Қоғам • Кеше

Қызылорда әуежайы вьетнамдық компанияның басқаруына берілмейді

0 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қызылорда әуежайы вьетнамдық Sovico Group компаниясының басқаруына берілмейді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев айтты, деп жазады Egemen.kz.

Қызылорда әуежайы вьетнамдық компанияның басқаруына берілмейді

Биыл мамыр айының басында Sovico Group Қазақстандағы әуежайлардың бірін сатып алу немесе басқару мүмкіндігін қарастырып жатқаны хабарланған болатын. Кейін Сыртқы істер вице-министрі әңгіме Қызылорда облысындағы әуежайды басқару жөнінде болғанын нақтылаған. Маусым айында шетелдік компания өз жоспарын кейінге қалдырғаны белгілі болды.

Әкімнің айтуынша, тараптар келісімге келе алмаған.

– Біз Sovico Group компаниясымен келіссөздер жүргіздік, алайда олардың ұсыныстары бізді қанағаттандырмады. Біз өз шарттарымызды айттық, олар өз талаптарын ұсынды. Инвесторлар қосымша субсидиялауды сұрады, бірақ бұл экономикалық тұрғыдан тиімсіз болғандықтан, біз келіскен жоқпыз. Қазіргі уақытта өзге де әлеуетті инвесторлар қарастырылып жатыр. Дегенмен кез келген жоба ең алдымен мемлекет үшін тиімді болуы керек. Қарызы жоқ, тұрақты жұмыс істеп тұрған әуежайды субсидиялау шарттарымен басқа компанияға бере алмаймыз. Бұл жұмыс жалғасады, – деді аймақ басшысы.

Оның сөзінше, қазір әуежай өзін-өзі ақтап отыр, алайда табыс көлемі әзірге жоғары емес. Себебі рейстер саны тікелей сұранысқа байланысты. Қазіргі таңда әуе айлағы аптасына шамамен 29 ұшып-қону рейсіне қызмет көрсетеді.

Соңғы жаңалықтар