Қоғам • Бүгін, 08:23

Қолдау ауқымы кеңейді

0 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ертіс-Баян өңірінде бүгінде мыңнан аса өнеркәсіп кәсіпорны бар. Оларда 80 мыңға жуық адам еңбек етеді. Жұмысшылардың 75%-ы мамандықтарына сай кәсіппен шұғылданады.

Қолдау ауқымы кеңейді

Сурет: kaz.inform.kz

Өңірлік жұмыспен қамту және әлеу­меттік бағдарламаларды үйлестіру бас­қармасының мәліметіне сүйенсек, жыл басынан облыс көлемінде 26,8 мың адам жұмысқа орналастырылған. Оның ішінде тұрақты жұмыс орындарымен – 19,4 мың адам, инфрақұрылымдық жобалар арқылы – 1,2 мың, субсидияланатын жұмыс орындарымен 6,2 мың адам қамтылған.

– Бұлардың басым бөлігі «Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында жүзеге асқан жобалар нәтижесінде мүмкін болғанын айта кеткен жөн. Мәселен, әлеуметтік жұмыс орындарына – 1015, Жастар практикасына – 1302, қоғамдық жұмыстарға – 2714, «Бірінші жұмыс орны» бағдарламасына – 314, «Ұрпақтар келісімшартына» 21 адам тартылды. Негізі маман тапшылығы белгілі бір өңірдегі еңбек нарығына байланысты болып келеді. Осы орайда Павлодар – ірі кәсіпорындар мен үлкен зауыттар шоғырланған облыс болғандықтан, техникалық мамандықтарға қажеттілік әрдайым жоғары. Биыл осы бағыттарға басымдық берілді, – дейді басқарма басшысы Самал Қадырова.

Облыстық білім басқармасының мәліметінше, жалпы техникалық, кәсіптік білімі бар мамандарды даярлауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысы биыл­ғы оқу жылында айтарлықтай ұлғая түскен. 2025–2026 оқу жылына арналған мемлекеттік тапсырысқа 650 нысаналы кадр­лар даярлау орны кіреді. Соның ішінде кейінгі уақытта сұраныс өскен инженерлік сала, өңдеу, құрылыс, қызмет көрсету, бизнес, басқару, құқық, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар салаларына қажеттілік ескерілген.

– Атап айтқанда, инженерлік, өңдеу, құрылыс салаларына – 3045, қызмет көрсетуге – 700, бизнес, басқару және құқыққа – 615, ақпараттық-комму­никациялық технологияларға 515 орын мөлшерінде мемлекеттік білім беру тапсырысы бөлінген. Осы орайда кә­сіпорындардың өтінімдерімен міндетті жұ­мыспен қамтылатын кадрларды нысаналы даярлау енгізілді, – дейді өңірлік білім басқармасының басшысы Әйгерім Әбенова.

Облыста «Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында 50 мыңнан астам адамды қамтыған 60-тан астам іс-шара өткізілген. Жаз мезгілінде 25 колледж базасында облыс мектептерінің оқушыларына арналған кәсіптік бағдарлау лагерьлері жұмыс істесе, жергілікті кәсіпорындар мен шаруа қожалықтарында еңбек еткен жоғары сынып оқушылары мен студенттер саны биыл 12 мыңға жуықтаған. Өңір кәсіпорындарымен бірлесіп өткізілген «MamandyqFest» фестивалі 11 мыңнан астам адамды жинады. 22 колледж әлеуметтік серіктестермен бірлесіп, 48 жаңа мамандыққа қатысты білім бағдарламаларын әзірлеген. Жұмыс­шы мамандықтарының оң имиджін қалыптастыру, жастар арасында беделін арттыру мақсатында «100 жаңа тұлға» жобасы іске қосылды.

Өңір басшылығы жас кадрларды қол­­дау бағдарламаларының ауқымы әрі қарай кеңейтілетінін, өнеркәсіптік кә­сіпорындармен ынтымақтастық күшей­тіле­тінін, жастар арасында жұмысшы ма­мандықтардың беделін арттыру жө­ніндегі жұмыстар жалғаса беретінін айтады.

 

Павлодар облысы 

Соңғы жаңалықтар

Алматыға кіру ақылы бола ма?

Аймақтар • Бүгін, 11:34