Жемқорлық • Бүгін, 09:40

Пара алғыш подполковник тұтылды

30 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Павлодарда қылмыстық-атқару жүйесінің лауазымды тұлғасы сотталушыны ұзақ уақыт бопсалап, ірі көлемде ақша алып келгені әшкере болды. Ал жазасын өтеуші азамат түрме бастығымен көршілес бөлмеде қалағанынша тұрып, тіпті өзге сотталушыларды қонаққа шақырған.

Пара алғыш подполковник тұтылды

Суретті түсірген – Ирина Адылканова

Об­лыстық қылмыстық атқару жүйе­сі департаментінің аса маңыз­ды істер жөніндегі жедел тобының аға жедел уәкілі А.Адришев 2023–2025 жылдары өз қызмет бабын пайдаланып, «№45 мекеме» РММ-де жазасын өтеп жатқан Р.Бексұлтановты бопсалау арқылы қомақты көлемде пара алып отырған.

Павлодар қаласының қылмыс­тық істер жөніндегі ауданаралық соты­ның 2025 жылғы 2 қыркүйектегі шешімінде айтылғандай, сотталушы Р.Бексұлтанов №45 түзеу мекемесінде жазасын өтеу уақытында подполковник А.Адришевтің қырына іліккен. 2023 жылдың басында аға жедел уәкіл түрмеге келіп тексеріс жүргізгенде аталған сотталушының жазаны өтеу режімін бұзғанын анықтайды. Одан соң Р.Бексұлтановты шақырып алып, оны қатаңдатылған режімдегі мекемеге ауыстырамын деп қорқытады. Сөзін «дәлелді етіп» көрсету үшін подполковник тіпті құжат жобасын қолдан жасаған. «Қысқасы басқа мекемеге ауыспаймын десең, төлейсің» деген талап қояды.

«Сот кабинетіндегі» мәлімет­тер­ге сүйенсек, 2024 жылдың шілде айында А.Адришев облыс орта­лығындағы сауда үйлерінің бірінен өзіне және зайыбына жалпы сомасы 165 мың теңге тұратын киім пен парфюм («Creed Absolu Aventus» парфюмі – 40 мың теңге, «Bulgari» парфюмі – 40 мың теңге, «Dolce&Gabanna» брендінің шалбары – 50 мың теңге, «Armani Exchange» жеңсіз жейдесі – 40 мың теңге) сатып алып, оның ақшасын тап сол сәтте телефонмен видеоқоңырау шалып тұрып сотталушыға (ауда­рымды Р.Бексұлтановтың әйелі жасаған) төлеткен.

– А.Адришев жазасын өтеушіге моралдық-психологиялық қысым жасауын одан әрі үдете түсіп, 2024 жылдың қыркүйек айында оған тағы келеді. Павлодар облыс­тық қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің сол кездегі бастығы М.Әшімовтің туған күні екенін айтып, соған жиналу үшін 500 мың теңге керек деп талап етеді. Әрі оны мобильді аударым арқылы туысының есепшотына жіберуді ұсынған, – деп баяндалады сот шешімінде.

Өзінің подполковникке кіріптар болып қалғанын, басқа амалының жоқтығын түсінген Р.Бексұлтанов келесі күні өз әйеліне хабарласу арқылы көрсетілген нөмірге 400 мың теңге, ал тағы бір сотталушының әйелі арқылы 100 мың теңге жөнелт­кен. Сотта А.Адришев бұл ақшаны кейін М.Әшімовке сыйлық ретінде жібергенін, оны сотталушы өз еркімен берді деп айтып ақталған.

Ол ол ма, 2024 жылдың ақпан-шілде аралығында аталған сотталушы А.Адришевке 200 мың теңгеден 1 млн теңгеге дейінгі сомада ақша беріп отырған. Бұл қаражаттарды подполковник келген комиссияға дастарқан жаюға және М.Әшімовтің қажеттілігі үшін жұмсадым деп жауап берген. Алайда ол ақшаның қай кезеңдерде алынғанын және сомаларын білмейтінін айтқан.

Сотталушы Р.Бексұлтанов тұрақ­ты пара беріп тұрудың арқасында мекемеде жаман күнелтпеген. Ол тіпті біраз уақыт мекеме бастығы отыратын бөлменің дәл жанында орналасқан жеке бөлмеде тұрып, өзге сотталушыларды емін-еркін қонаққа шақырып отырған.

– Р.Бексұлтановтың 2025 жылғы 9 қаңтардағы сотқа дейінгі тергеу барысында көрсеткен мәліметтері бойынша, сотталушы 2022 жылдан бастап 2024 жылды қоса алғандағы кезеңде мекеме бастығы К.Койчубаевтың рұқсатымен жедел бөлім бастығының бөлмесін­де тұрған. Сонымен қатар Койчубаев­тың рұқсаты бойынша кір жуа­тын бөлмені мекен етіп, бос уақытында мекеменің спорт залында жаттығып, моншаға барып, әкімшілік корпусының асханасында дастарқан жайып кез келген сотталушыны өзіне қонаққа шақыра алған, – деп жазылған сот кабинетінде.

Сот өңірлік қылмыстық-атқару жүйесінің бұрынғы қызметкері А.Адришевті бопсалау жолымен сотталушыдан пара алып тұр­ғаны үшін кінәлі деп танып, оны 7 жылға бас бостандығынан айыр­ды. Сондай-ақ сот шешімімен «әділет полковнигі» шенінен айрылып, өмір бойына мемлекекеттік қызметпен айналыса алмайды.

 

Павлодар облысы 

Соңғы жаңалықтар

Елден кіндігін үзбеген…

Қоғам • Бүгін, 12:12