«Xinfa Group» – сингапурлық компания, энергетика, алюминий, химия өнеркәсібі, сондай-ақ экологиялық құрылыс пен аграрлық технологиялар саласында әртараптандырылған портфелі бар әлемдегі ең ірі индустриялық холдингтердің бірі. Компания 1972 жылы құрылған әрі бірнеше негізгі өндірістік бағыттарда жаһандық көшбасшылық позицияларға ие.
Павлодар облысында толық циклді ауқымды өнеркәсіптік парк құру жөніндегі инвестициялық жобаның тұжырымдамасы көмірден, бокситтерден, мыстан, флюорит пен әктастан жоғары қайта бөлу өнімдерін шығару мақсатында шикізатты терең өңдеуді көздейді. Атап айтқанда, алюминий, алюминий мен мыс өндіру бойынша металлургия өндірістерін салу, жаңартылатын энергия көздері базасындағы нысандарды қоса алғанда, энергетикалық инфрақұрылымды қалыптастыру, сондай-ақ сода, көміртекті материалдар мен экологиялық құрылыс шешімдері өндіретін кәсіпорындарды іске қосу жоспарланып жатыр. Инвестициялардың жиынтық көлемі шамамен 15 млрд доллар деңгейінде бағаланады, болашақ индустриялық парктің ауданы – 3 мың гектардан астам.
«Xinfa Group» басқарма төрағасының орынбасары Чжао Тинъюн компания боксит, көмір мен мыс кен орындарын қоса алғанда, еліміздің ресурстық базасына алдын ала талдау жүргізгенін әрі терең өңдеу тізбегін қалыптастыру мен қосылған құны жоғары өнім шығару контекстінде олардың өнеркәсіптік әлеуетін оң бағалайтынын атап өтті.
Роман Скляр Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бағытына сүйене отырып, өнеркәсіптік жаңғыртуды, стратегиялық инвестицияларды тартуды әрі технологиялық индустрияны дамытуды мемлекеттік экономикалық саясаттың негізгі басымдықтары ретінде қарастыратынын айтты. Үкімет халықаралық индустриялық топтармен ұзақмерзімді әріптестік тетіктерін қоса алғанда, ірі инвестициялық жобаларды сүйемелдеу үшін орнықты құқықтық әрі институционалдық база қалыптастырды.
Кездесу қорытындысы бойынша жобаны одан әрі егжей-тегжейлі пысықтауға, индустриялық әріптестікті кеңейтуге әрі ұзақмерзімді инвестициялық ынтымақтастықты нығайтуға мүдделілік расталды.