Мәселе • Бүгін, 09:03

Шаруаларды алаңдатқан ахуал

20 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Ертіс-Баян өңірінің фермерлері сәбіз экспортына шектеу енгізбеуді сұрап отыр. Сауда және интеграция министрлігі ұсынған шектеу күшіне енсе, көкөніс өсірушілер шығынға ұшыраймыз деп дабыл қақты.

Шаруаларды алаңдатқан ахуал

Сурет: sputnik.kz

Елімізде сәбіз экспортына үш айлық уақытша шектеу ен­гізілуі мүм­кін. Жауапты министр­ліктің мәліметінше, бұл қадам­ның мақсаты – азық-түлік тап­шылығын тудырмай, бағаны тұрақты ұстау.

Алайда Павлодар облы­сының фермерлері сәбізге сұраныс қазірдің өзінде тө­мендеп кеткенін алға тартып отыр. Экспорт шектелсе, онсыз да арзан өнімді өткізу бір басқа, қоймаларда шірітіп алу мәселесі шығып тұр. Ертіс-Баян өңірінде сәбіз өсіретін шаруашылықтар өте көп. Әсіресе Черноярка ал­қабы мен Ақсу қаласының ауыл­дық аумағында картоп пен сәбізге ден қойып, нәпақасын содан айырып отырған фермерлер жүздеп саналады. Жо­ғарыдағы іс-шара жүзеге асса, шаруалардың қолдары бай­ланып, шығынға батуы ықтимал.

«Черноярка» ауылшаруа­шылық өндірістік кооперативінің төрағасы Николай Надедовтің айтуынша, шаруашылықтың қоймасында жиналған тонна-тонна сәбіз үйіліп жатыр. Ал жер­гілікті нарықта алушы жоқ­тың қасы.

«Біздің облыстың шаруалары картопты да, сәбізді де өте көп егеді, аймағымыздың қажеттілігінен анағұрлым көп. Кооперативіміздің өнімдерін жергілікті нарықтан сатып алып жатқандар өте аз. Есе­сіне көршілес елдің бірнеше аймағынан тұрақты сұраныс бар. Ертең шектеу енгізілсе, біздің ала жаздай өсіріп, жиып алған көл-көсір өніміміз өтпей, қоймаларда шіріп кететіні анық. Енді бір айдан кейін қоймалардағы сәбіз бүліне бастайды, себебі өнімнің сақтау мерзімі шектеулі. Ал фермерлердің мойнын­да миллиондаған теңге несие, лизинг бар. Бізге сондықтан өз өнімімізді өткізетін дәліз керек»,  дейді ол.

«Андас» ШҚ басшысы Зей­нолла Сәлменбаев мұндай шек­теуді жиілетсе, ертеңгі күні көк­өніс өсіретін шаруа таппай қаламыз деп мұңын шақты.

«Егер сәбіз экспортына шектеу қойылса, қазір тауарымызды өткізіп отырған нарығымыздан айырыламыз. Біресе сатып, біресе шектеумен жүрсек, Өзбекстан, Қыр­ғызстан елдері се­німсіз серіктес ретінде біздің тауардан бас тартады. Одан кейін ешкім өсір­гісі де келмейді. Мысалы, Чернояркада тек сәбіз ғана егетін шаруашылықтар бар. Олардың күйі не болады?» деп күйінеді тәжірибелі фермер.

Ресми статистикаға сүйенсек, қазір жергілікті қой­малар сәбіздің килограмын небәрі 70-80 теңгеден босатып жатыр. Яғни баға арзан, өнімге тапшылық жоқ. Ендеше, қойма толы сәбіз отандық нарықтағы сұранысты жауып тұрса шектеу енгізудің қандай пайдасы бар? Фермерлер мұндай шектеудің салдары алдағы уақытта сәбіз ал­қаптарын қысқартуға апарып соқтыратынын, ал оның салдарынан өнімнің бағасы қымбаттап кетуі ықтимал екенін айтады.

Өңірлік ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, былтыр облыста 5 мың гектарға сәбіз егіліп, 165 мың тонна өнім алынған. Өткен жыл соңына дейін 8,9 мың тоннасы Өзбекстан мен Ресейге экспортталса, жыл басынан бері біраз бөлігі сатылған. Қазір қоймаларда 64 мың тонна сәбіз бар. Оның тең жартысы тоңазытқыш жабдықтары жоқ қоймаларда сақтаулы. Ол әрі кетсе 1-1,5 ай сақталады. Күн жылына, бірден бұзыла бастайды. Ал наурыз айынан бастап елімізге Өзбекстаннан жаңа өсіп шыққан импорт сәбіз ағыла бастайтынын ескерсек, жергілікті қоймаларда сақталып тұрған мыңдаған тонна сәбізді тез арада сатуға тура келеді.

Мәжіліс депутаты Нұржан Әшімбетов мәселеге Парла­мент назар аударып отырғанын жеткізді. Оның айтуынша, ел қойма­ларында, соның ішінде Павлодар жерінде өнімнің жеткілікті көлемі сақтаулы. Әдет­те артық өнім экс­портқа шыға­рылатын. Бірақ биыл өнімге сұраныс болмай тұр.

«Бұған дейін Сауда және интеграция министрлігі картопқа да шектеу енгізгісі келген. Мәсе­лені Үкімет деңгейінде көтеріп, абырой болғанда ол шешім жүзеге аспады. Ендігі кезек сәбізге тіреліп отыр. Негізі бұл жердегі мәселе жауапты министрліктің «баға өсіп кетсе, оны қалай тежейміз» деген ниетінен туындап отыр. Экспортты шектесек, баға өспейді деген ұсыныс ойға сыймайды. Алайда таяқтың екі ұшы болатыны сияқты, ертең біздің халықаралық экспорт нарығындағы орнымызды көрші елдердің жеткізушілері тартып алатыны сөзсіз. Мәжілістегі Аграрлық мәселелер комитеті отандық азық-түлік қауіпсіздігіне шын мәнінде қауіп төнсе ғана шектеу жасалсын деген талап қойып отыр. Ал ондай қауіп қазір байқалмайды», дейді депутат.

Нұржан Әшімбетов өңір­лерде бағаны ырықтандыру, фермерлер мен дүкендер арасында өнімді тікелей жеткізуді ұйымдастыру жұмыстары әлсіз деген пікірде. Бұл мәселені Мемлекет басшысы айтудай-ақ айтып келеді, алайда облыстарда істелген шаруа мардымсыз. Оның ойынша, бұл мәселені шешу үшін ірі жеткізушілер қалаларда азық өнімдерінің хабтарын, атап айт­қанда, «көтерме-бөлшек сауда орталықтарын» тұрғызуы, ал оның құрылысына Үкімет жеңілдетілген пайызбен қаражат бөлуі керек. Есесіне өңірлер арасында азық-түлік өнімдері бойынша ірі жеткізу жүйелері ұйымдастырылады.

«Азық-түлік бағасының қым­­бат болуына өңірлер ара­сындағы логистиканың дамымай отырғаны себеп. Еліміздің батыс өңірлеріне көбіне импорт көкөніс өнімдері келеді. Ал бағасы Павлодардікінен қымбат. Егер облыстар арасында байланыс орнаса, бұл тұ­тынушыларға да, фермерлерге де аса тиімді болар еді ғой. Фермерлердің арзан өнімін алатын алыпсатарлар қазір ойы­на келген бағасын қоятын болды. Тұтынушы сөресіне дейін ол 3 рет қымбаттайды. Мәселен, ірі жеткізуші қоймадан сәбізді 80 теңгеге алып, оны ұсақ жет­кізушілерге қымбатқа сатады делік. Ал ұсақ компаниялар оған тағы үстеме қосып, дүкендерге жөнелтеді. Дүкендер өз кезегінде пайдасыз қалмауы үшін бағаға өз маржасын қосып жібереді. 80 теңгенің сәбізі дүкендерде 200 теңгеге саудаланып жатыр. Картоп та солай, фермерден 120 теңгеге алынып, 250 теңгеге сатылады. Бұл – Сауда және интеграция министрлігінің тікелей айналысатын жұмысы. Сауда жүйесін реттемей, баға мәселесі шешілмейді. Біз өнім өндірушілермен емес, алыпсатарлармен күресуіміз керек. Мұндай орынсыз әрекеттер арқылы ауыл шаруашылығын орасан зор шығынға батырып, азық-түлік қауіпсіздігіне нұқсан келтіріп отырғанымызды ұғуымыз керек», деп қосты ол.

Қазір бұл мәселеге Сенат депутаты Ернұр Әйткенов кірі­сіп, Үкіметке депутаттық сауал әзірлеп жатыр. Ал Нұржан Әшімбетов алдағы күндері Үкі­метте өтетін ведомствоаралық комиссия отырысына қатысып, кәсіпкерлердің жанайқайын жеткіземін деп уәде етті. Мә­жілістегі аграрлық мәселелер комитеті министрліктің ауыл шаруашылығына қатысты шешімдеріне өз келісімін беруі керек. Егер келіспесе, шешім қабылданбайды.

Атап өтерлігі, Павлодар облы­сындағы тұрақтандыру қоры да сәбіз бойынша алдағы кезеңге жететін қорды қамдап алған.

«Тұрақтандыру қорында 6,6 мың тонна картоп пен 1,5 мың тонна сәбіз бар. Ол өңір тұрғындарының алдағы қажеттілігінің кемі 50 па­йы­зын жабады. Маусымаралық кезеңде немесе нарықта бағаның өсуі кезінде бағаны тұрақтандыру мақсатында көкөніс өнімдері сатыла бастайды. Қазір тұрақтандыру қорынан картоптың килограмы 100 тең­геден, сәбіз 110 теңгеден сатылып жатыр», деп хабарлады «Павлодар» әлеуметтік-кәсіп­керлік корпорациясының басқарма төрағасы Дәурен Жам­байбек.

Көкөніс өсірушілер бұған дейінгі жылдары орын алған жағдайлардан министрліктегілер сабақ алса деп отыр. Себебі шектеу қойылған өнімге келесі жылы тапшылық байқалған кездер болған. Сондықтан бұл мәселе бойын­ша Үкімет оң шешім шы­ғарады деп үміттенеміз.

 

Павлодар облысы

Соңғы жаңалықтар