Осы күні жұрттың көбі жақсылық пен жаңалықты қаладан іздейтін болды ғой. Жадыра бұл байламмен келісе бермейді. Сырдария ауданындағы Шіркейлі ауылында туып, Қызылордадағы Қорқыт ата университетінде оқыды. Сегіз жыл бұрын қалаға келін болып түсіп, жұмысты да шаһардан тапты. Балабақшада, коррекциялық орталықта жұмыс істеді. Жұмысы кідіріп, үйге қамалып қалған пандемия кезінде бір жалақыға ғана сеніп жүре бермеу керектігін түсінгендей болды. Құрт қайнатып, май шайқаған ауылда өскендігі тығырықтан шығарды.
«Сол тұста декреттік демалыста болатынмын. Үйде отырып, той дастарқанына лайықтап тағамдар істеуге кірістім. Алғашқы тұтынушыларым – әлеуметтік желі арқылы жасаған жарнамамен танысқан көршілерім еді», дейді Жадыра.
Кәсібін кеңейту мақсатында қаржылай қолдауға берген өтініші екі жыл қатарынан кері қайтқан кезі де болды. Бірақ тауы шағылған жоқ. «Бизнес бастау» жобасы шеңберінде кәсіпкерлік негіздерін оқытудың онлайн курсын аяқтап, былтыр Жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік гранттарды беру жөніндегі комиссияның шешіміне сәйкес 1 572 800 теңге көлемінде мемлекеттік грант ұтып алды.
Жасаған бизнес жоспары сүт өнімдеріне қатысты еді. Грант қаржысына 55 литрлік электр күбі алды. Жоспармен жұмсалған қаржы сүт тартатын сепаратор, екі бұзаулы сиыр алуға да жетті. Осы күні Жадыра әзірлеген айран, қатықты, сүзбесі мен ірімшігін жұрт таласа алады. Кәсіпкер ағарғаннан ешқандай қалдық қалмайтынын айтады. Ең соңғы сарысуының ішек микрофлорасын жөндеп, өтті дұрыстайтын қасиеті бар.
«Мансап» орталығы қолдау алған кәсіпкерлерді түрлі көрмеден қалдырмайды. Соған барғанда өзі секілді көптеген келіншекпен танысты. Барлығы өзі секілді көпбалалы аналар екен. Мұндай іс-шаралар – тәжірибе алмасып, іс ауқымын кеңейтуге таптырмас мүмкіндік алаңы. Өйткені бизнес бәсекеден ғана тұрмайды. Істі алға ілгерілететін идеялар да осындай кездесулерде туады.
«Жаздың күндері дүкендерге ашытпа, бидай, жүгері көжелерін, өзім дайындаған компотты өткіземін. Елдің осы күні құрамында химиялық қосындысы көп, күмәнді азық-түліктен бас тартып, таза өнімдерге сұранысы көбейіп келе жатқаны байқалады. Соған қуанамын. Өйткені сапалы ас – саулықтың кепілі», дейді кәсіпкер.
Кәсіпте мемлекет қолдауы көп мүмкіндікке жол ашатынының бір дәлелі – осы Жадыраның бастамасы. Мамандығы жөніндегі жұмысты тастап, біржола бизнеске бет бұрды. Ісін жолға қойып, ел экономикасының дамуына өз үлесін қосып отырған жан алда кәсібінің аясын кеңейте түсуді жоспарлап отыр. Ал талпынғанның табысы көп болады.
ҚЫЗЫЛОРДА