ер­тесі таңертең қой қораның есігін ашсам, тірі тұяқ қалмаған. Тегін келген текке кетті дейін де­сем, колхозға еңбегім аз ғана сің­ген жоқ. Ашуға мініп, көкжалдың ізіне түстім. Қаңтардың қақаған аязы. Қоржында жылқының тезегіне бір қайнатып алған қақ­паным. Ауылдың шетіндегі жы­лап аққан бұлақты жалдай өрлепті. Күніне жетпіс шақы­рымды еңсеріп тастайтын ит-құс­қа ілеспейтінімді білемін. Бұлақ­тың бастауындағы жайылып аққан тұсына қақпанымды құр­дым да, шынжырын қардың асты­мен апарып, томарға екі орап бай­ладым. Ертесінде есік пен төрдей көкжал түсіпті. Шоқ­пар­­мен ұрып, әзер өлтіргем» деген.

Бүгін де кітапханадан алып келген кітапты аударып-төң­керіп, «Қасқыр ұлыған түндені» оқуға кіріскен; «Қыстың ұза-а-ақ кеші... Осындайда бойыңды кернеген суықты қуып шығар айла іздейсің; осындайда «жо­йылсын бұйығы тірлік!» деп жар салғың келеді. Ымырт үйіріліп, қас қарайса болды, сулы-сылпың кешкі асын іше салып, тас бүркеніп жатып қалар ауылдағы ағайынды сағына­сың. Әбден қысқарып, бір қайыр­маға 158 келмей қалған күн суық жүзбен таудың қыр желкесінен төніп тұр. Ақ көрпесін айқара жамылған айналаңыз жылдың басқа мезгіліндей емес, күміс нұрға шомылып, қараңғылыққа ырық бермей ұзап барып ұғы­сады, түннің қап-қара отауына барып кіреді...» деп бастап оқыды да, кітапты кір сіңген жастықтың астына қоя салып, пештің аузына қарай отыр­ды. Темекісін тұтатты. Көк түтінді бұрқ еткізіп, «Оралхан тірі болса, күздің ұза-а-ақ кеші деп бастар еді шығармасын. Бәлкім мен де кейіпкеріне айналар ма едім» деп күбірлеген. Иә, Бабайдың кешкен тірлігі ауылдың іргесіндегі қора­да дегенің болмаса, Қоңқайдан кем емес. Өркениет көшінен кеш қалған. Тіпті қолында қарапа­йым қалта телефоны да жоқ. Тілін білмеймін деп ұстамайды. Оның тілдесетіні тек табиғат, кітап. Кітап оқып жатып, қайта атып тұрған. Өрнектің тұсында өрімдей қызды өлтіріп таста­ған Алтайдың қасқырларын ол да қырып салғысы келді. Заң рұқсат берсе, жаман ауыздың біреуін қалдырмай қырып салар еді. Оны ғана емес, қаптаған қабанды да қырып тастауға дайын. Аң аулауға заң тыйым­ салғалы қабан қап­тап, елік азай­ған. Құстар құры­ған. Дала до­ңызы еліктің лағын, құстардың жұмыртқасын жайпап жүре береді екен. Табиғат­пен біте қай­наса қартайған Бабай соның бәрін байқап келеді. Байқап жүр­генімен, оның үні анау төрде отырған басшы­ларды қойып, округіндегі шолақ төрелерге де жетпейді. Қой соңында жүрген қойшы деп те елемейді оны. Әйт­песе, жинаған білімі де мол.

Күздің ұза-а-ақ кеші. Манау­раған Алтай жоталарын кешкі­сін тұман тұмшалаған. Әне-міне қар қылаулайтын сияқты. Көшеде көлденең жүрген кісі қарасы көрінбейді. Қар жауған түні біздің жақ ертегі кейіпке еніп, құлпыра түссе де таңдана, таңғала қарайтындар некен-саяқ. Тас қора жаққа көз салып едік, Бабайдың жарығы көрінбеді...