Аймақтар • Бүгін, 08:15

«Күрті – Қонаев» автожолы жаңартылды

20 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Жаңа жыл қарасаңында халықаралық «Орталық – Оңтүстік» көлік дәлізінің «Астана – Қарағанды – Балқаш – Алматы» бағыты бойындағы республикалық маңызы бар «Күрті – Қонаев» автожолын қайта жаңғырту жобасы аясындағы негізгі құрылыс жұмыстары аяқталып, іске қосылды. Ұзындығы 67 шақырымдық учаскеде төрт жолақты жол қозғалысы ашылды.

«Күрті – Қонаев» автожолы жаңартылды

Мамандардың пі­кі­рінше, бұл шешім жолдың өткізу қа­білетін, жолдағы қауіпсіздікті едәуір арттырып, жүру уақытын қысқартады. Сондай-ақ елі­міз­дің ең ірі агломерациясын ор­талық өңірлермен тиімді бай­ланыстыруға мүмкіндік береді. Жоба Еуропалық қайта құру және даму банкінің қаражаты есебінен қаржыландырылды.

Қайта жаңғырту пара­метр­леріне сәйкес, техникалық талаптарды сақтай отырып, төрт жолақты қозға­лыс ұйымдас­тырылды. Жоба шең­бе­рінде төрт көпір құрылысы, бір көлік айрығы, айрық құрамындағы бір жол өткелі, бес бұрылыс алаңы, 61 су өткізу құбыры салынды. Нысан құрылысына 305 маман, 104 бірлік құрылыс техникасы жұмылдырылды.

Жоба тек жол желісін жер­гілікті деңгейде жақсартуды ғана емес, елдің негізгі көлік дәліздерін дамытуға бағытталған жүйелі жұмыстың бір бөлігі ретінде қарастырылады. Салалық операторлар мен өңірлік билік ор­гандарының үйлестірілген іс-қимылы инфрақұрылымдық шешімдерді экономика, логис­тика аймақ тұрғындарының қа­жеттіліктерімен қатар ұш­тастыруға мүмкіндік берді. Күре­жолдың ашылу салтанатында облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев бастаманың маңызын атап өтті.

– Ұзындығы 67 шақырымды құрайтын «Күрті – Қонаев» автомобиль жолы – Алматы облысының көлік ин­фра­құ­рылымын жаңарту жө­ніндегі жүйелі жұмыстың бір бөлігі. Тек биылдың өзінде өңірде облыстық маңызы бар 178 км жол, көше-жол желісінің 473 шақырымы ретке келтірілді. Сондай-ақ «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясымен бірлескен жұмыстың нәтижесінде респуб­ликалық маңызы бар 341 км автожол жөндеуден өтті. Бұл жобалар жол жүру уақытын қысқартуға, қоз­­ғалыс қауіпсіздігін арттыруға, бизнес пен облыс тұрғындарына барынша қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді, – деді әкім.

Сонымен қатар ұлттық оператор Алматы облысындағы респуб­ликалық маңызы бар автожолдарда осы жылы ат­қарылған жөндеу жұмыстарын қорытындылады. Өңірдегі республикалық жол же­лі­сі­нің жалпы ұзындығы 1734 ша­­қырымды құрайды, оның ішінде І санаттағы жолдар – 683 км. Желінің құрамында (ақылы учаскелерді қоса алғанда) цемент-бетон жамылғысы бар 327 км автожол, 134 көпір мен жол өткелі, сондай-ақ жер төсемінің тұрақтылығы мен су бұруды қам­тамасыз ететін шамамен 2 200 су өткізу құбыры пайдаланылады.

– Біз «Орталық – Оңтүстік» дәлізінің негізгі учаскелерін кезең-кезеңімен қазіргі заман талабына сай деңгейге жеткізіп келеміз. «Күрті – Қонаев» бағытында төрт жолақты қозғалыстың ашылуы – көлік шығындарын төмендетіп, логистиканың болжамдылығын арттыратын, сапарды мейлінше қауіпсіз әрі жайлы ететін нақты нәтиже. Алматы облысына бұл жоба өте маңызды. Өйткені бұл жол жолаушы, жүк тасымалы айналымының өсуіне тікелей ықпал етіп, өңірдің транзиттік әлеуетін күшейтеді, – деді «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Дархан Иманашев.

Биыл 341 км автожол жөн­делген. Оның 109 ша­қырымына қайта жаңғырту жұмысы жүр­гізілсе, 1 км жол күрделі жөн­­деуден, 232 км жол орташа жөн­деуден өткен. Бұл басым бағыттарда инфрақұрылымды кешенді жаңартуға, жол же­лісінің пайдалану сипаттамаларын жақсартуға мүмкіндік бе­реді. Қайта жаңғырту аясында «Ұзынағаш – Отар» автожолының 42 шақырымында негізгі жұмыстар аяқталып, көлік қозғалысы ашылды. «Алматы – Бішкек» ав­тожолындағы (25 км, шығыс бағыты) күрделі жөндеу жобасы бойынша «таға» үлгісіндегі көлік айрығының құрылысы жалғасып жатыр. Биыл 54 бұрғылап-құю қадасын қоса алғанда төрт тірек, төрт ростверк, тірек қаңқасы тұр­ғызылды. Жоба 2026 жылы аяқталады.

Бірқатар учаскеде жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу жұмысы жалғасып жатыр. Атап айтқанда, «Алматы – Бішкек» жолының 19-27 шақырым ара­лығын 4 жолақтан 8 жолаққа дейін кеңейту, «Алматы – Талғар – Бәйдібек би» бағытының 13-21 шақырымдарын 4 жолаққа дейін ұлғайту, «Алматы – Өскемен» автожолының 43 шақырымында жерүсті жаяу жүргінші өткелін салу, сондай-ақ «Ақсай – Шонжы – Қалжат» (0-7 км), «Көкпек – Кеген – Түп» (53-68 км) учаскелері жөніндегі жобаларды түрлі дең­гейдегі мемлекеттік сараптамадан өткізу жоспарда бар.

Орташа жөндеуден өткен «Алматы – Бәйтерек – Бәйдібек би» (14-43 км), «Алматы – Шамалған – Ұзынағаш» (20-23 км), «Алматы – Көкпек – Көктал – Қорғас» (187-230 км), сондай-ақ «Жалаңаш – Саты» (18-24 км) учаскелері пайдалануға берілді. Өтпелі нысандардың бірқатарында жол негіздері мен жамылғының төменгі қабаттарына қатысты жұмыстар орындалды, үстіңгі қабаттарды төсеу алдағы жылдың еншісінде.

Сондай-ақ «Алматы – Шелек – Қорғас» ақылы автожолында осы жылы жолдағы ақауларды жою жұмысы кешенді жүзеге асты. Көпір құрылыстарында 101 мың шаршы метр алаңда жабын ауыстырылып, жарықтандыру жүйесін қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы» АҚ алдағы жылы Алматы облысында жол жобаларын жүзеге асыруды одан әрі жалғастырады. Оның ішінде өтпелі учаскелерді аяқтау, қозғалыс қауіпсіздігін, өткізу қабілетін, жайлылықты арттыруға бағытталған инфра­құрылымды одан әрі дамыту көзделген.

 

Алматы облысы 

Соңғы жаңалықтар

Екі дос

Қоғам • Бүгін, 20:35

Шаруашылығы шалқыған күн туар

Шаруашылық • Бүгін, 19:53