Алақандай ауылдың мәдени іс-шараларының ұйытқысына айналатын заманауи үлгідегі бұл нысанның құрылысы өткен жылдың күзінде қалана бастаған. Жалпы аумағы 1 500 шаршы метрді құрайтын ғимараттың талапқа сай бой көтеруіне бюджеттен 1 млрд 25 млн теңге бөлінген.
Сонадайдан көз тартарлық мәдениет үйінде көркемөнер, бокс, шахмат, күрес, басқа да спорттық үйірмелерге арналған арнайы бөлмелер мен кітапхана жасақталған. Онда жүзден астам ауыл баласының өнерін ұштап, биікке самғауына жан-жақты жағдай жасалған. Ғимараттың салтанатты ашылуына облыстық мәслихаттың төрағасы Қуат Байғожаев, аудан әкімі Нұрбақыт Теңізбаев, қоғам қайраткері Бексырға Данышпанов, сондай-ақ өнер жанашырлары мен ауыл тұрғындары қатысты.
«Бұл мәдениет үйі – ауыл руханиятының жаңа ордасы, өнер мен шығармашылықты өркендететін, жас ұрпақтың талантына жол ашатын маңызды нысан. Өйткені ауылда қаладағы сияқты жеке-жеке секциялар ашуға мүмкіндік жоқ. Сондықтан бәрі мәдениет үйіне шоғырланған. Ауданда халық театры жұмыс істейді. Ауылдарға шыққан гастрольдік сапарларда театр өнерін тамашалауға осындай ғимараттың жоқтығы қиындық тудыратын еді. Енді міне, ағайынның мәдени іс-шаралардан шет қалмауына жағдай жасалып отыр», дейді Кеген аудандық мәдениет үйінің директоры Еркебұлан Нұрбайұлы.
Өнерпаздар өнерін ұсынуға қолайлы сахна жасалып, ол заманауи қондырғылармен жабдықталған. Сонымен қатар мамандарға арналған бірнеше қызметтік бөлме бар. Тіпті ашық аспан астында түрлі мәдени шара өткізуге арналған алаң да жабдықталған.
Биыл кереге таулы Кеген ауданында 3 мәдениет үйі пайдалануға берілді. Ал алдағы жылы тағы да қос ғимараттың құрылысын бастау жоспарланған.
Мәдениет үйінің ашылу салтанаты фольклорлық ансамбль мен аудан өнерпаздарының концерт бағдарламасына ұласып, тұрғындардың қуанышын асырды.
Алматы облысы,
Кеген ауданы