Сурет: time.kz
Оның айтуынша, осы жылы да бұл жұмыс жалғасады. Мемлекет басшысының биылғы 2 наурыздағы Жарлығымен әзірге 128 аудандық сот судьясы тағайындалды. Нәтижесінде, бос лауазымдар саны 230-ға дейін қысқарды. Бұған қоса 41 кандидат арнайы тексеруді сәтті аяқтап, соттарда тағылымдамадан өтіп жатыр. Оларды тағайындау нәтижесінде бос лауазымдар саны 189-ға дейін азаяды деп күтіліп отыр. Осылайша, сот жүйесіндегі кадрлық жағдай тұрақтала бастады.
– Сот жүйесіндегі басты өзгерістің бірі – бос лауазымдардың қысқаруы. Былтыр кадрмен қамтылу деңгейі 97,5%-дан 131,3%-ға дейін өсті. Бұл сот жүйесінде алғаш рет кадрлық сұраныстың орнын толықтырып қана қоймай, таза өсімге қол жеткізілгенін көрсетті. Кадрлық тұрақтылыққа қол жеткізудің маңызды құралы біліктілік емтиханын реформалау болды. 2024 жылмен салыстырғанда емтихан саны үш есе артып, 12 емтихан өткізілді. Оған 1 365 кандидат қатысты, – дейді Ж.Оспанова.
Кейінгі 5 жылда шамамен 350 судьялық лауазым бос болған. Салдарынан соттардың жүктемесі артқан. Сондықтан тапшылықтың орнын толтыру мақсатында өткізілетін конкурстар саны 2024 жылмен салыстырғанда 3 есе көбейген. Оған қоса былтыр алғаш рет адвокаттар, заң кеңесшілері, нотариустар мен жеке сот орындаушыларына онлайн семинарлар циклі ұйымдастырылыпты. Жалпы, 40 мыңнан аса семинар өткізіліп, оған 13 мыңнан аса заң қауымдастығының өкілдері қатысқан. Бұл судья мамандығына қызығушылық танытқан кандидаттардың артуына ықпал еткен.
– «Судья кадрларының жай-күйі туралы» ұлттық баяндама сот жүйесіндегі кадр саясатының жаңа сапалық деңгейге өткенін айқын көрсетеді. Бүгінде судьялар корпусын жаңарту туралы жұмыс меритократия қағидаты негізінде де жүйелі түрде жалғасып келеді. Аудандық соттарға ұсынылған кандидаттар арасында жұмыс істеп жүрген судьялардың үлесі 31 пайыздан 14 пайызға дейін төмендеді. Бұл – жаңа кәсіби мамандардың келуін, базаның айтарлықтай кеңейгенін көрсетті. Өткен жылдың қорытындысында аудандық соттардың 583 судьясы, жалпы саны 31 пайызы Жоғары сот кеңесі жанындағы Сот төрелігі академиясының түлегі болды. Олардың 65-і аудандық соттарда төраға қызметін атқарып жатыр. Судьялардың кадрлық резерві институты меритократияның тиімді құралы ретінде белсенді қолданылады. Қазір бұған іріктеу жылына екі рет өткізіліп, бірнеше ай ішінде аяқталады. Резервте 149 судья бар. Оның 47-і өзінен жоғары және басшылық лауазымдарға тағайындалды, – дейді Жоғары сот кеңесінің мүшесі Салтанат Жүніспекова.
Сондай-ақ елімізде кассациялық соттар жұмысын бастады. 2025 жылдың 1 шілдесінен Астана қаласында үш дербес өңіраралық кассациялық сот жұмысына кірісті. Спикерлердің айтуынша, Жоғары сот кеңесінің ашықтығын арттыру мақсатында Кеңес төрағасының азаматтарды күнделікті қабылдау тәртібі де енгізілген. Осылайша, өткен жылы 220 азамат қабылдауда болған. Олардың ішінде 56 судья бар. Өтініштердің көпшілігі судьяларды іріктеу механизмін жетілдіру, тәртіптік жауапкершілік мәселелеріне қатысты тіркелген. Бұл – Жоғары сот кеңесінің судья қауымдастығымен, азаматтармен өзара қарым-қатынас орнатылғанын көрсетеді.
Сот жүйесін реформалау сот төрелігінің тиімділігін арттыруға, ашықтықты күшейтуден бөлек, цифрлық технологияларды енгізуге бағытталған. Биыл салада кадрлық үдерісті толық цифрландыруға басымдық беріліп отыр. Адами фактор әсерін төмендетуге негізделген арнайы жүйе биыл шілде айында тәжірибелік пайдалануға енгізіледі деп жоспарланған.