Қоғам • Кеше

Астанаға апаратын автобус

30 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Астана мен Павлодар қаласы арасына рейстік арзан автобус жүре бастады. Жолаушылар екі аралыққа небәрі 4 мың теңге төлеп жете алады. Жолда аялдамалар қарастырылмаған.

Астанаға апаратын автобус

Сурет: goldendragonbus.ru

Павлодарлық жолаушылар енді елордаға автобуспен де қатынай алады. Таксимен салыстырғанда жолақы құны 2,5 есе арзан. Ересектерге 4 мың, балаларға 2 мың теңге төлейсіз.

Бұл туралы өңірлік жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары басқар­масы хабарлады. Тұрақты бағыттағы автобус рейсіне «№1 автобус паркі» ЖШС қызмет көрсетеді. «Yutong автобусы жолаушыларды тұрақты тасымал­дайды. Көлікке 49 жолаушы сыяды. Автобус күнде таңертең сағат 7.00-де Павло­дар қаласынан шығады. Сағат 16.00-де Астана қаласынан кері сапарлайды», деп мәлімдеді басқармадан.

Ертіс-Баян өңірінде кейінгі жылдары қоғамдық көлікті жаңарту, тасымал саласына субсидиялауды енгізу нәтижесін беріп, жолаушылар тасымалының сапасы арта бастағаны байқалып отыр. Әсіресе қалалардағы тасымал мәселе­сінде оң өзгеріс мол. Мысалы, Павло­дар қаласында жыл соңында қоғамдық көліктің маршруттық желісін оңтай­ландыру жөнінде бір айға созылған кешенді жұмыс аяқталды. Нәтижесінде 11 маршрут оңтайланып, 2 тиімсіз бағыт жойылды. Қозғалыс сызбаларын түзету көліктік қолжетімділікті, азаматтардың өтініштерін талдау, сондай-ақ нақты жолаушылар ағыны мен маршруттардың жүктелу деңгейін бағалау негізінде жүзеге асырылды.

«Оңтайландыру қорытындыларын назарға ала отырып, жолаушылар өте аз жүретін, қалалық бюджетке елеулі жүктеме түсіріп келген (166 млн теңгеден астам) №5, №6, №17 маршруттар жойылды. Бұл бағыттарда қосымша өзге автобустар мен трамвай маршруттары бар. Бұдан былай қала маңындағы №40, 41, 38, 66 маршруттар теміржол вокзалына дейін жүретін болды. Шешім Теміржол вокзалы ауданындағы дамыған көлік жүйесін ескере отырып қабылданды. Аумақта жолаушылар ағыны 60 мың транзакцияға өскен. Сондай-ақ №66, №40 маршруттар ұзындығының айтар­лықтай қысқаруын ескере отырып, жолау­шылардың бір сағат ішінде тегін ауысып міну қызметі енгізілді. Бір айда 56 591 адам тегін ауысып міну қызме­тін пайдаланған», дейді Павлодар қаласының әкімі Хасар Хабылбеков.

Автобус желісін қайта қарау, тар­тылған автобустар санын 262-ден 252-ге дейін қысқарту есебінен маршруттарға қызмет көрсетуге арналған пайдалану шығындары айтарлықтай төмендеген. Жолаушылар ағынының 10%-ға артуы тіркелген (күніне 169 441-ден 186 814 транзакцияға дейін). Нәтижесінде тасымалдаушыларды субсидиялау көлемін қысқарту есебінен бюджет қаражаты жыл сайын 4 млрд теңге үнемделеді.

 

Павлодар облысы 

Соңғы жаңалықтар

Алматыда қойма өртенді

Оқиға • Бүгін, 09:03