Жас болғанымен, аудан орталығына бас болып жүрген Данияр Мұратұлын көпшілік қолдап отыр. Катонқарағай ауданы кеше ғана жеке аудан болып, бөлініп шыққан соң бірқатар жұмыс қолға алынған. Оның орындалғаны, орындалмағаны бар. Ал округ басшысы қолынан келген жұмысты барынша атқарып жүр.
Қарап отырсақ, ауылдың халқына ең керегі – жол, интернет, ауызсу. Иә, ауызсудан бұрын интернетке тәуелді. Күнделікті суды тасып ішкен ел оған әбден үйреніскен. Орталықтандырылған су жүйесі енді-енді кезеңімен қосылып жатыр. Президен Қасым-Жомарт Тоқаев тапсырғандай, жыл соңына дейін барлық ауыл 100 пайыз ауызсуға қосылуға тиіс. Бұл жұмыс Катонқарағай ауылдық округінде де істеліп жатыр. Жарықтандыру жұмыстары да аудан болғалы қолға алынды. Оған дейін шекара шебінде жатқан жұрт жетімнің күйін кешкен. Оны несіне жасырамыз? Сондықтан қазіргі басшылар үшін атқаратын шаруа – қыруар.
Округ әкімінің есеп-қисабына көз салсақ, аудан орталығындағы Абай, О.Бөкей көшелеріндегі шарық шамдарын жаңалап, ауылдың кіреберісіне жаңа шамдар орнатыпты. Сонау тау қуысында жатқан Мойылды ауылына шағын интернет желісін жүргізіпті. Ал Шыңғыстай ауылының көшелеріне жарық қосылған, үйді-үйге ауызсу тартылған. Осындай игі істердің басында жүрген округ басшысы атқарған жұмыстарын жариялай бермеген.

Суретті түсірген – автор
Данияр Қасенов 1993 жылы Үлкен Нарын ауылында дүниеге келген екен. Кейін «Металлургия» мамандығын алып, еңбекке араласқан. Түрлі қызметтерден сатылап өсіп, округ әкімінің орнына жайғасқан. Қызметке кіріскенімен, айтқанымыздай ел ішінде көп жүреді. Айтып өткеніміздей, тракторға отыра салып, көше-көшенің қарын күреп шығу – жас әкім үшін оп-оңай шаруа.
– Халық сенім артып отырған соң мойынға міндеттелген жұмыстарды істейміз. Бәрі ел игілігі үшін. Көріп отырсыздар, Катонқарағай ауылында ауызсу жүйесі тартылды, жұмыстар аяқталды. Көктемде үйді-үйге су береміз. Ал техника тізгіндеуіме таңғалатындай түк жоқ. Кішкентайдан көлікке жақын болып өстім, қызықтым. Қара жұмыстан қашуға болмайды, – дейді округ әкімі.
Иә, бір емес, бүтіндей үш ауыл сенім артып отырған соң елдің үмітін ақтау әр басшының парызы, халық алдындағы қарызы. Елім деп тұрған әкімдер көп болса, жерім деп тұрған ел еселенеді.
Шығыс Қазақстан облысы,
Катонқарағай ауданы