Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Жалпы орта білім саласында география пәнін оқытуға қатысты ұстаздар қауымдастығы кейінгі жылдары үздіксіз мәселе көтеріп келеді. Осыған орай «Egemen Qazaqstan» газетінде екі бөлімнен тұратын «Қазақстан географиясы», яғни 8-сыныпта оқытылатын «Қазақстанның физикалық географиясы» мен 9-сыныпта оқытылатын «Қазақстанның экономикалық және әлеуметтік географиясын» жеке пән ретінде оқытуға арналған бағдарлама әзірлеуге қатысты ұсыныс-пікірлері жарияланған-ды. Айтылған мәселе 2022 жылы Түркістан қаласында «Географиялық білім берудегі озық ой және заманауи көзқарас» тақырыбында өткен география пәні мұғалімдерінің І съезінде де көтерілді. Делегат болып келген 300-ден астам педагог-шебер мен педагог-зерттеуші жалпы орта білім беретін мектептегі география оқу пәніне қатысты шешімін таппаған мәселелерді атап көрсеткен еді. Содан бері бұл проблема басылымдарда, кәсіби жиындарда оқтын-оқтын көтеріліп келеді.
Профессор Ұлжалғас Есназарованың пікіріне сүйенсек, «Қазақстан географиясы» пәні жалпы орта білім жүйесінде лайықты орнын алуы керек.
«Аталған пән картаны жаттау мен табиғатты тануды ғана оқытпайды. Туған елдің кеңістігін, ресурсын, геосаяси орналасуын, демографиясын, климаттық құрылымын танытатын терең мазмұнды сала. Оның тәрбиелік, ғылыми маңызы зор. Географиясыз оқушылардың бойында отансүйгіштік пен ұлтжандылық қасиет орнықпайды. Табиғат пен адам арасындағы байланысты түсінудің өзі қиын. Географияны әлсірету елдің өз тамырынан алыстауына соқтырады. «Қазақстанның физикалық географиясы» мен «Қазақстанның әлеуметтік және экономикалық географиясы» пәнін қайта енгізу, картамен жұмыс істеуді жүйелеу, оқыту сағаттарын қалпына келтіру қазіргі заман талабымен үндесіп отыр», дейді профессор.
Қазақстан әлемде жер көлемі жағынан алдыңғы ондыққа кіретін, қойнауы қазба байлыққа толы ел. Сондықтан туған елдің табиғи кеңістігін, суын, шөлін, орманын, ауылын, қаласын жете таныту бүгінгі ұрпаққа аса қажет. Ал оны үйрететін пән – география.
– География пәнін қайтадан жүйелеп оқыту – елдік географиялық ойды қалпына келтірумен тең. Білім мазмұнының сапасы мен құрылымдық тұтастығы оқушының дүниетанымын қалыптастырады. Кейінгі жылдары еліміздің жалпы орта білім жүйесінде оқу пәндерінің мазмұнын ықшамдау, интеграциялау және құзыреттілікке бағыттау үрдісі жүріп жатыр. Бұл өзгерістің кейбірі тиімді болғанымен, география пәні мазмұнының тұтастығына елеулі зиян келді. Оның ішінде ең маңыздысы – «Қазақстанның физикалық географиясы» мен «Қазақстанның әлеуметтік және экономикалық географиясының» сағаттары қысқарып қалды. Бұл өзгеріс оқу жүктемесін азайту мақсатын көздегенімен, нақты нәтиже керісінше болып отыр. Пәннің ішкі логикасы үзіліп, оқушылардың кеңістіктік ойлау, ұлттық кеңістікті тану және табиғи-әлеуметтік үрдістер арасындағы байланысын түсінуі төмендеп барады, – дейді Ұлжалғас Есназарова.
Осы ретте профессор география пәнін ықшамдаудың салдарынан туындаған бірқатар мәселеге тоқталды. Біріншіден, жылдар бойы қалыптасқан география пәнін оқыту жүйесі бұзылды. Педагогикадағы «оңайдан – қиынға» қағидаты сақталмады. Екіншіден, карта және кескін картамен жұмыс істеу жүйесі жойылды. Карта – географияның негізгі тілі болғандықтан, картасыз оқыту – сөзсіз, тілсіз сөйлеумен бірдей. Үшіншіден, 2017 жылға дейін Қазақстан географиясы аптасына 2 сағат, екі жылда 136 сағат оқытылса, қазір 1 сағатқа дейін қысқарған. Бұл оқушылардың пәнге деген қызығушылығын айтарлықтай төмендетті. Төртіншіден, «AraGis» ақылы геоинформатика бағдарламасы енгізілді. Елімізде көптеген мектепте интернеттің баяулығы, қолжетімсіздігі, тіптен компьютер жетіспеушілігінен оқушылардың бұл бағдарламаны тұрақты қолдануына мүмкіншілігі бола бермейді. Нәтижесінде, толыққанды білім ала алмайды.
Профессор атап өткен ең үлкен әдістемелік олқылық – 6-сыныптағы «Физикалық география» пәнінің оқытылмауы. Бұл пәнде оқушылар Жер ғаламшары мен оның географиялық қабықтары: литосфера, атмосфера, гидросфера, биосфера туралы білім алып, олардың өзара байланысы туралы оқып білетін. Қазіргі кезде оқушылар табиғи құбылыстың себеп-салдарын, табиғи апаттардан сақтану жолдарын білмей өсіп келеді. Ал табиғат заңдылығын түсінбеген бала – өмірдің логикасын да толық ұғына алмайды. Бұған қоса, оқулықтардың тілі мен құрылымы да сын көтермейді. «Оңайдан – қиынға», «қарапайымнан – күрделіге» өтетін дидактиканың басты қағидалары сақталмай отыр. Нәтижесінде, оқушылардың пәнге деген қызығушылығы, кеңістіктік ойлау дағдысы төмендеген.
Географияны оқытудың спиральдық (шиыршық) моделі де ұстаздар көңілінен шықпайды. Профессор атап өткендей, америкалық ғалым Джером Брунер ХХ ғасырдың 60-жылдары ұсынған «Брунердің спиральдық қағидасы» бойынша оқыту барысында негізгі ұғымдарға бірнеше рет оралу қажет, ал оралған сайын олардың мазмұны да күрделене түсуге тиіс. Сондықтан география пәні төмендегідей құрылыммен оқытылуды қажет етеді. Мысалы, 5-сыныпта «Жаратылыстану» пәнінде табиғат пен адам арасындағы байланыс таныстырылса, 6-сыныпта табиғат заңдылықтары мен геосфералар түсіндіріледі. Ал 7-сыныпта әлемдік мұхит кеңістігі мен материктер қарастырылып, 8-9-сыныптарда еліміздің физикалық географиясы мен әлеуметтік-экономикалық жағдайы оқытылуға тиіс. Яғни «Жаратылыстану» курсын 5-сыныпта бір жылдық кіріспе пән ретінде қалдырып, 6-сыныпта «Физикалық география», 7-сыныпта «Мұхиттар мен материктер географиясы», 8-сыныпта «Қазақстанның физикалық географиясы, 9-сыныпта «Қазақстанның әлеуметтік және экономикалық географиясын», 10-11-сыныптарда «Дүниежүзінің экономикалық және әлеуметтік географиясын», таңдау курсы ретінде «Түркі тілдес елдер географиясы», «Геоэкология», «Геоинформатика» оқыту қажет. Нәтижесінде, 10-11-сыныптарда оқушы әлемдік үрдістер мен жаһандық экономиканы ұлттық көзқараспен талдай алатын деңгейге жетеді.
«Қазақстанның физиалық географиясы» мен «Қазақстанның әлеуметтік және экономикалық географиясы» пәндері сағатының қысқаруы салдарынан тақырыптар шашырап кетті. Салдарынан оқушылардың пәнді игеруі қиындаған. Ұлжалғас Есназарова түсіндіріп өткендей, вертикальды тұтастық үзілді. География ерте заманнан бері дамып келе жатқан және қалыптасқан оқыту жүйесі бар оқу пәні болғандықтан, 5-11-сыныптар аралығында біртұтас логикалық жүйе ретінде дамуға тиіс болатын. Алайда 8-сыныптағы «Қазақстанның физикалық географиясы» сағатының қысқартылуы нәтижесінде оқыту тізбегінде ұлттық мазмұндық буын үзіліп қалды. Одан кейін мазмұнның фрагментациясынан қазіргі оқу жүйесінде географиялық ұғымдардың бір деңгейден келесісіне өтуі үйлесімсіз күйде қалып отыр. Кейбір тақырыптар қайталанса да, күрделену дәрежесі сақталмайды, бұл спираль қағидасының бұзылғанын көрсетеді. Ал кеңістіктік ойлаудың әлсіреуі салдарынан Қазақстан табиғаты мен аймақтарын нақты карта, дерек және далалық мысалдар негізінде талдау азайды. Географиялық сауаттылық, картамен жұмыс, статистика және кеңістіктік талдау дағдыларының сапасы төмендеді. Сондай-ақ оқу үрдісінде бағалау мен жоғары білімге өту қиындық туғызып отыр. Жоғары оқу орындарына түсетін оқушылар физикалық география негіздерін жеткілікті меңгермегендіктен, физикалық, экономикалық және экологиялық үдерістерді жоғары деңгейде талдауда қиналып жүр.
Ұстаздардың пікірінше, географияны жүйелі оқыту – оқушыға фактілерді үйрету емес, кеңістіктік ойлау мен экологиялық жауапкершілікті дамытуға бағытталады. Сондықтан еліміздің жалпы орта білім беретін мектептерінде «Қазақстан географиясы» пәнін оқу жоспарына қайта енгізу – ғылыми және педагогикалық тұрғыдан дұрыс шешім болмақ. Бұл модель оқушылардың ұлттық кеңістікті тануына, табиғат пен қоғам байланысын түсінуіне және әлемдік үрдістерді ұлттық контексте талдауына мүмкіндік береді. География пәнінің мазмұны жүйеленеді. Ұлттық және жаһандық географиялық білімнің арақатынасы орнайды. ҰБТ мен халықаралық бағалау жүйелеріндегі нәтижесі жақсарады. Жаратылыстану-географиялық сауаттылығы артады. Жалпы орта білім беретін мектептің оқу жоспарына жоғалған пәнді қайтару – ұлттың өзін картаға қайта түсірумен пара-пар. Бұл құрылым – географияны бір ізді және ұлттық негізде оқытудың ең тиімді жолы. Ал білім үдерісіне енген жаңартылған білім бағдарламасын заман талабына және келешек ұрпақтың сұранысын қанағаттандыратындай етіп қайта жасау – уақыт талабы.
АЛМАТЫ