Экология • Бүгін, 08:17

Экожүйені жақсартатын жоба

0 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бір ай шамасы бұрын Болат Өтемұратов қоры, Калифорния университеті, Аралды құтқару халықаралық қорының атқарушы дирекциясы мен Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті арасында төртжақты меморандумға қол қойылып, қазір сол келісімге байланысты жұмыс басталып кетті.

Экожүйені жақсартатын жоба

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде Арал теңі­зінің құрғаған табанын қал­пына келтіруге бағытталған ірі эколо­гиялық жоба барысын талқылауға арналған жиын өтіп, оқу орны­ның проректоры Майнұр Бөрі­баева бастаманың маңызы мен университеттің ғылыми әлеуетін атап өтті.

Ал Болат Өтемұратов қоры­­ның зерттеу, даму және интер­националдандыру жө­нін­дегі директоры Темірлан Ербо­сынов­тың айтуынша, қанат­қақ­ты жоба экожүйені қалпы­на келтірудің жаңа тәсіліне негізделіп отыр.

«Берклидегі Калифорния университетінің «E-seed» атты инновациялық технологиясы алғаш рет елімізде сынақтан өтіп отыр. Арнайы биологиялық материалмен қапталған тұқым дрон арқылы себіледі. Бұл әдіс көлемді аумақты аз шығынмен көгалдандыруға мүмкіндік бере­ді. Жоба аясында Қорқыт ата атындағы универ­си­тет­пен бірлесе нақты жұмыстар атқа­рылады», деді ол.

Тартылған Арал теңізі әлем­дегі ең ірі экологиялық апаттар­дың бірі ретінде белгілі. Жел көтерілгенде миллиондаған гектардан ұшқан тұз улы шаңға айналады. Кенезесі кепкен теңіз мәселесімен айналысып жүрген экологтердің дерегінше бұл тұздар Арктика мен Гималайға дейін тарап отыр. Оның адам денсаулығынан бөлек азық-түлік қауіпсіздігіне төндіретін қатері тағы бар.

Ауқымды жобаны қолға ал­ған­дар келесі жылы 1 гектар аумақ­­қа тұқым отырғызу жос­парла­нып отырғанын айтады. Сынақ сәтті өтіп, жерсіну көрсеткіші 20 пайыз­дан асса, 2027 жылы 50 гектар жер­ге тұқым себіледі. Жоба құны шамамен 600 мың долларды құрайды.

Дронмен егу тәсілі – АҚШ пен Аустралияда жолға қойылған бас­тама. Бірақ ондағы өсім деңгейі 15-20 пайыздың айналасында. Осыдан да мамандар Калифорния университеті тұқымның топыраққа тереңірек енуін қамтамасыз етіп, аптап ыстықтан, желмен ұшып, құстарға жем болудан қорғайтын технологиясына тоқталып отыр.

Талқылауда былтыр университет жанынан ашылған Арал өңірінің экожүйелерін зерттеу халықаралық орталығының жетекшісі, биология ғылым­да­рының кандидаты Рахат Құрман­баев зерттеу тобы био­лог, эколог, агрономдар, су ша­руашылығы, химия және IT сала­сының мамандарынан жасақталғанын айтты.

«Қазір бір гектар алқаптың күзгі механикаландыру жұмыс­тары дайын. Көктемде осы жұмыс­тарды тағы бір пысықтап, жобаны тестілеуге жұмыламыз. Қазір биологиялық, экологиялық жағынан жан-жақты зерттеліп жатыр. Жер бетінде дәл Арал сияқты кепкен теңіз жоқ. Сондықтан бұл бастамаға америка­лық әріп­тес­­­тердің қызығушылығы өте жо­ға­ры», дейді ғалым.

Университет ғалымдары тә­жіри­­бе­лік учаскеде тестілеуден бөлек елімізде 3000 E-seed контей­нерін өндіру, мониторинг және бақылау бағыттарында жұмыс істейтін болады. Мамандар жоба арқылы 2028–2029 жылдары аймақтың биологиялық алуандығы артып, ұсақ жануарлар мен құстардың көбеюі, ауа ылғалы жоғарылай түседі деген болжам айтады. «E-seed» технологиясын қолдану топырақ құрылымын нығайтып, шаң мен тұз шығарындыларын азайтуға, 2040 жылға қарай кемінде 50 шаршы шақырым аумақта экожүйені тұрақ­тандыруға мүмкіндік бе­­­ре­­ді.

Жоба Аралды құтқарудың халықаралық қорына 2024–2026 жылдар Қазақстан төрағалық ететін кезең шеңберіндегі баста­ма­лармен тығыз байланысты. Осы уақыт аралығында теңіз табаны­ның 1 миллион гектардан астам аумағын көгалдандыру жоспар­ланып отыр.

 

Қызылорда