Руханият • Бүгін, 08:25

Бойтұмар

10 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

«Нағашыбайдың той жасағысы келді...»
Тынымбай Нұрмағамбетовтің ғаламат бір шығармасы осылай басталады. Жазушы туындыларымен таныс оқырман осы сөйлемнің өзіне-ақ тәп-тәуір кеңкілдеп күліп алар еді. Қараптан-қарап той жасағысы келген Нағашыбайдың бұдан кейінгі әрекеттерінің күлкі шақырарын Тынымбаймен сырлас оқырман оңай аңғарар еді. Бірақ біреуді күлдіре қояйын деп жүрген Нағашыбай бар ма? Әрине, жоқ. Сөйте тұра, қадам басқан сайын еріксіз езу тартқыза беретін кейіпкер қылығы бізді күлдіріп қана қоя ма? Тағы да келісе алмаймыз.

Бойтұмар

Сол Нағашыбай алпыс жыл­ды­ғымды атап өтейін деп Мүсір құрдасына барғанда Мүсе­кең жайбарақат қана: «Алпыс жыл­дығында той жасайтындай сен немене... Бұрын-соңды ел басқа­рып па едің? Нағашыбай деген арбакештің алпыс жылдығына арналған тойымыз бар еді дегенді жұртқа қалай айтамыз?», дейді ғой. Осыдан-ақ ендігі тартылар желінің де әзіл-оспақтан кенде түспейтінін ойлап оқырман көңілі тағы бір көтеріліп қалады.

Нағашыбай ақыры той жасайтын болады-ау бір кезде. Ұлын үйлендірмек. Шапқылап тағы да Мүсірге барады. Құрдасы бұл жолы қарсы бола қоймайды. Той жа­сауына Нағашыбайдан бетер мүдделі болып отырған оқыр­манның да мойнынан жүк түс­кен­дей жеңілдеп қалады. Неме­ресі екеуі сүтке нан турап жеп отырған Мүсір: «Ал не ойланатыны бар, қимылда», деп қалған мезетте Нағашыбай мен Балымды қоя тұрып, өзіңіз-ақ той қамына кірісіп кетуге шақ қаласыз.

Биыл сексенге толған жазушы Тынымбай шығармашылығын оқырман жақсы білсе керек. Бірі «Бөрібайдың тымағын ит алып қашқан қыс» әңгімесін жақсы көреді. Енді бірі «Мешкейді» жоғары бағалайды. «Айқай», «Ауған­дық құстар», «Шал, мая және жел», «Келін», «Атақоныс», қай-қайсысын алайық, сырлы әлем­ге сүйреп жүре беретін сағы­ныш пен махаббатқа мелдек­тете тойғызады. Бірақ менің ұғы­мымда, Тынымбай Нұрма­ғам­бетовтің ерек дүниесі, шығарма­шылығындағы шоқтығы биігі – әлгі арсалаңдап, той жасағысы келіп жүрген Наға­шыбайдың тағдырын баян еткен «Бойтұмар» повесі. Жазушы мұнда әр кейіпкердің болмысын ақ қағазға қара қалам­саппен оймыштағандай қанық суреттейді, солардың өміріне кіріге суреттейді, үстіне төгілдіріп боз плащын, басына қаракөл елтірі бөркін киіп, құнжыңдап «Москвичке» отыра берген Нағашыбайды үрім-бұ­тағымен қосып сіздің жаныңызға дедек­тетіп алып келеді. Не, сіз жөңкіліп отырып Нағашыбайдың ауылынан бір-ақ шығасыз... Қай нұсқа да олқы емес.

– Міндетті түрде жазушының қиялы қосылуы керек. Кейіпкер­лерді қолдан жасауға тура келеді. Сен оны өзіңнің тезіңнен өткізесің. Кейбіреуін қайта жасауың қа­жет. Жалпы, әдебиетте жазушы фанта­зиясының болуы – шарт. Үлкен жазушылардың бәрінде фантазия мықты. Мысалы, Чехов­тің ең мықты «Дала» деген әңгімесінде баланың тағдыры, тіпті біреу айтып берді деген күннің өзінде олай болмайды ғой. Сен детальдарды бәрібір қайта қарайсың. Онда­ғы адамдардың мінез-құлқын ашасың, – деген еді жазушы 2020 жылы бізбен, бір топ жас жазушымен кездесуде.

«Бойтұмарда» әр кейіпкер өз орнында төрт тағандап нық тұр. Болмысы, мінез-құлқы, іс-әрекеті құп жарасқан. Өзінен кейінгі інісі Базылдың алғаш жолға шыққан сәтін, екеуінің кездейсоқ көлік күтіп жатып, сыр бөлісер кезін автор әсерлі етіп әңгімелейді:

«Інісінің сап-салқын денесін кеудесіне қысып отырып, Наға­шы­бай оған тағы да көп нәрсе айтқысы келгендей еді. Бірақ не айтары өзіне де беймағлұм. Әй­теуір інісінің де, өзінің де ет бауы­рын елжіретер сондай бір ұзақ сыр ақ­тарғысы келгенмен, тіліне еш­теңе орала қоймады».

Нағашыбай үнемі солай, әр кез көп нәрсені ағыта айтқысы келіп, бірақ тілі жетпей қала береді. Көңілдегі көрікті ой сыртқа шықса бітті, жан-жаққа бытырап ала жөнелерін біледі де, тілін тістей қалады. Бәлкім дейміз біз оқып отырып, Нағашыбай айтарын батырып айтар адам болғанда, тағдыр жолы басқашалай өрілер ме еді... Қайтпексің... Болмыс қой... Жазушы қанша ұмтылсаң да болмысыңнан, санаңның түк­пірінде өзіңмен бітеқайнасып туған әлдебір рухани-ғаламдық кодтың сенен мәңгі-бақи ажырамай өтеріне сендіреді осы туындысында...

Той алдындағы мәслихат, оны білектерін сыбанып жіберіп Мүсір мен Қансейіттің ұйымдастыруы, ертең тойда қызмет ететін жас жі­гіттердің әрқайсысына міндетте­рін бөлістіріп беруі, бәрі-бәрі ауыл­дың әдемі көңіл күйін, ауыл адамдарының жайсаң міне­зін айшықтайды. Мүсірдің: «Өзі­мізді Нағашыбайдың құл етіп алғанына бір ай болды. Ойға да, қырға да жұмсайды. Тіпті күні кеше самаурынға салатын отын бұтатып қойды. Қайтесің? Мен соған арланбай-ақ, шөкелеп отырып балтамен отын бұтадым» деуі екеуара риясыз достықты, ауыл адамының пейілі тарылмас дарқандығын паш етпей ме? Қансейіт қонақтарды күтіп алатын үйлерді бөле бастайды. Мұның өзі баяғы ауылдың ерекше дәстүрін еске түсіреді. Бұрын ауылдың бір үйіне келген қонақ – бүкіл ауылдың қонағы еді ғой. Қазір расы керек, қалалық болдық, тіпті ауылдардың өзінде даңғарадай мейрамхана бар. Той алдындағы мәслихаттың өзі Нағашыбайдың мәслихатындай қызық өте қоймайды. Шаруа істейік, той иесінің абыройын көтерейік деп екі қолы алдына сыймай, бос жүрген жігіт те жоқ... Қазір туса Мүсір мен Қансейіттер «қызметсіз» қалғандай еді.

Әңгіменің негізгі өзегі қарын­дасы Майсагүл арқылы тартыла­тын желіде жатыр. Ол кішкен­тайынан аурушаң болып өседі де, шешесі жас кезінде таққан бой­тұмарын Майсаштың мойны­на ілген. Сол бойтұмар Май­саш­­­тың мойнынан күндіз де, түн­­­де де түспейді. Тек мектепке ба­рар кезде шешіледі. Сүй­кім­ді қа­рындасы әдепкіде қарсы­лас­қанымен, кейін көндігіп кетеді. Ал бара-бара бойтұмар­ды тү­бегейлі ұмытады. Енді осы ара­да­ғы марқұм шешесінің түске кіріп, Майсагүлдің бойтұмарын сұрауын – жазушының сәтті тапқан тәсілі дер едік. Әрі бұл Тынымбай тақырыптарына тән уытты сарказмға да орайласады. Сонда Нағашыбай құдды тірі адаммен сөйлесіп тұрғандай: «Үйде ғой... Осында... Апа-ау, оны несіне сұрайсыз? Сандықта ма екен, әлде...» деп кібіртіктеп қала­ды. Ақыры Нағашекең бойтұ­марды сандықтан алып, кәстү­мінің төс қалтасына сүңгітеді.

Нағашыбай үш бауырын да өмір жолына өзі шығарып салды. Әрбірінің көздері жәудіреп, ізінен еріп, мұның айтқанынан шықпай жүргені кеше ғана еді. Бәрін де Нағашыбай оқытты. Ел қатарына қосты. Сөйткен бауырлары неге самарқау? Неге алдын ала келіп, ағалап, той қа­мына кіріспейді? Неге мұның қуанышын бөліспейді? Осыны ойлап Нағашыбайдың жаны ауырады. Базекең бас құда болып барып келісімен: «Шаруаны бітірдік» деген кезде, інісі Жалғас: «Кім барғанда да бітетін шаруа емес пе?», деп қалады. Осыдан-ақ ағайындылар арасында әлде­қандай түсініспеушіліктің бар екені оңай аңғарылады. Сүйікті қарындасы Майсаш тойға бірер сағатқа келіп, «шаруаларым бар еді» деп тайып тұрады. Келінді көріп, маңдайынан сүймейді де. Сонда Нағашыбайдың біраз уақыттан бері көңіл сарайында әлпештеп өсіріп келе жатқан, сүйемелдей құрастырып келе жатқан аяулы тілегі күлпарша болып шашылып түседі.

Шығарманың финалында Нағашыбай бойтұмарды қолына қыса ұстап, рельстің ортасына тү­сіп алып Майсагүл мінетін пойызға қарай алып ұшып жүгі­реді. Той кезінде Жалғастың дігерлеуімен бір костюмді шешіп, бір костюмді киіп жүріп тарс есінен шығыпты. Ендігі бар ойы – бойтұмарды Майсаштың қолына ұстату.

1975 жылы Тынымбай Нұрма­ғамбетов жас жазушылардың Бүкілодақтық фестиваліне қаты­сады. Сонда балалар әдебиеті сек­циясы «Қош бол, ата» повесін мақ­тайды. Кейін бұл шығарма Орта­лық комитеттің тиражы
1 жарым миллион болатын «Сме­на» журналында (шығарманы мақ­та­­ған осы журналдың бас редак­­торының орынбасары Альберт Лиханов екен, ол кейін бас ре­дак­тор болады) жарияла­на­ды. Жазушының повесі «Жаңа есім» (Новое имя) айдарымен басылған. Оған Альберт Лиханов алғысөз жазыпты:

«Тынымбай Нұрмағамбетов Алматыда тұрады. «Жазушы» баспасында жұмыс істейді. Ол әдебиетке енді келген адам емес. Алматыда оның үш кітабы жарық көрген. Жас автор Жазушылар одағына қабылданған. «Қош бол, ата» повесі Нұрмағамбетовтің орыс тіліндегі алғашқы жарияланымы. Осылайша, «Смена» белгілі бір мағынада жаңа авторды таныс­тырып отыр.

Ұлттық жазушының дебюті жалпы алғанда күрделі құбылыс. Ал Тынымбай Нұрмағамбетовтің шығармашылық жолының басталуы – соның айқын дәлелі.

«Семинаристер» арасындағы VI Бүкілодақтық жас жазушы­лар жиынында одақ мүшелері болған жоқ және бұл түсінікті де. Көпшілік үшін бұл жиын жазу­шы болудың, оның ішін­де ұйымдық тұрғыдан мойындалу­дың да еңсерілуге тиіс бір меже­сіне айналды. Тынымбай жиын­ға одақ мүшесі ретінде келді. Үш кі­табымен келді. Қазақ тілін­де­гі «Қош бол, ата» повесі бала­лар және жасөспірімдер әде­бие­ті рес­публикалық конкурсын­да бі­рінші орынды жеңіп алған. Ал РСФСР Мемлекеттік сыйлы­ғының және Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты Анато­лий Алексин жетекшілік еткен Мәс­кеудегі жиында, балалар және жасөспірімдер әдебиеті се­ми­нарында, орыс тіліне аударылған бұл шығарма үлкен табыспен өтті. Қазіргі уақытта Нұрмағамбетовтің шығармасы тек қана қазақ әдебиетінің бай­лығы емес, сонымен бірге кеңестік әдебиеттің де байлығына айналуда.

Кеңес мемлекеттері халық­та­ры арасында ұзақ уақыттан бері байланыстырушы көпірге айнал­ған орыс тілі ұлттық автор­дың повесін бүкіл оқырман­ның қазынасына айналдырды. Нұр­мағамбетовтің екінші дебю­тінің мәні де осында. Жас жазушылардың VI жиы­ны­ның ұлы мәні де осында. Жо­ға­рыда айтылғандарға тек Нұр­мағамбетовпен бірге оның аудар­машысы, Мәскеудегі Әдебиет инсти­тутының түлегі Ерлан Саты­балдиевтің тұсауы кесіліп жат­қанын қосып кетуге болады», деп түйіндейді Альберт Лиханов.

Сөйтіп, «Қош бол, ата» повесі «Прощай, ата...» деген атау­­­мен журналдың 1975 жыл­дың мау­сым айындағы №12 са­ны­­на тұтасы­мен басылыпты. Ра­сын­­да бұл – Нұрмағамбетов шы­ғар­­ма­шы­лығындағы өзгеше өріс, тың бұрылыс еді. Жақ­сы пікір, алғаусыз көңіл қанаттан­дыр­ғаннан кейін Лихановқа телефон соғып, Мәскеуде оқудың жайын сөй­леседі. Бір жағынан, «Жазушы» баспасындағы жұмыс­тың біраз титықтатқан кезі. Көп ұзамай бұл мәселе де оңынан шешіліп, 1979 жылы, 34 жасында Мәскеудегі жоғарғы әдеби курсқа оқуға аттанады. Екі жыл оқып келген соң талантты жазушыға «Қазақфильм» құда түседі.

– Ол жақта «штатный сценарийст» деген жұмыс бар екен. Аптасына бірер мәрте ғана ба­расың. Тағы бір жақсы жағы – Ле­нин­градта, тағы басқа қалаларда сценарийстерге, кинематографис­терге арналған семинарлар болады. Былайғы кезде таңертең балалар оқуға кетеді, әйелім жұмысқа кетеді, мен түске дейін жұмыс істеймін. Сөйтіп, «Қазақфильмде» 7-8 жыл істедім. Кейін менің қызметімді коллегия мүшесі деп өзгертті. Кинода қазақ қалай жүріп-тұруы керек, қалай сөйлеуі керек, не киінуі керек, оны ол кезде режиссерлер біле қоймайды. Мені Мұрат Әуезов соған пайдаланды. Киноны алдын ала көрсетіп, мен фильмнің қазақи тұстарына мән беріп, қарап шығамын, – деген еді жазушы бір кездері бізге айтқан әңгімесінде.

Екі жыл оқып келсе, елге 1981 жылы оралды деп пайымдауға негіз бар. Ал біз арқау етіп отыр­ған «Бойтұмар» повесі 1981–1982 жыл­дары жазылыпты. 2006 жылы «Өлке» баспасынан шыққан таң­дамалы шығармаларының 3-томында солай деп көрсетілген. Ен­деше, Мәскеудегі оқудан кейін, оның алдындағы орыстың білік­ті қаламгерлерінің айрықша мақ­тауынан кейін автор бұл туын­дыны («Бойтұмарды») ерекше ықыластанып жазды деп нық сеніммен айта аламыз.

Жазушы осы туындысында қазақ бетпе-бет келген «қалалану» мәселесін жеріне жеткізе сипаттайды. Ауыл адамының қала тұр­мысын көрген жанмен баяғыдай шер тарқатыса алмауы, қызмет буының бауырлар арасындағы ыстық ықыласты суытып кетуі, қуанышты бөлісуге келгенде «алыстағы ағайыннан жақындағы көрші артық» деген тәмсілдің тағы да алға шығуы айқын көрініс табады. Нағашы­бай жастайынан жанына серік болған нәзік сезімдерді сол аялы қалпында сақтап қалған. Бауырлары бұдан көрген мейір-шапағатты ұмытып, адами жайдары ықыласты азып-тоздырған. Енді Нағашыбай қанша тыраштанса да ауаны бөлек бұл екі сезімді бір арнаға тоғыстыра алмақ емес...

Олар Нағашыбай өлгенде де келе алмайды. Жазушының сонда бұл ғаламат туындыны аяқтауы қалай сәтті жүзеге асқан дейсің ерік­сіз бас шайқап: «Әр кездері өмір жолына Нағашыбайдың өзі шығарып салған үш бауыры ғана Нағашыбайды шығарып сала алған жоқ...».

– Кезінде біз Бейімбет кеңес өкіметін дәріптеді деген дүние­лер келеке қылған болып шығып отыр. Кеңес өкіметін барынша келеке қылған жазушы – Бейімбет. Ал енді осы мектепті әрі қарай дамытып, қазақ әдебиетіне жаңа бір бағыт әкелгендердің бірі – Тынымбай. Өйткені Тынымбайды айтып отырып Бейімбетке тоқ­тал­мау мүмкін емес. Бірақ Ты­ным­байды Бейімбетпен бірдей қылып қоюға болмайды. Оның өзінің стилі, өзінің дүниетанымы бар. Тынымбай алғашқы шығар­масының өзінде дәл осындай қалыпта еді. Ол әдебиетке толық қа­лып­тасқан күйінде келді, – дей­ді белгілі жазушы Төлен Әбдік.

Майсаштың мойнына тағыл­май кеткен бойтұмарды біз бүгін әдіптеп, әдейілеп қазақ әдебие­тінің мойнына ілуді жөн көреміз. Себебі Тынымбай Нұрмағамбетов – сөз жоқ, шын мәніндегі қазақ әдебиетінің бойтұмары.

Соңғы жаңалықтар