Мәдениет • 09 Қаңтар, 2026

«Щелкунчик» балеті 40 мың көрермен жинады

20 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қысқы мерекелік маусымда Пётр Чайковскийдің әйгілі «Щелкунчик» балеті еліміздің бірден үш жетекші театрында сахналанып, классикалық өнерге деген көрермен ықыласының әлі де жоғары екенін дәлелдеді. Жаңа жыл қарсаңында ұсынылған 47 қойылымды 40 мыңнан астам көрермен тамашалап, бұл балеттің нағыз қысқы ертегіге айналғанын айғақтады.

«Щелкунчик» балеті 40 мың көрермен жинады

Фото: мәдениет министрлігі баспасөз қызметі

Классикалық сюжет барлық қойылымға ортақ болғанымен, әр театр Чайковскийдің музыкалық мұрасын өзіндік көркемдік шешіммен ұсынды. Сахналық пластика, визуалдық тіл, әртістердің эмоциялық ойыны мен режиссерлік көзқарас әртүрлі болғандықтан, әр көрермен әр қойылымнан бөлек әсер алды.

сурет

«Астана Опера» театрында балетмейстер Юрий Григорович қойған «Щелкунчик» сахналанды. Спектакльдің айрықша салтанаты мен көркемдік қуатын Симон Вирсаладзенің сценографиясы мен костюмдері толықтыра түсті. Ауқымды сахналық шешімдер мен сән-салтанаты жарасқан киімдер көрерменді ертегі әлеміне жетелеп, нағыз театр ғажайыбын сезіндірді. Ал «Астана Балет» театры көрерменге Василий Вайнонен редакциялап, Алтынай Асылмұратова сахналаған «Щелкунчик» нұсқасын ұсынды. Бұл қойылымда бидің жеңілдігі мен қимылдардың айқындығы ерекше байқалады. Ырғақты, нәзік пластикасы жас көрерменге жаңа жылдық шаттық пен көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

сурет

Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының сахнасында «Щелкунчик» – маусымның ең көп күтілетін спектакльдерінің бірі. Ұзақ жылдар бойы репертуардан түспей келе жатқан бұл тарихи балет Вайнонен нұсқасында қойылып, 2015 жылы жаңартылған. Мұнда классикалық дәстүр мен заманауи театрлық шешімдер үйлесім тауып, көркемдік тұтастық қалыптастырады.

Жыл сайын сахнаға оралатын «Щелкунчик» балеті көрерменді классикалық өнердің асыл құндылықтарымен қауыштырып, қысқы мерекенің ажырамас символына айналып келеді.

Соңғы жаңалықтар