Отандық авиацияның дамуына үлес қосып жүрген жас мамандар тәжірибелерін жетілдіруді көздепті. Жас инженерлердің бұл талабы ұшқышсыз авиациялық жүйені әзірлеу бағытында тоғысты.
«Шындығын айтқанда, университеттің үшінші курсында ұшқышсыз басқарылатын авиациялық жүйеге бет бұрған едім. Сол кезде алғаш рет ұшқышсыз ұшатын аппаратты көрдім. Университетте мені экранды жоба жасау командасына қосты. Бұл – авиация мен кеме жасауды үйлестіретін бірегей бағыт. Сол кезде мұны елімізде де дамыту керек деген ойға бекіндім. Біз дрон жасау жобасын бір жылдан астам уақыт бұрын бастадық. Нұрсұлтан – аддитивті технология жөніндегі маман. «Нұрсұлтан, менде ұшқышсыз ұшатын аппарат жөнінде жаңа идея бар. Мұны жасау қолымыздан келеді», дедім. Бір жылдан астам уақыт бойы ұшқышсыз авиациялық жүйені жобалаумен, құрастырумен айналысып келеміз», дейді Ә.Мейрамғалиев.
Жігерлі жас инженерлер алда жетістікке қол жеткізерін де, тіпті қателік те болуы мүмкін екенін біледі. Дегенмен ұшқышсыз ұшатын аппарат жасау оңай әрі нәтижелі болатындай көрінген еді. Бірақ алғашқы ұшқышсыз аппартты ұшыру сәтсіз болды. Міне, содан кейін мұндай жобаны барынша дайындықпен қолға алу қажеттігін түсінді.
«Ұшқышсыз аппаратты ұшыру үдерісіне кеңірек талдау жасадық. Қандай қателік жібергенімізді, өзіміз қолданған есептеулерді жазып жүруді қолға алдық. Осылайша, әрбір ұшыру үдерісінен тәжірибе жинақтадық. Осының бәрі құжатталып, қателіктер бойынша өзгерістер енгізе бастадық. Алдымен бұл жобада беріктік сипаттамасын арттыру қажет», дейді Н.Тұрсынов.
Жас инженерлердің айтуынша, қазір олар ұшқышсыз ұшатын аппарат жасауды жетілдіріп келеді. Алғашқы аппаратты жасау жұмысына 1200 сағаттан астам уақыт жұмсалыпты. Бір қызығы, бір жылда ұшыру кезінде бес аппарат жоғалып кетіпті. Алайда әр краш-тесттен құнды тәжірибе жиналды.
«Бір аппаратты жобалауға, құрастыруға күн сайын бірнеше сағатымызды арнаймыз. Түрлі есептеу жүргіземіз. Аппаратты ұшыру кезінде сол еңбегіміз ақталар деп үміттенеміз. Алайда аппаратымыз құлап, не жоғалып кеткенде көңілде аздаған қобалжу болады. Дегенмен біз сәтті дрон жасаудан үмітімізді үзбедік. Қазір дрон жасау технологиясы қарқынды дамып жатыр», дейді Ә.Мейрамғалиев.
Дронды жобалау да, құрастыру да оңай емес. Оған білікті маман қажет. Осы орайда аталған жобаны қолға алған Әмір Мейрамғалиев – ұшқышсыз аппарат жасау жөніндегі жоғары білімді инженер. Ал АҚШ-та жоғары білімін жетілдірген Нұрсұлтан Тұрсынов авиадиспетчер әрі 3D-модельдеу мамандығын меңгерген.
«Біз дрондарда қолданылатын щеткасыз қозғалтқыштарды жасауға әзірлік жүргізудеміз. Оған қоса, фюзеляж бен қанатын өзіміз дайындай аламыз. Қазір пластиктерді қайта өңдеу технологиясын тартуды қолға алдық. Бұл – филаментке айналатын қарапайым пластикалық бөтелкелер. Оны 3D принтерлерге қолданылатын термопластикалық жіп ретінде қолданамыз. Аталған принтерден кейбір бөлшектерді, тораптарды басып шығарамыз», деген пікірімен бөлісті Н.Тұрсынов.
Жоба авторларының пікірінше, кейбір бөлшектер мен материалдар Қытайда өндіріледі. Оны жеткізудің шығыны аз емес. Алайда мемлекет тарапынан қолдау болса, мұндай шығынды барынша азайтуға болады.
«Қазір әлем нарығында қытайлық өнімдер басымдық алып тұр. Мемлекеттің қолдауымен біз бұл мәселеде дербестікке қол жеткізе алар едік. Елімізде микросхемаларды, қозғалтқыштар мен басқа да тетіктерді жасауға қажетті мыс, темір секілді шикізат бар», дейді Ә.Мейрамғалиев.
Олар бұл жобадан коммерциялық табыс табуды көздеп отырған жоқ. Инженерлердің мақсаты – еліміздің дербес ұшқышсыз ұшу аппаратын шығару. Өйткені мұндай аппарат көптеген салаға қажет.
«Біз дрон құрастыруды хобби ретінде қарастырып келдік. Алайда Атырау облысында дәл осындай технологияға сұраныс барын түсіндік. Дронмен Каспий теңізінің жағалауында тұтанатын қамыс өртінің ошағын жедел анықтауға болады. Биік тұрғын үйлер мен өнеркәсіптік ғимараттардағы өртті жедел сөндіруге қажетті арнайы техника жеткіліксіз. Осындай кезде дронмен адамдарды құтқаруға, жоғары қабатқа өрт сөндіргіш заттарды жеткізу мүмкіндігін қарастырып отырмыз», дейді Н.Тұрсынов.
Жоба авторларына қолдау білдіріп отырған инвесторлар қазірше жоқ. Соған қарамастан, олар елімізде дрон шығаратын өндірісті жолға қоюды көздейді. Болашақта оқушыларға роботтехника мен ұшқышсыз аппарат құрастырудың іргетасын үйрететін арнайы мектеп ашпақ ойлары да бар.
«Қосымша табыс туралы айтатын болсақ, біздің 3D-сканерлеу және 3D-модельдеу жөніндегі біліміміз қаржылық тұрғыдан қалыпты өмір сүруге мүмкіндік береді. Біз осы салада белсенді жұмыс істейміз. Өндірісте қолданылатын әртүрлі бөлшектерді қалпына келтіру үшін аддитивті технологияларды қолданамыз. Мысалы, компания бізге үш фазалы электр қозғалтқышының қанатын дайындауға тапсырыс береді. Біз сәйкесінше барлық өлшемді алып, тапсырысты дайындап жатырмыз», дейді Н.Тұрсынов.
Инженерлердің айтуынша, олардың жобасын қолдауға байланысты ұсыныстар бар. Оның ішінде шетелден тиімді шарттармен ұсыныс болыпты.
«Иә, біз қазір-ақ өзіміз үшін жұмыс істеуді бастар едік. Көптеген жастың шетелге кетіп, сол жақта іс бастағанын білеміз. Бәлкім, олардың таңдауы дұрыс шығар. Бірақ біз бұл бағытты елімізде дамытуға шешім қабылдадық. Болашақ инженерлер, техникалық бағыттағы мамандар бастапқы базалық білімді балалар үйірмелерінен алады. Қазір біздің шеберханаға келіп, үйреніп жүрген балалар бар. Олардың қатары аз болғанымен, ынтасы бары қуантады», дейді Ә.Мейрамғалиев.
Әзірге жас инженерлерде ресми патенттелген өнім, не өнеркәсіптік үлгілер жоқ. Алайда бұл бағытта жұмыс жүргізуді қолға алып, авторлық жобаны тіркетуге дайындап жатыр.
Атырау облысы