Облыс орталығына іргелес болған соң, ауыл тұрғындарының жағдайы көш ілгері деп ойлайтын едік. Сөйтсек, мұндағы ахуал мүлде басқаша болып шықты. Ауылда халық тұрақтамайды. Байырғы тұрғындардың басым көпшілігі Жезқазған мен Сәтбаев қалаларына көшкен. Жастар жағы шахтада жұмыс істейді. Кейбіреуі ауылдағы үйін сатпай, әлі ұстап отыр. Ертең ауылға газ, су келеді сонда қымбатырақ сатамыз деген үміті бар. Бұл жағдай елді мекенде күтімсіз, қараусыз үйлердің қатарын көбейткен.
Біз көрген екі подъезді екіқабатты үйде сегіз пәтер бар. Төрт пәтердің біреуінде ғана адам тұрады. Ал бос тұрған үйлер кім көрінгеннің мекеніне айналған. Пәтер иелері кооперативі деген жоқ. Екіқабатты үйлерге су және электр энергиясы сырттан келеді. Суды құдықтан тасып ішеді. Бертінге дейін тұрғындар техникалық мақсатқа қолданылатын суды тұтынып келген. 2022 жылдан бастап ауылды сумен қамту жұмысына Жезқазған қалалық сумен жабдықтау кәсіпорны қызмет көрсете бастаған. Ауылдық округтегі су құбырының жалпы ұзындығы тоғыз шақырым, жаңартылу жұмысы биыл аяқталды.
Табиғи ауызсу болмаған соң әкімдік ауыл ішіне су тазалайтын сүзгі орнатқан. Халық жақын арада сапалы ауызсу мәселесі шешіліп қалады деген үмітте. Жетпіс шақырымдағы Есқұла жерасты су қорынан Жезқазғанға тартылатын жаңа құбыр іске қосылса, оған Кеңгір ауылының да су құбыры жалғанады.
Ауылдағы 1973 жылы салынған кәріз жүйесі де тозған. 2013 жылы жаңа кәріз жүйесі тартыла бастаған. Бірақ мердігердің жауапсыздығы салдарынан жоба орта жолдан тоқтап қалған. 2019 жылы бұл нысан қайтадан қолға алынып, бірақ «жарамсыз» деп танылды. Көшенің екі жағына газ құбыры, қасынан су құбыры тартылған. Ортада кейбір істен шыққан құдықтар бар. Сондықтан кәрізді жаңарту оңай болмайын деп тұр.
Бір жақсылығы, биыл Кеңгір ауылына газ тартылды. Газ құбырын салуға республикалық бюджеттен 1 млрд 250 млн теңге бөлінген, 370 млн теңге бөлу жылдың аяғына жоспарланды. Қазіргі уақытта табиғи газды әрбір үй тартып алуға газ сорғысы дайын тұр. «Кеңгір ауылында жалпы ұзындығы 25 316 метр құбыр төселді. Жұмысты мердігер кәсіпорын «Шымкентгаз» ЖШС атқарды. Қазір құжаттары ғана қалды. Енді оларды «Аймақгаз» филиалы өздерінің балансына қабылдап алуы керек. Барлық қауіпсіздік талаптарының сақталуына кепілдік берілген кезде ғана тұрғындар газды қоса алады. Оны қосып беретін алты фирманың қызмет көрсету құны 650 мың теңгеден басталады», дейді Кеңгір ауылының әкімі Рүстем Есмағанбетов.

Ауыл ішінде тоғыз көше бар. 2018 жылы барлық көшеге асфальт төселген. Өкінішке қарай, 2022 жылы су, 2025 жылы газ құбыры тартылуына байланысты біраз көшенің тас жолы бүлінген.
Ауылда балабақша да жоқ. №2 Кеңгір ауылдық мектебінде шағын орталық жұмыс істейді. Ол орталық балабақшаның кезегінде тұрған 190 баланың бәрін бірдей қамти алмайды. Сондықтан ауыл әкімдігі 210 орындық балабақшаның жобалық-сметалық құжаттама жобасын жасаған. Кейін қаламен қосылу мүмкіндігі туғанда отбасы, бала саны көбейетіні ескеріліп, 320 орындыққа ауыстырылған балабақшаның қазір жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленді.
Сондай-ақ 160 орындық денешынықтыру-сауықтыру кешенін салуға жобалық-сметалық құжаттама дайындалды. Бұл жоба «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында жүзеге асырылады.

«Мейірбике болып жұмыс істегеніме 46 жыл болды. Бұрын отбасылық дәрігерлік амбулатория ғимараты жекеменшікке берілді. Иесі сатып жіберген соң Жезқазған қаласының
емханасына ауыстық. Жеті жыл болды әкімшілік өз ғимаратынан тегін бөлме беріп, жұмысымызды жалғастырып жатырмыз. Бір дәрігер, үш медбике бар. Енді жаңа медициналық ғимарат ашылса, нұр үстіне нұр болар еді», дейді Гүлсім Алтаева.
Кеңгір ауылында 25 кереуеттік жаңадан салынып жатқан фельдшерлік-дәрігерлік амбулаторияның құрылыс жұмысы өткен жылдың желтоқсан айында басталды. Мердігер – «Астана Премиум Строй» ЖШС, техникалық қадағалау – «Достар Строй Групп» ЖШС-ға тиесілі. Құрылысқа мемлекетке қайтарылған қаржыдан 248,4 млн теңге бөлінді. Жақында қолданысқа берілетін ФАП ғимаратында денсаулық саласының қызметкерлеріне заманауи емдік құрал-жабдықтар қойылып, қолайлы жағдай жасалған. Енді кадр мәселесін шешудің жолдары қарастырылып жатыр.
Ұлытау облысы