Көз ауруын анықтайтын құрылғының прототипі
С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің түлегі, көз зерттеу ғылымдарының PhD (Cardiff University) Мұхит Құлмағанбетов – кванттық оптика әдісін меңгерген сирек ғалымның бірі. Ол ғалымдар тобымен бірлесіп, Гонконгтегі кванттық офтальмология зертханасында көз ауруларын анықтайтын «SLOPE» (Structured Light Observation Perceptionan dEvaluation) құрылғысының прототипін әзірледі. Қазір бұл құрылғы серіктес офтальмологиялық клиникада (Hong Kong Laser Eye Centre), сондай-ақ Гонконг пен Канададағы университеттерде (The Hong Kong Polytechnic University және University of Waterloo) сынақтан өтіп жатыр. «SLOPE» құрылғысын өндіретін «Entoptica Limited» стартапқа Мұхит басшылық етеді.
Кейіпкеріміз Қарағандыдағы дәрігерлер отбасында өмірге келген. Содан ба, ол ғалым болуды бала күнінен армандаған. Талапты өреннің сол арманы бүгінде халықаралық деңгейдегі зерттеулерге ұласты. Кардифф университетінде глаукома бойынша жасаған баяндамасы шетелдік ғалымдардың назарын аударып, профессор Джеймс Морганның тобында білім алды. Оның зерттеулері – көздің торлы қабығы клеткаларының апоптозын алдын ала анықтауға жол ашады. Жасанды интеллект бағдарламалары үшін компьютерлік кодтарды жазу мен зерттеулерін де дәл осы Кардиффте бастаған.
Уэльсте оптикалық жүйелер жасаумен айналысып жүрген Мұхиттың жұмысы Канададағы Уотерлоу университеті ғалымдарының қызығушылығын туғызды. Кванттық фотондарды пайдалану арқылы микроскоп жасауды қолға алған ол Кванттық есептеулер институтының (Institutefor Quantum Computing) физиктері Душан Шаренац пен Дмитрий Пушиннің тобына қосылды. Мұнда инженерия, оптоэлектроника, IT, офтальмология және кванттық физиканы меңгерген Мұхит Құлмағанбетовтің тәжірибесі ерекше бағаланды. Қазір ол зерттеулерін Гонконгта жалғастырып, АҚШ, Ұлыбритания, Канада, Үндістан, Гонконг, Сербия мен Ресейден келген ғалымдармен бірге жұмыс істейді. Бұл топқа канадалық-америкалық профессор, кванттық ғылымдар әлеміндегі беделді институттың басшысы профессор Дэвид Кори жетекшілік етеді. Зертхананың негізгі бөлігі Канадада орналасқан, ал Гонконгта клиникалық зерттеулер жүргізіледі.
Мұхит ғылыми жолында Нобель сыйлығының лауреаттары Донна Стрикланд пен Антон Цайлингермен бірге жұмыс істеді. Профессор Донна Стрикланд зертханаға ара-тұра қатысып, әлемдік лазерлік хирургия мен көзді лазермен емдеу саласындағы жетістіктерімен бөліседі. Физик Антон Цайлингердің Ален Аспе және Джон Ф.Клаузермен кванттық фотондарды зерттеудегі бірлескен жұмысы әлемдік ғылыми да ғалымдар коллаборациясына, адамзат үшін ашылмаған заңдылықты зерттеуге жаңа мүмкіндік туғызып отыр.
Ғылым мен клиника тоғысы
Гонконг зертханасы клиникалық зерттеулерге негізделсе, ал Канада зертханасында физик ғалымдар жұмыс істейді. Қазіргі таңда Мұхит Құлмағанбетов Гонконг-Канада бағытына жиі қатынап, науқастарды қабылдап, кванттық физика мен офтальмология тұрғысынан көз ауруы түрлерін анықтайды. Сонымен қатар 2014 жылдан бері Алматыдағы Көз аурулары ғылыми зерттеу институтында ғылыми қызметкер болып істейді. Сондай-ақ көз ауруын емдеп, науқастарға кеңес береді.
Ғалым «SLOPE» прототипінің көз ауруларының алдын алудағы мүмкіндігінің жоғары екенін айтады. Бұл құрылғының алдағы уақытта елімізге жеткізілуі де мүмкін. Ғалымдар үшін бастысы нарықта табыс табу емес, ғылыми зерттеулердің нәтижесі мен адамзатқа пайдасы. Бұл стартапты әзірлеуге Гонконг үкіметі осы кезге дейін
15 млн доллар жұмсаған, алдағы таңда тағы да қаражат бөлмекші.
Біздің елімізде де көз ауруларының таралуы – өзекті мәселе. Мәселен, глаукома, макулярлы дегенерация, диабеттік ретинопатия секілді аурулардың емі әлі толық табылған жоқ. Миопияның (алыстан көре алмаушылық) прогрессивті түрі де көкейкесті проблемаға айналды. Бүгінде Мұхит Құлмағанбетов бастаған ғалымдар тобы миопияның прогрессивті түрін емдеуге қатысты жоба әзірлеп жатыр. Оның айтуынша, науқастардың 60-70 пайызы атропин, фармакологиялық жолмен емделеді. Әлемде кең таралған миопияны көзілдірік немесе контактілі линза пайдаланып коррекциялауға болады, бірақ асқынған түрлерінде операция да көмектеспеуі мүмкін. Сондықтан ғалымдар фотобиомодуляцияда аз интенсивті қызыл жарықты пайдаланып, миопияның үдеуін тоқтатуға болатынын зерттеу үстінде.
«Елімізде көз ауруларымен күресте бірнеше маңызды бағытқа назар аудару қажет деп санаймын. Ең алдымен, ерте диагностика мен скринингті дамыту аса маңызды. «SLOPE» секілді жаңа технологияларды енгізу арқылы ауруларды бастапқы кезеңде анықтауға мүмкіндік артып, емдеу нәтижелерін жақсартуға болады», дейді ол.
Сонымен қатар офтальмология саласына жасанды интеллект пен кванттық технологияларды енгізу диагностика мен емдеудің сапасын арттыруға септігін тигізеді. Бұл жаңа әдістер дәрігерлердің жұмысын жеңілдетіп, науқастарға заманауи медициналық көмек көрсетуге жол ашады.
Халықаралық тәжірибені пайдалану және шетелдік ғалымдармен бірлескен жобалар жүргізу де ғылымның дамуына үлкен серпін береді. Мұндай ынтымақтастық отандық мамандардың кәсіби деңгейін көтеріп, жаңа білім мен тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді.
«Сондай-ақ ғылымға бөлінетін қаржыны арттыру, акселераторлар мен венчурлық орталықтарды дамыту – жас ғалымдардың елге оралуына және жаңа технологияларды енгізуге ықпал ететін маңызды факторлар. Осы бағыттарда жүйелі жұмыс жүргізілсе, елімізде офтальмология саласының дамуы жаңа деңгейге көтеріледі деп сенемін», дейді Мұхит Құлмағанбетов.
Офтальмология ғылымының әлеуеті жоғары
Елімізде офтальмология саласының дамуы үшін ғылыми зерттеулерге тұрақты қолдау көрсетіп, халықаралық ынтымақтастықты кеңейтіп, жаңа технологияларды енгізу маңызды. Дамыған елдер тәжірибесін қарастырғанда, еліміздегі офтальмология ғылымының әлеуеті жоғары.
Мұхит Құлмағанбетовтің айтуынша, кванттық технологиялары мықты дамып жатқан елдер бар. Дегенмен де оның нәтижесі әлі толық көрсетілген жоқ. Таяу болашақта елімізде де кванттық компьютерлер қолданысы артады. Нәтижесінде, кванттық медицинаны дамытып, магнитті резонансты томографты, елесті бейнеге түсіру (ghostimaging), квантты машинаны оқыту (quantum machinelearning) әдістерін пайдалану арқылы мидың жасушасы дәрежесіндегі томограф жасауға болады. Кванттық технологиялар екі шешімді қатар атқара беретінімен ерекшеленеді. Қолда бар мүмкіндікті пайдаланып, кванттық технологиялар нарығындағы орнымызды анықтау мен кванттық компьютерді ойлап табу қазақ ғалымдарына еш кедергі туғызбайды. Ал оған баратын жол қашық емес. Бұл – болашақтың медицинасы.
Мұхит Құлмағанбетов кванттық офтальмологиядағы жетістіктерімен сұранысқа ие. Ол аэроғарыш медицинасы бойынша NASA ғалымы Тайсон Бранстеттермен бірлесіп, ғарышта алты айдан ұзақ болған ғарышкерлерде пайда болатын нейроокулярлы синдром себебін анықтап, оны тоқтату жолын іздестіру үстінде. Ғарышкерлер алты және одан көп уақытын жер орбитасында өткізетіндіктен, көз түбінде нейроофтальмологиялық синдром, тор қабаттың ар жағында сынықтар пайда болады. Оның көру қабілетіне әсері болмағанымен, салдары жақыннан көре алмаушылыққа соқтырады. Көз аурулары диагностикасында анықталған синдромды емдеудің жолдары енді-енді зерттеліп жатыр. Халықаралық ғарыш стансасына ғарышкерлер денсаулығын зерттеу үшін оптикалық томография және фундус камера жеткізілген. Ғалым осы мақсатта «SLOPE» прототипін де пайдалануға болатынын айтады. Егер стартап нарықта кең таралатын болса, оның адам денсаулығын жақсартуға тигізер пайдасы да зор болмақ.
АЛМАТЫ