«Astana Musical» мемлекеттік мюзикл театрының көркемдік жетекшісі Есләм Нұртазиннің режиссерлік сараптауында қойылған спектакльдің басты ерекшелігі – ұлттық музыка мен әлемдік ән мәдениетінің бір сахнада тоғысуы. Қойылымда қазақ эстрадасының алтын қорына енген Шәмші Қалдаяқов пен Ескендір Хасанғалиевтің әндері, аңызға айналған «Дос-Мұқасан» ансамблінің шығармалары, сондай-ақ ХХ ғасыр музыкасына тың серпін әкелген «The Beatles» тобының танымал композициялары орындалды. Айтулы әндер қойылымның драматургиялық желісін байытып, көрерменге ерекше эмоциялық әсер сыйлады.
Либретто авторы – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бақыт Қайырбеков, аудармашы, драматург – Әннас Бағдат. Ал спектакльдің музыкасын жазған – танымал дирижер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Артур Оренбургский.

«Достар серті» мюзиклі еліміздің әр өңірінен келген төрт жас жігіттің өнер жолындағы тағдырын арқау етеді. Консерваторияға оқуға түсу үшін үлкен қалаға жиналған жас талапкерлерді ортақ арман мен музыкаға деген сүйіспеншілік біріктіреді. Қойылымда олардың арасындағы шынайы достық, өмірлік таңдау, кәсіби бәсеке мен адамгершілік құндылықтар сахналық тілмен әсерлі жеткізді. Авторлар арқылы достыққа адалдық, бір-біріне сенім артудың маңызы айқын көрсетілді. 2016 жылдың 16 қазанында өткен премьерасынан бері қойылым театр сахнасынан түспей, тұрақты көрерменін қалыптастырды.
Спектакльдің сахналық безендірілуі мен хореографиялық шешімдері де көрермен назарын аудармай қоймайды. Заманауи сценография, жанды оркестрдің сүйемелдеуі және актерлердің кәсіби ойыны қойылымның көркемдік деңгейін арттыра түсті. Әсіресе жастарға арналған тәрбиелік мәні зор туынды ретінде «Достар серті» бүгінгі күннің өзекті мәселелерімен үндесіп жатыр.

Театр ұжымы мюзиклдің көрерменге рухани серпіліс беріп, өнерге деген қызығушылықты арттыруға бағытталғанын атап өтті. Ал қойылымды тамашалаған көпшілік қауым «Достар сертін» тек музыкалық қойылым ғана емес, рухани әсер сыйлайтын, ой салатын спектакль ретінде қабылдады. Әрбір ән мен сахналық көрініс залдағы көрерменді бейжай қалдырмай, шынайы эмоцияға бөледі.
Айта кету керек, мюзикл жыл бойы «Astana Musical» театрының сахнасында тұрақты түрде қойылады. Өнерсүйер қауым үшін бұл – достықтың қадірін, өнердің құдіретін сезінуге таптырмас мүмкіндік. «Достар серті» мюзиклі әлі талай көрерменнің жүрегінен орын алып, қазақ музыкалық театрының жарқын жетістіктерінің біріне айналары сөзсіз.