Руханият • Бүгін, 07:40

Түркі музыка аспаптарының құдіреті

20 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Астанада «Тамыр мен үн: түркі музыкалық аспаптарын жасау дәстүрлері мен заманауи шешімдер» атты халықаралық симпозиум өтті. Симпозиумды Астана қаласы әкімдігі мен Түркі мәдениеті және мұрасы қоры бірлесіп, «Әлем әуені» халықаралық өнер фестивалі аясында ұйымдастырды.

Түркі музыка аспаптарының құдіреті

Түркі халықтарының музыкалық аспаптарын жасау дәстүрін кешенді зерттеу, ежелгі технологиялар мен қазіргі инно­ва­ция­лық тәсілдердің өзара байланысын айқындау, сондай-ақ шеберлер, ғалымдар, орындаушылар мен зерттеушілер арасында тәжірибе алмасуға арналған ғылыми-практикалық алаң құру қажет. Түркі мәде­ниеті және мұрасы қоры­ның президенті Ақтоты Райым­құлова дәстүр мен қазіргі заманның бірлігі жаңа зерттеу­лерге, технологиялық тәсіл­дерге және халықаралық ғылыми ынтымақтастыққа кең мүмкіндіктер ашатынын атап өтіп, симпозиум осы саладағы мамандарды біріктіретін маңызды платформа екенін назарға алды. Пленарлық отырыста Парламент Сена­тының депутаты, академик Дархан Қыдырәлі, Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитетінің төрағасы Ерлан Дәкенов, Қазақстан Республикасының ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссиясының бас хатшысы Жанар Шайменова, «Мажар мұрасы үйі» бас ке­ңесшісі, Мажарстанның еңбек сіңірген әртісі Акоч Гергей сөз сөйледі. Симпозиум аясында «Ортақ үн: түркі музыкалық аспаптарын зерттеу және халықаралық ынтымақтастық» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Тал­қы­лау барысында түркі халық­­тарының музыкалық мұра­сын зерттеу және осы сала­дағы институционалдық ынты­мақ­тастықты кеңейту мәселелері көтерілді.

Іс-шарада Түркі мәдениеті және мұрасы қоры мен Узеир Гаджибейли атындағы Баку музыка академиясы бірле­сіп басып шығарған «Түр­кітіл­­дес мем­лекеттердің ұлт­тық музыкалық аспаптары» кітабының таныстырылымы өтті. Еңбек төрт тілде дайындалған. Басылым ха­лық­аралық деңгейде түркі музыкалық мұрасын таныстыру мен ғылыми жүйелеудің маңызды көзі іспетті.

Қатысушылар түркі халық­тарының музыкалық аспаптарын жасау мұрасын сақтау, зерттеу және болашақ ұрпаққа жеткі­зуге арналған қарар қабылдады. Құ­жатта музыкалық аспаптар бойынша бірыңғай ғылыми база құру, дәстүрлі шеберлік мектептерін жүйелі зерттеу, музыкалық аспап жасауды оқытатын арнайы курстарды білім бағдарламаларына енгізу, сондай-ақ цифрлық архивтеу, 3D-модельдеу және халықара­лық ғылыми ынтымақтас­тықты кеңейту сияқты басым бағыттар көрсетілген. Қарарда ЮНЕСКО және ИСЕСКО аясында түркі музыкалық мұра­сын халықаралық деңгейде кеңінен таныстыруға бағыт­талған бірлескен бастамаларды дамыту көзделген және Түркі халықтарының музы­калық аспап шеберлері ассоциациясын құру мүмкіндігін қарастыруға келісім біл­дірілген.