Аудандағы 35 мектептің ішінде жаңа форматтағы, кең ауқымды мүмкіндіктермен жабдықталған бұл мектеп білім сапасын арттыруға, қауіпсіз әрі жайлы орта қалыптастыруға бағытталған. Оқу ғимараты ұлттық стандарттарға сай салынып, заманауи пән кабинеттерімен, цифрлық технологиялармен және оқушы қажеттіліктеріне бейімделген кең оқу алаңдарымен қамтамасыз етілген.
Созақ ауданының білім беру жүйесі бүгінде тұрақты даму жолында. Ауданда 3–6 жастағы балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамту 100 пайызға жеткен, мектептердің барлығы интернетпен толық қамтамасыз етілген. Мұндай көрсеткіштерге қол жеткізуде Келешек мектептің ашылуы білім саласындағы жүйелі өзгерістердің нақты көрінісі деуге болады.
Созақ ауданының білім бөлімі басшысы Абай Шәріпбекұлы жаңа мектептің маңызына ерекше тоқталды:
«Келешек мектептері – бұл тек жаңа ғимарат емес. Бұл – болашақ ұрпақтың сапалы білім алуына жасалған стратегиялық қадам. Ы.Алтынсарин атындағы мектеп аудандағы үздік білім ордаларының біріне айналатынына сеніміміз мол. Мұнда балалардың жан-жақты дамуына, заманауи білім алуына барлық жағдай жасалған. Бұл – Мемлекет басшысының білім саласына берген тапсырмаларының Созақ ауданында нақты жүзеге асып отырғанының айқын дәлелі. Қазіргі таңда «Келешек мектептері» жобасының арқасында оқу үлгерімі көрсеткіштерінде оң өзгерістер байқалуда. Оқушылардың пәндік сауаттылығы, зерттеушілік дағдылары, функционалдық оқу көрсеткіштері жыл сайын өсіп келеді. Бұл – жобаның тиімділігінің нақты дәлелі», – деді білім бөлімінің басшысы.
Айта кетейік, 2025-2026 оқу жылында аудан бойынша 15 470 оқушы білім алуда, ал жаңа оқу форматындағы мектептің іске қосылуы оқушы орындарының тапшылығын азайтып, ата-аналар үшін де үлкен қолайлылық туғызды.
Мамандардың айтуынша, Келешек мектеп тек бүгіннің емес, ертеңнің де сұранысына жауап беретін білім ордасы ретінде ауданның білім сапасын жаңа деңгейге көтермек. Бұл мектеп – Созақтың болашағына салынған берік іргетас.